Шымкенттің Крейсер көшесінде орналасқан төртінші ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде өткен жексенбінің таңында белгісіз ер адам оқ жаудырды.
Оқ дауысын естіген тұрғындар полиция шақыртады. Белгілі болғандай, аңшылық қарудан оқ жаудырған азамат көпқабатты үйдің тұрғындарының бірі болып шыққан. Ол осылайша өзіне 100 мың теңге берешек көршісінен қарызын қайтаруды талап етіпті.
Күдікті уақытша оқшаулағышқа қамалды. Ол қарыздар азаматты өлтіруге ниетті болмағанын, қорқытып ауаға оқ жаудырғанын алға тартуда. Алайда зардап шегуші тек ғажайыптың күшімен аман қалғанын айтқан.
«Факті бойынша адамды өлтіруге оқталу бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынып, тергеу жүргізілуде», — дейді ОҚО ІІД бапасөз қызметінде.