Алматы полициясы аса ірі көлемде алаяқтықпен айналысқан 42 жастағы жігітті ұстады.
Павел Крымов адамдарға өзін «инвестормын» деп таныстырып, сеніміне кіріп отырған. «Іс материалдарына сәйкес, 2014 жылдың соңында П.Крымов интернет арқылы алматылық ер адаммен танысады. Оған өзінің банкротқа ұшырағалы тұрған компанияларға қаржы салып, құтқарып қалатынын айтқан. Осылайша инвестиция салу арқылы тек қана компанияны құтқарып қоймай, жақсы табыс табатынын айтып сендірген. Алматылық жігіт оған 3 мың АҚШ долларын береді. Алайда, алғаш рет Крымов оның ақшасын 7 мың 200 доллар қып қайтарып береді. Осылайша ол әлгі адамның сеніміне кіре бастайды. Біраз уақыт өткен соң Крымов әлгі жігітпен тағы кездесіп, әлі де инвестициямен айналысып жүргенін айтқан. Енді оған «Kvestra World» пен «Atlantik Global» компанияларына ақша салуға кеңес берген. Сөзін дәлелді ету үшін Крымов екі компанияның фото, видеосын, презентациясын көрсеткен. Сөйтіп, ол компанияның 65 мың евро тұратын «Индиго» акциялар пакетін сатып алуға үгіттеген. Крымов ер адамға аталған қаржы айына 322 процент көлемінде табыс әкеледі деп сендірген», — деді ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек. Оның айтуынша, алаяқтың айтқандарына сенген ер адам биыл сәуірде оған 75 мың АҚШ долларын, яғни 24 млн теңгесін ұстатып жіберген. Содан бері Крымов хабарсыз кеткен. Тек бірнеше уақыт өткенде ғана алданғанын сезген алматылық жігіт полицияға арызданды. Аталған дерек ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу ісі реестріне тіркелді. Алматы полициясы Крымовтың әрекетінен жапа шеккен адамдар болса, 8 (727) 254-42-62, 8 (727) 254-43-79, 8-708-383-38-56, 8-778-262-82-48 телефондарына хабарласуды сұрайды.