Осы жұрт жыл сайын ақырап айының ақырғы күнін мереке ретінде тойлауды үрдіске айналдырып алды. Тіпті биыл мерекеде талай адамның жаны да үзіліп, рәмәтлік болды. Оңтүстік Кореядағы қайғылы жағдайды айтып отырмыз. Осы кімге керек өзі? Пандемия бүріп, шеңгелдегелі ешқандай да жалпыхалықтық мереке өткізбей бұйығы болып қалған кәрістер биылғы 31 қазанды асыға күткені сондай, көшеге адам легі лықси шыққан. Ақырында 150-ден астам адам ажал құшты. Христиандардың қолдан жасап алған мерекесі дейтін еді осы хэллоуинді. Кейінгі кезде олар да бұл жалмауыз жаналғыш кейпіне енген мерекеден бойларын аулақ салып, тіпті сол күнді «ажал сәті» деп те айтып, атынан айналып қашып жүр.
Сорақысы сол, соңғы кездері бұл мейрамды да біздің жастарымыз бойына дарытып, санасына сіңіріп барады. Күні кеше президенттік сайлауға түсіп жатқан Карақат Әбден өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында дәп осы хэллоуинге қатысты ойын айтыпты. Оның осы жат мерекеге қатысты пікірі көпшіліктің көкейіндегісін дөп басқандай. «Ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр ұлықталған елдің жастары еліктегіш болмайды. Біз осы жағын күшейтуіміз керек. Дәстүрлі мейрамдарымызды насихаттайық! Қазақтың рухани қазынасын балалардың бойына сіңіруді осы кезден бастайық, достар. Халқымызға жат, жастардың санасын улайтын дүниелерден алшақ болайық», – деді Қарақат ханым. Көпқұдайшылықты насихаттайтын, мұсылмандардың ұғым-түсінігіне, таным-ұстанымына мүлдем кереғар көріністі біз неге сүйегімізден өткізе жұтуымыз керек? Өкінішке қарай, 31 қазанды қадір түнін күткендей күтіп, еміне сағынатындар көбейіп барады. Америкалықтардың артық уақытын қалай өткізерін білмегендей ойлап тапқан мерекесымағын қоғамның санасына сіңіру орынсыз екендігі ертеден айтылып-ақ келеді. Бірақ естір құлақ, тоқтам салар дәрмен-қуат болмай тұр. Жалмауыздың, басқа да түсіңе кірсе шошытатын жағымсыз кейіпкерлердің кейпіне еніп көшеде жұртшылықты шошыту, үрейін алу адамшылықтың белгісі ме, азғындықтың көрінісі ме? Біздің елде әулие Валентин күні дегенге де, осы Хэллоуинге де тосқауыл салып, көгендеуге заңмен ешқандай да тыйым салынбайды. Құзырлы мекемелер сондықтан да еш қайран істей алмай отырмыз дегенді алға тартады. Ал енді қараңыз, көп уақыт өте қойған жоқ, бір-екі жыл бұрын көк туымызды желбіретіп, ауыл-ауылда шеру жасау белең алып, көптің қызу қолдауына ие болды. Сонда қайтті құзырлы орындар? Ел-елді аралап, көк туымызды көлігіне тұтып, болмаса атымен алып жүрушілерді шетінен шөгендеп қойып айыппұл арқалатпады ма? Қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірді дегенді айтып. Ендеше, 31 қазан күні көшеде көпшіліктің үрейін алып, жын-ойнақ кейіпкерлерінің кейпіне еніп, дүбәралықтың дүрмегіне ілескендерге де айыппұл салып, неге шідерлемеске?!
31 қазан күні, атақты спортшымыздың бірі Хэллоуин мерекесін қолдап, көзін бояп, бетіп опалап, басқаның кейпінде қоғамдық орындарды аралаған сәтін әлеуметтік желіге жүктеді. Қазақстан спортында Олимпиада ойындарының алтын медалін екі мәрте жеңіп алған жалғыз спортшы, тау көтерген толағайдың көріксіз кейіпке енген шағын көргендер қандай пікір жазғанын ерінбей қарап шықтық. Басым көпшілігі даңқты спортшының жат қылық жасағанын жақтырмаған. «Одан да спортқа баулысаңшы жастарды» дегенге саяды. Жаны бар пікір.
Әрине, демократиялық қоғамға қарай бағдар түзеуге ұмтылған біздің елде әркімнің жеке құқығына қол сұғуға болмайды. Рас, бұл азамат әлемжелідегі бейнежазбасында ешкімді де «хэллоуинді құрметтейік» деп жалаулатып еліктірмейді. Бірақ өскелең жастар майысқақ шыбық секілді, қалай исең де көнеді. Жас буын қазір кімге еліктейді? Әрине, жылтыраққа билеген әртіс пен әншіге, бар тапқанын масайрап айтатын блогерге, әйгілі споршыларға қарап солықтайды.
Биылғы Хэллоуин мерекесі Оңтүстік Кореяда қасіретпен аяқталды. Ажал құшқандардың арасында жерлесіміз де бар болып шықты. Ақтөбелік ару Сеулдегі сапырылыста қаза тапты. Аман жүрсе, сәуір айында магистратурасын тәмамдағандай екен. Ажал сәті Сеулде өткен сайтанның ойнағында жеткенін көрмейсің бе? Жастарға мұсылмандық ұлық мерекелерді, әз-наурызымызды тойлауға, ұлықтауға ұмтылуына бағыт сілтемесек, жат дүниенің дүрмегі дүрбелеңге ұласатынын көрсетіп берді кәріс еліндегі оқиға.
Қайбір жылы астанадағы мектептердің бірінде мұғалімдер оқушыларға хэллоуинді атап өту үшін арнайы киім киіп келуді бұйырып, онысы ата-аналардың наразылығына ұласып, үлкен дау да болған. Алматыда 31 қазанның түнінде автокөліктің доңғалағын өртеп кеткен жастардың да қылығы елдің есінде. Жат әдеттен қалай аулақ саламыз бойымызды? Әркім өзінен бастап, ата-ана баласын тыйса, желіккен жастар тыз етпе мінезін ауыздықтаса, хэллоуин сияқты ұлтымызға жат мерекелер жалпыхалықтық сипат алмайды.
Қуаныш Рахмет