jasqazaq.kz

Керекудегі империялық елес

15 маусым 2017, 17:59


Керекуде туып-өскен дос-курстасым бар. Алғаш Алматыға келгенінде «Қиялымдағы Қазақстан осындай еді» — деп, түсініксіздеу тамсанған. Кейін білдік, оның кіндік қаны тамған Керекуде қазақылық кем екен. Алматыда қала тұрғындарының бір бірімен қазақша сөйлескенін көріп қатты таңданып, қатты ырза болып еді. «Кереку орыстың рухымен тыныстап, орысша демалады» — дейтін жұмбағын сонда түсіндік. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр уақыт өтсе де, Кереку халқы өздерін Ресейдің бір бөлшегі сияқты сезінеді. Тіпті, еліміздің егемендігін мойындамайтындай.

Сөзіміздің дәлелі үшін айтайық, Павлодарда «Бухгольцтың жолдарымен» деп аталатын экспедиция жүр. Оның көздегені не? Алдымен «Бухгольц экспедициясы» деген не? Осы сұрақтың жауабын тауып алайық.

Википедия сайтында «Бухгольц Экспедициясы» туралы мынадай дерек кездеседі. Бухгольц Экспедициясы (1714 — 20), Солтүстік-шығыс Қазақстанның Ертіс өзені бойына Ресейдің әскери бекіністерін салу үшін ұйымдастырылған. Мақсат — қазақ даласын отарлау. 70 зеңбірекпен жарақталған 3 мыңға жуық солдаты бар жасақ Тобыл қаласынан шығып, 1716 жылы Ертіс жағасында Омбы, Ямышев, 1717 жылы Железинск, 1718 жылы Семей, 1720 жылы Коряков (Павлодар), Өскемен бекіністерін салды. Соңынан Үлбі, Верблюжский, Чернорецский, Осморожский, Семиярский, т.б. форпост-қамалдар орнатты. Жоңғарлармен арпалысып жатқан қазақтар Ресейдің бұл басқыншылық әрекеттеріне қарсылық көрсете алмады.

Аталған бекіністер кейін Ресейдің Сарыарқаны, Ертіс бойы мен Алтайды түгел басып алуына қолайлы жағдай туғызған Есіл, Кузнецк, Сібір, қазақтар “Қасірет белдеуі” деп атаған “Ащылыөзек”, т.б. әскери шептердің құрылуына мүмкіндік берді.

Павлодардағы патшалық-кеңестік кезеңді көксейтін топтың бар екені туралы айтылып, жазылып жүр. Сол топ өткен жылы шілде айында Павлодар География үйінің директоры Александр Вервекин мен Ресейдің Орыс географиялық қоғамы Омбы аймақтық бөлімшесінің төрағасы Игорь Вяткиннің өзара келісім жасауы нәтижесінде «Бухгольцтың жолдарымен» атты экспедиция ұйымдастырған. Омбы айлағынан 5 желкенді қайықпен шыққан 35 адам Ертіс өзенімен жүзіп, оларды қолдаушы автожасақ «Омбы-Павлодар» тас жолымен жүріп отырып, Қазақстан Республикасының аумағына бір-ақ кірген.

Экспедицияның басты мақсаты: XVIII ғасырда Ертістің Кереку өңірінде салынған патша бекіністерінің қалдықтарын зерттеу, бұдан дәл 300 жыл бұрын, 1716 жылы И.Д. Бухгольц жасағының жоңғарлардан «қаһармандықпен» қорғанған Ямышев бекінісінің орнында ескерткіш белгі орнату. Бұл – басты мақсаттың бетпердесі ғана сияқты. Түпкі мақсат – қазақтың тәуелсіздігін мойындамау, Керекуді Ресейдің бір қаласы деп сезіну, ұрпаққа солай түсіндіру пиғылы жатыр.
Кеңестік идеялогия қанына сіңіп кеткен өткен ғасырдың жастары – бүгінгі қарттарымыздың ресейшілдігіне түсіністікпен қарауға болады. Алайда тәуелсіздік жылдары мектеп бітірген, егемен Қазақстанның мектептерінде білім алған жастар мен қырыққа толмаған орта буынның ресейге деген империялық пиғылын қалай түсінеміз?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру туралы мақаласының жариялағанына көп бола қойған жоқ. Алайда Кеңестік кезеңді аңсайтындардың елесі ел ішін әлі де кезіп жүр.

Жарас ШӨКЕ

03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке
31 тамыз, 11:07
USAID ақыры жабылды
29 тамыз, 19:32
Шетелден ақша алатын белсенді мен блогерге жайсыз жаңалық
27 тамыз, 12:47
The Guardian: Темірлан Анарбеков «Қайратты» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне алып шықты
27 тамыз, 10:24
Жолдау-2024: «Таза Қазақстан» - кемел келешектің қайнар көзі
26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда