Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!

22 ақпан, 15:50

Отандық БАҚ

Отандық БАҚ дегенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуы тиіс»,  —  деген сөзі еске түседі. Сондай өз көзқарасы бар елдегі басылымның бірі «Алатау арайы» десек, еш қателеспейміз.

Осындай атаумен қоғамдық-саяси газет Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына қоныс аударғаннан кейін жарық көре бастады. Басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде Jas Qazaq «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Кәдірбек Құныпияұлымен әңгіме-дүкен құрды.

Кәдірбек аға, қазақ баспасөзінің қатарына «Алатау Арайы» атты жаңа газеттің қосылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Жаңа басылымның алдында тұрған міндеттер мен қазіргі аяқ алысы қандай?   

— Газетімізді жаңа газет деуге келе қоймас. Тек жаңа атаумен шыға бастағанына бір жылдан асты. Себебін түсіндірейін: «Алатау арайы» — Алатаудың баурайындағы Алматы облысының қоғамдық-саяси газеті. Осы өңірде іргетасы құйылып, жұмысын бастаған әкімшілік-территориялық бірліктің төл баспасөз органы. Демек газет тарихы алғашқы саны «Жетісу ісші халық мұхбірі» деген атпен жарық көрген 1918 жылдың 21 маусымынан бастау алады. Содан бері Алматы облыстық басылымының атауы 9 рет ауысқан екен. Былтырғы жылы өзін ғасырлар тоғысында қалыптастырған «Жетісу» есімін жаңа құрылған (дұрысы қалпына келтірілген) облыс атауына байланысты сол Жетісу облысының басылымына еншілеп берді де, жаңа «Алатау арайы» деген аталыммен шыға бастады. Есім ауыса береді ғой, алайда басылым тарихын өзгерте алмайтынымыз белгілі.

Атымыздың жаңаруы, жаңа қонысқа көшу, әрине, жұмыс барысына әсер етпей қалған жоқ. Облыс көлемінде әлі күнге дейін «Алатау арайы» деген жаңа атауға үйренісе алмай, «Жетісуды» іздейтін оқырмандар аз емес. Бұл өз кезегінде таралым санын өсіруге де белгілі бір мөлшерде кесірін тигізуде.

Десек те, алғашқы қиындықтарды еңсеріп, бүгінде толыққанды басылым ретінде халыққа облыстың қоғамдық-саяси тыныс-тіршілігінен шынайы ақпарат беріп жатырмыз. Газет аптасына 3 рет, сенбі күндері түрлі-түсті бояумен 8 бет болып оқырмандар қолына тиеді. Алда тұрған жоспар мен міндет те аз емес. Уақыттан озып, оларды жалпақ жұртқа жайып салмай, қоя тұрайық…

Бүгінгі заманда, әсіресе, газет шығару білікті журналист тарту, құрал-жабдықпен қамтамасыз ету, оқырманға жеткізу секілді көптеген түйткілдерді шешуді талап етеді. Бұл жағы Сіздерде қалай шешіліп жатыр?

— Білікті журналистер тарту, ұжымды жаңадан қалыптастыру алғашында оңай болған жоқ. Десе де, жаңа қонысқа орныққан облыс орталығының жарқын болашағы мен қуатты әлеуетіне деген нық сенім таяу Алматыдан да, қашықтағы Талдықорғаннан да бірталай мықты маманды жетелеп, Қонаев қаласына әкелгені рас. Халқымыздың ұлы перзенттерінің бірінің есімімен аталатын, Қапшағай көлінің жағасындағы көрікті қалада тұрып еңбек етуге кім қызықпасын? Осы аргумент тіпті бос орындарға кей жағдайларда журналистерді таңдап-талғап қабылдауға да мәжбүр етті.

Шүкір, қазір штатымыз толық. Ұжым түтіні түзу ұшатын бір отбасының мүшесіндей тату-тәтті еңбек етіп жатыр. Материалдық-техникалық базамыз да біртіндеп оң шешімін табуда. Мемлекеттік сатып алу барысындағы осыған дейін көңілге кірбің түсірген кейбір түсініспеушіліктер құрылтайшылар тарапынан жөнге келтіріліп, редакцияның қаржылық ахуалы да жақсаруға бет бұрды.

