Кәдірбай Медетақынұлы, қолөнерші: Еңбектенген жанның несібесі еселеніп артады

10 мамыр 2023, 15:55

Еңбек адамы

Тігіншілік, қолөнершілік — қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық өнері. Алтын қолды ісмерлер мен ағаштан ою ойып, түйін түйетін шеберлердің дүниесі қашанда бағалы саналады. Айталық, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қаражота ауылының тұрғыны Кәдірбай Медетақынұлының шағын шеберханасынан шыққан ағаш аяқ, домбыра және басқа да заттары еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіледі.

— Шағын кәсіпкерлікті өрістетіп жүрсіз, қандай да бір курс оқып біліктілікті жетілдірдіңіз бе?

— Қолөнершілік ата-бабамыздан дарыған деп ойлаймын. Шапшалда ойма домбыра шауып шұғылдандым. Әкемнің әкесі ерші, етік пішіп тіккен шебер болыпты. Бұл жұмыстың ауырлығы орасан. Шаң жұтып, ағаштың үгіндісіне көміліп жұмыс атқарасың. Шеберханамда станок жоқ. Барлығын қолдан ойып, не шауып жасаймын.Станогы бар шеберге жақсы ғой, материалды аппаратқа қойды, ойып, кесіп, өрнектеп шығарады. Кәсіпкерлікті өрістету үшін қандай да бір біліктілікті арттыру курстарын оқығам жоқ, мүмкін келешекте жүзеге асырармыз. «Атамакен» кәсіпкерлікті қолдау орталығының «Бизнес бастау» курсын, яғни қайтарымсыз грантын келіншегім оқып, сертификатын алды. Қайтарымсыз гранттың қаражатына қажетті құрал-жабдығымызды сатып алдық. Шүкіршілік, екі студент баламызды, екі оқушы қызымызды осы тапқан несібемізбен оқытып, керегін тауып береміз.

— Қолөнер бұйымдарыңызды қандай ағаш түрлерінен жасайсыз, домбыра шапқанға, астау, ағаш аяқ ойғанға қандай ағаш мығым келеді?

— Астау, ағаш аяқ, басқа да ыдыс түрлерін үйеңкі, киізтерек, қарағаш секілді түрлерін қолданамын. Домбыраны көбіне жиде ағашынан ойып жасаймын. Станок жоқ, қуыс шот, ойма шот, балта, балға, ағаш кесетін құрылғым бар. Осыларды пайдаланамын.

— Сіздер жасаған ыдыс-аяқ түрлеріне химиялық қоспасы бар бояу түрлері пайдаланыла ма?

— Дұрыс сұрадыңыз, бояу, лак, басқа да химиялық қоспаларды ыдыс-аяқ түрлеріне пайдаланбаймыз. Ағаш астауға сіңген бояу кейін тамақтың дәміне шауып кетеді. Иістенеді, көгереді дегендей. Біз сыртқы әсемдеуін де қолмен жүргізіп, оюды ойған соң оны лазермен күйдіреміз. Ыдыс-аяғымызды жылқының майымен, ол жоқ болса, сұйық маймен майлап отырамыз. Өйткені жылқының майы ағаштың арасына әбден сіңген соң жылтырап шыға келеді. Ыстық суға жуып, сорғытып аласыз да қолдана бересіз.

— Байқаймыз, қандай бұйымды ойып, шауып жасайды екенсіз. Кейбір шеберлердің арасында ағашты қиыстырып құрап жасайтыны да бар ғой.

Кәдірбек Медетақынұлы: Қолөнершілікті кәсіп етіп шұғылданып келе жатқаныма бес жылдың жүзі өтті ғой. Осы күнге дейін тек бір астауды ғана «сынды» деп қайтарып жіберді тұтынушымыз. Ол Астана қаласының тұрғыны еді. Кейін сынған астауды әкеліп қарасам, бұтақтың көзінен жарылыпты. Шапқанда, ойғанда қалай байқамадым. Аллаға шүкір, одан кейін ешкім шағым айтқан жоқ. Қайта басқа облыс, қалалардан көбейіп жатыр. Бірінен-бірі естиді ғой. Жаңа ыдыс-аяқтарымызды жылқының майымен майлаймыз дедім ғой. Жылқының майы әбден сіңген сайын ағаштың да шыдамдылық қасиеті беки түседі. Көзге де жылтырап тұрады. Жылқының майы сүйекті де жібітіп жіберетін қасиетке ие ғой жалпы. Сұрағыңды түсіндім, «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» дейді, құрама ағаштан астау жасап, домбыра шауып жүрген жандар да бар. Домбыра жарайды, ал енді өз басым ағаш кесені, астауды құрап жасауды құптамаймын. Өйткені ағашты бір-біріне кіріктіру үшін түрлі желім жағылады, басқа да химиялық қоспа қосылады. Ал кейін сұйық зат құйылғанда дәмі шығып кетеді.

— Шеберліктен басқа кәсібіңіз бар ма?

— Тек осы шеберханада жасаған бұйымдарымызды сатып, несібемізді айырып отырмыз. Аллаға шүкіршілік, кейде күніне 20 мың теңгеге дейінгі табыс табамыз. Ата-бабамыздың қанымен дарыған қолөнершілік кәсіпті жалғастырып келеміз. Атамекенге көшіп келгенімізге, елдің ішінде көштен қалмай тіршілік етіп жатқанымызға шүкіршілік дейміз.

 

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет,
Алматы облысы,
Еңбекшіқазақ ауданы,
Қаражота ауылы

30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары
30 қыркүйек, 16:04
Түркістан: Жастарға заңгерлік кеңес берілді
30 қыркүйек, 16:03
Түркістан: Қылмыс пен жаза
30 қыркүйек, 13:20
Түркістан: Полиция жастар мен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді
30 қыркүйек, 12:55
Назерке Тәнекеева: Қолдау бар. Тек тәуекел етіп, кәсіп бастау керек
29 қыркүйек, 22:52
Су үнемдеудің сәтті тәжірибесі
27 қыркүйек, 16:46
Түркістан: Жан-жақты іс-қимыл - мал ұрлығына тосқауыл