Қандай да бір оқиғаға байланысты жастар арасында дәстүрге айналып бара жатқан үдерістің бірі — флешмоб. Бұның қазақ тойларына да ене бастағанын байқауға болады. Қызылорда облыстық Сыр бойы газетінде жарық көрген мақалада «Флешмоб деген не?» деген мәселеге мән берілген екен.
Мақала авторы алдымен осы мәселені қаузай отырып, әлгіндей әрекеттерді тойға таңу оғаштау емес пе дегенді оқырманның еншісіне тастайды. «Флешмоб — ағылшын сөзі, қазақша баламасы — «лезде жиналғандар». Көпшіліктің қандайда бір оқиғаға, саяси шешімдерге қоғамдық пікір білдіруінің қарапайым әрі жедел түрі. Бүгінде оны билеу арқылы немесе ән айту түрінде жеткізеді» деп жазады автор. Пайымынша, түп-төркіне қоғамдық пікірді білдіруге негізделген флешмоб қазақ жастарын да еліктіріп отыр. Айтпақшы, қайбір жылы экс-депутат Бақыт Сыздықованың қарағандылық екі студенттің оқудан шығарылғанына наразылығын қоғамдық орынның бірінде жастармен бірге харлем-шейк билеп білдіргені еске салады. «Оны қойшы, қазір бұл дүние жастардың ортасын қойып, қазақ тойына ептеп енуде. Алайда, той бала-шаға мен мен қыз-бозбаланың ғана ортасы емес. Оған жас та, жасамыс та қатысады. Сондықтан болар «тойда асыр салып билеген келіннен қандай ізет, қандай ибалылық күтуге болады?» деген пікір кездесіп жатады. Расымен, кейде бұл нәрсе көзге қораш, болмысқа жат дүниедей көрінеді. Флешмобтың да мәнін мысалға текке келтірген жоқпыз, жоғарыда «көпшіліктің қандайда бір оқиға, саяси шешімдерге қоғамдық пікір білдіруінің жедел әдісі» деген болатынбыз. Сонда дейміз-ау, жас жұбайлар өз тойында қоғамдық пікірін кімге білдіргісі келеді? Жас келін ата-енесіне ме? Күйеу жігіт қайын-жұртына ма? Әйтеуір, мұны заман өзгердіге, сәнге айналған дүниеге балағанмен мардымды жауап таба алмадық».