Көңілімізді алаңдатып отырған басты кілтипан – газетіміздің оқырмандар қолына дер кезінде жетпеуі. Алыс аудандарда тіпті аптасына бір мәрте газет өз адресіне апарылса, қуанатын жағдайға жеттік. «Ауыра-ауыра Құдайдан да ұят болды» демекші, айқайласа-айқайласа пошта қызметкерлерімен де бет көріспес жағдайдамыз. «Қазпоштаның» облыстық филиалының Қонаев қаласына әлі қоныс аудармағаны да бұл мәселені ушықтыра түсуде.

— Бұл мәселе де алдағы уақытта шешімін табар деп сенейік. Алматы облысы өндірісі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған, мәдениеті мен өнері өркендеген айтулы аймақ екені белгілі. Өңірдің тыныс-тіршілігі туралы жазатын тілшілерге қойылар талап та жоғары болса керек. Осы орайда журналистердің біліктілігін арттыру, белгілі тақырыпқа мамандануына да көңіл бөліп отырған шығарсыздар?

— Иә, өзіңіз айтып отырғандай, Алматы облысы — экономикасы сан-салалы, инфрақұрылымы аса күрделі, өндіріс ошағы мол, халқы мейлінше тығыз орналасқан өлке. Бүгінде облыс әкімдігінің басшылығымен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бұрнағы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғарылай түсті. Мәселен, былтыр облыс экономикасына 10,7 пайыз өсіммен 705,3 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Өнеркәсіпте 6 пайыз өсіммен 1 трлн 716,7 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 817,6 млрд теңгеге жеткен. Өсу көрсеткіштері экономиканың барлық салаларында байқалады. Осындай жағдайда облыс тыныс-тіршілігінің күнгейі мен көлеңкесін оқырман қауымға шынайы жеткізу – қалам иелерінің бұлжымас борышы екені белгілі.

Өз қазанымызда қайнай бермей, журналистеріміздің кәсіби білім-біліктілігін кезең-кезеңімен арттырып отыру мәселесі жуырда мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевамен өткен кездесуде көтерілді. Министр бұл мәселені назарда ұстауға, тиісті қадамдар жасауға уәдесін берді.

Журналистерімізді белгілі тақырыптарға маманданып, өзі қаузайтын салалардың жілігін шағып мақала әзірлеу — әрдайым басты назарда. Әр бөлімнің мақсат-міндеттері белгіленген. Жоспары ай бұрын түзіліп, сол бойынша әрекет етеді. Бұл енді қалыптасқан шығармашылық өндіріс тынысының бұлжымайтын атрибуты ғой.

— Басылымның сайты және әлеуметтік желімен жұмыс жайына да тоқтала кетсеңіз.

— Басылымның арнайы сайты жұмыс істейді. Қазір нағыз ізденіс, қалыптасу үстінде. Ақпараттық портал күнделікті болып жатқан маңызды жаңалықтарды беріп отыр. Сайт тізгінін «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда білім алып келген жас журналист Айбек Бейсебаев қолына алған. Сайтпен бірге Фейсбук, Инстаграм сияқты әлеуметтік желілердегі парақшалары да күннен-күнге оқылымды бола түсуде. Газет сайты мен әлеуметтік желілерін жүргізуге үш адам бекітілген. Сайт 24/7 режимімен, яғни күні-түні жұмыс істейді.

— Кейінгі кездері «газет жабылады» дейтін пікір жиі айтыла бастады. Өзіңіз мұнымен келісесіз бе?

— Кеңес үкіметі жылдарында біздің буынның «Москва слезам не верит» деген көркем фильмді таласа тамашалағаны есіңізде шығар. Сол фильмнің бір кейіпкері телеоператор жігіттің айтатыны бар. «Болашақта театр да, кино да, радио да болмайды, тек телевизия ғана әлемге билік жасайды» деп. Әлеуметтік желіге, смартфонға табынушылар да қазір «болашақта кітап, газет құриды» деген күпір болжамның құрсауында. Дамыған әлем елдерінің барлығы да бұл жолдан өткен. Әлеуметтік желінің өткінші сәттік, жалған дүние, өсек пен өтірікті қолданушы құрал ғана екенін бек түсінген. Сөйтіп кітап пен баспасөзге қайта оралған. Баспасөз ешқашан маңызын жоймайды. Бізде де солай болады! Өз басым бұған имандай сенемін. Газет пен кітап санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады