Бүгінде алаяқтықтың түрі көбейді. Оңай олжаға кенелгісі келгендер оң-солын танымайтын баладан бастап, сексендегі қарттарды да сан соқтырып жүр. Сондай алданғандардың бірі — Сарыағаш ауданындағы Сәмбет Саттаров ауылының 67 жастағы тұрғыны Жолдас Адаев. Бұл кісі өзін ақымақ еткен адамды тауып, шара көру үшін Мақтарал аудандық ішкі істер басқармасына арызданыпты. Ал, редакциямызға хабарласқандағы мақсаты — өзі секілді өзгелердің де алаяқтардың құрған қақпанына түсіп қалудан сақтандыру екен. Бұл туралы ozgepikir.kz сайты хабарлады.
— Менің арыз жазуыма өзін Мақтарал ауданының тұрғыны Нұрсұлу Қозыбаева деп таныстырған әйелдің алаяқтықпен қомақты ақшамды алып кетуі себеп болды, – дейді Жолдас қария. – Нұрсұлу 30-31-қаңтар күндері телефон арқылы өзінің жалғызбасты болғандықтан күйеу іздеп жүргенін, теңін тапса жар болуға дайын екенін айтты. Телефонымды қайдан алды екен деген қызығушылығыма «жаны ашитын біреулерден» деген жауап естідім. Әйелім дүние салып, жалғыз қалғандықтан оның «кездесіп, сөйлесейік» деген ұсынысымен келістім. Жасы 45-те екен. Жас айырмашылығы әсер етпей ме дегенімде, өзінің де әкесі екінші рет 30 жас кіші әйелге үйлегенін алға тартты.
Ашық сөйлесу үшін мені Жетісай қаласына шақырды. Екеуміз халыққа қызмет көрсету орталығының алдында кездесіп, үйленуге уағдаластық. Бұған сол жерде мені алып барған жүргізуші Мықтыбек куә. Таныстықтан соң телефон арқылы сөйлесіп жүрдік. Бір күні «туысқандары 70 мың теңге қарызы үшін өзін басқа шалға күйеуге бергелі жатқанын, сол қарызды төлесем менімен үйленуге олар да қарсы болмайтынын» жеткізді. Мен келістім. Ақшаны Қызыләскер ауылындағы базарға келіп, алып кетті. 11-ақпанда үйленетін болдық. Бірақ ол 9 ақпанда ағасының жылдық асы берілетінін айтып, үйленуді кейінге қалдыруды сұрады. 13 ақпанда өзін Шымкентке білім жетілдіру курсына жібергенін айтты. «Соған баруға ақша керек, несие алып бер» деген соң Жетісай қаласындағы «Хоум кредит» банкке барып, сол жердегі Венера есімді қызға мені күйеуім деп таныстырды. Банктен лезде 300 мың теңге несие алып, 200 мың теңгесін «болашақ жарымның» қолына ұстаттым. Келесі күні тағы хабарласып, ауылдағы мектепке жұмысқа орналасу үшін директормен де, білім басқармасындағылармен де келісіп қойғандығын, осыған байланысты шұғыл ақша керек екенін жеткізді. Сөйтіп, несиеден қалған 100 мың теңгені ауылға өзі келіп алып кетті. Жетіңкіремей тұр дегесін бір малымды сатып, тағы 87 мың теңгені Шымкентке жолаушы тасымалдайтын «Газель» арқылы беріп жібердім. Ара-арасында жолкіре деді, киім-кешек деді, бас-аяғы менен алған ақшаның көлемі 500 мың теңгеден асып кетті.
Алғашында ештеңе ойламадым, бірақ, кейінгі кездері телефонына соққан қоңырауымды қабылдамайтын болғанда ғана барып көңіліме күдік ұялай бастады. Бірақ, оны қайдан іздерімді де білмедім. Сөйтіп, әлгі банктегі Венераға барып, мән-жайды білдім. Менің Нұрсұлу деп жүргенім Бегайым екен. Сол жерде оған телефон шалып, «күйеуің іздеп келіп тұр» деп еді, телефонды өшіре салды. Оңбай алданғанымды түсіндім. Тіпті, шын аты-жөні кім, қайда тұратынын да білмейді екенмін. Бәлкім, маған дейін де қаншама адамды алдап, сан соқтырып үлгерген де шығар. Әлі де қанша адамды құрған тұзағына іліктіруі мүмкін. Осының алдын алу мақсатында полицияға арыз түсірдім. Мақтарал аудандық ішкі ісер басқармасының қызметкерлері мені алдаған адамға тиісті шара қолданар деген үміттемін.
Бұрынғылар «Орта жолда атың өлмесін, орта жаста қатының өлмесін» деген сөзді бекер айтпаса керек. Ал, қартайған шағында қосағынан айырылу одан да ауыр соққы болары сөзсіз. Әсіресе, ер адамдар үшін. Ұзақ жылдар бірге тұрған кемпірінен айырылып, жалғыздықтан іш құса болып жүрген қарияның кәрілікті бірге өткізер серік іздеп жүргенде алаяққа тап болғаны өкінішті-ақ. Ол әйелдің де қарияның қамкөңіл болып жүрген сәтін пайдаланып кеткенін қарамайсыз ба? «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген осы шығар? Енді Жолдас қария сол әйелге алып берген несиесінің кесірінен зейнетақысын да ала алмай жүр екен. Обал қайда қалды? Қалай болғанда да абай болайықшы, ағайын. Арамызда аңғалдығымызды өз пайдасына жарататындар өріп жүр.