Қаһарман ерлер халық жүрегінде

27 маусым, 19:40

Бүгін Астана қаласындағы ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Ерлікті ұмытпау – елдікті ұлықтау» атты конференция болып өтті.
Ол Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналды. «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған конференцияға ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығы, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері, жоғары әскери оқу орындарының курсанттары мен С.Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледждің ұландары қатысты.


Алқалы жиынды «Қазақстан ардагерлері қауымдастығының» төрағасы, ауған соғысының ардагері, белгілі қоғам қайраткері Бақытбек Смағұл ашып, жүргізіп отырды.
Қай заманда да халқының бағына туған батырлар болған. «Ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен» зұлмат кезеңде еліне қорған болған да солар. Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаев міне, сондай тағдырлы тұлғалар.
ҚР Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев биылғы жылы осы қос батырдың мерейтойы аясында қандай шаруалардың атқарылғаны туралы қысқаша баяндады.
«Екеуі де бала күндерінде қиындықты көп көрді. Екеуі де өрімдей жас кезінде от кешіп, бірі Берлинді, Гитлердің рейхканцеляриясын алуда ерекеше ерлік көрсетсе, бірі әз жанынан баз кешіп, қарша борап тұрған оққа қарамай Рейхстагтың үстіне Жеңіс туын желбіретті. Қос батырдың майдандағы ерліктері мен соғыстан соңғы өнегелі өмір жолдары қазіргі жастарға үлгі болуға тиіс», — деді Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты, халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетініің мүшесі Болат Керімбек.

Ол сондай-ақ Парламент қабырғасында еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған әскери-патриоттық тәрбие мен аумақтық қорғаныс жөніндегі бірнеше заң жобаларының дайындалып жатқанын хабарлады.
«Atamnyn Amanaty» ҚБ Басқарма төрағасы орынбасары, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері Әбубәкір Смайылов аталған қоғамдық ұйымның сол соғыста хабар-ошарсыз кеткен 271 мыңнан астам боздақтардың тағдырын анықтаумен айналысатынын айтты. Сағадат Нұрмағамбетов Новгород түбінде қаза тапты деген жалғыз дерегі бар туған ағасы Сағиттың қайда жерленгенін өмір бойы іздеп өткен екен. Енді бұл жұмыспен «Atamnyn Amanaty» ұйымының еріктілері айналысуда және үміт те жоқ емес деді ол өз сөзінде.
Аға ұрпақтың даңқты жауынгерлік дәстүрін кейінгі буын да абыроймен алға жалғастырып келеді. Кеңес Армиясының сапында талай сарбаз отты нүктелерде өздерінің Отан алдындағы борыштарын адал атқарды. Бүгінгі конференцияға солардың бірқатары қатысып, сөз сөйледі.
Сонымен қатар, Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаев туралы ғана емес, жалпы отансүйгіштік тақырыбына қалам тартып жүрген бір топ ақын-жазушылар да өздерінің жүрекжаржы лебіздерін білдірді.
Конференция барысында Бақытбек Смағұл «Қазақстан ардагерлері қауымдастығы» кеңесінің шешімі бойынша бір топ азаматтарға қос батырдың құрметіне шығарылған мерекелік төсбелгілерді тапсырып, алдағы еңбектеріне табыс тіледі.
Содан соң жиынға қатысушылар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Нұрлан Нұртазиннің «Сағадат» әнін өнерпаздың орындауында тыңдады.
Конференция жұмысы қорытындылай келе Бақытбек Смағұл «Қазақстан ардагерлері қауымдастығының» ұйымдастыруымен 28-30 маусым күндері Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің спорт кешенінде (Ы.Дүкенұлы көшесі, 23) С.Нұрмағамбетов пен Р.Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған Унифайттан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтетінін хабарлады.

Абзал Ибрагим

26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында ұздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 17:38
Түркістан: Есірткіге қарсы профилактикалық шаралар қарқынды жүріп жатыр
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды
23 шiлде, 11:56
Түркістан: Шардара ауданында профилактикалық іс-шаралар жалғасуда
22 шiлде, 14:26
Түркістан: Жетісай ауданында қауіпсіздік іс-шаралары өтуде