Облыс әкімі Мәлік Мырзалин кезекті жұмыс сапарымен Шортанды ауданында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына назар аударды және алдағы міндеттерді белгіледі.
Облыс әкімі алдымен Научный кентіндегі «А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының ортасында құрылған аталмыш орталықтың ғалымдары шығарған дәнді, бұршақ, майлы дақылдар мен екпе шөптің жүздеген сорттарын бүгінде әлемнің көптеген елдерінің диқандары пайдаланып, игілігін көріп отыр.
Орталық мамандары жергілікті жердің табиғатына, топырақ құнарлылығына, ауа райы жағдайына лайықталған жаңа дақыл сорттарын бағытында жемісті жұмыс жүргізіп келеді. Соңғы бес жылдың ауқымында орталық 17 жаңа дақыл сорттарын дайындаған. Оның 7-уі бидай болса, екеуі арпа, сондай- ақ, күнбағыс, рапс және көп жылдық екпе шөп сорттары да бар. Бүгінде ақмолалық диқандар көп қолданатын «Дамса юбилейный», «Корона» сияқты бидай тұқымдары жоғары өнімділігімен де, сапалылығымен де диқан қауымының көңілінен шығып отыр.
– Жыл сайын орталықта 95 мыңнан астам дақыл үлгілері зерттеледі, 2 мыңнан астам будандастыру жұмыстары жүргізіледі. Әлемнің 59 елінде өсірілетін түрлі дақылдарды жергілікті жерге жерсіндіру, будандастыру арқылы жаңа, өнімді сорт алу бағытында мақсатты жұмыстар атқарылып келеді, – деді орталық директоры Жексенбай Қасқарбаев.
Аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі – «Петровское» акционерлік қоғамы. Бас құрылтайшысы Эрвин Шварц басқаратын акционерлік қоғамның 36,5 мың гектар жері бар. Оның 29,1 мың гектары егістік те, қалғаны жайылымдық жерлер. Өткен жылы шаруашылық диқандары әр гектардан орташа есеппен 11,4 центнерден өнім жинады. Оған қоса, акционерлік қоғам мал шаруашылығымен де айналысады. Қазірдің өзінде шаруашылықта ірі қара, жылқы, шошқа өсірілуде. Шаруашылықтың егістік алқаптарын аралап көрген облыс әкімі көктемгі дала жұмыстарының қарқынына риза болып, оң бағасын берді.
Одан әрі өңір басшысы Шортанды кентінде болды. Мұнда аудан әкімі Гүлнұр Сәдуақасова өңір басшысына Дзержинск көшесінің бойына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы мәслеле көтерді. Ұзындығы 1,5 шақырымнан астам күре жолды күрделі жөндеу үшін 784 миллион теңге қаржы қажет көрінеді. Жақында осы көшемен түйісетін Пушкин көшесінің бойында жөндеу жұмыстары басталмақ. Осы орайда, облыс әкімі бұл мәселені алдағы уақытта зерттеп, зерделеп барып қана бір шешімге келетінін айтты.
Сапарын қорытындылған облыс басшысы Мәлік Мырзалин ауданды көркейту мақсатында әлі де болса едәуір жұмыстар атқару қажеттігіне тоқтала келе, осы бағытта аудан басшылығына кезек күттірмейтін нақты міндеттерді белгілеп берді.