Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде бүгін 3-миллионыншы қонақ тіркелді. Мәртебелі мейманды ұйымдастырушылар барлық сән-салтанатымен күтіп алды. Ол Ресей азаматы — Юрий Шурыгин!
«Шағын және орта экспортшылардың еуразиялық қауымдастығының» атқарушы директоры Ю. Шурыгин көрменің Мәңгілік ел көшесі жағында орналасқан есіктен кірді. Ол Мәскеуден «Еуразия аптасы» шарасына арнайы келген. Көрменің 3-миллионыншы келушісі «Мұндай сәттілікті күткен жоқпын, әлбетте. Күні кеше ғана «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне кіріп, Қазақстанның павильонын аралаған болатынмын. Бірақ ол жолы Ресейдің павильонын тамашалап үлгере алмай кеттім. Осы себепті көрмеге қайта келген бетім. Мен Қазақстанға осымен төртінші рет келіп отырмын. Маған қазақтың ұлттық тағамдары өте ұнайды», — дейді. Жолы болған мейманды ЭКСПО басшысы Ахметжан Есімов құттықтап, көрменің символы мен планшетті сыйға тартты.Еске сала кетсек, 4 тамызда көрменің 2 миллионыншы қонағы келген болатын. Орал қаласының Ғайса Жұмалиев есімді кәсіпкері көрменің 2 миллионыншы мейманы атанып, оны «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов құттықтаған еді. Ал 1-миллионыншы келуші көрме ашылған сәттен бір айдан кейін келген болатын. Халықаралық мамандандырылған «Астана ЭКСПО- 2017» көрмесінің аяқталуына 16 күн қалды. Ұлттық компания басқарма төрағасы А.Есімов халықаралық павильондарды аралауға кеңес береді. Себебі «Нұр Әлем» және басқа да нысандар қалғанымен, халықаралық павильондар өз жобаларын көрме жабылған соң өз елдеріне алып кетеді. Еліміз үшін тарихи оқиғаның аяқталуына аз уақыт қалғанын түсінген отандастарымыз, шетелдік қонақтар Астанаға ағылуда. Өткен жолы ғана отандық турфирмалар көрме уақытын созу туралы ұсыныс білдірген болатын. Себебі еліміз үшін экономикалық жағынан өсім әкелген тиімді жобаға айналды. Алайда тәртіптің аты тәртіп. Белгіленген уақытында аяқталуы тиіс. Дегенмен әлі жарты ай уақыт бар. Сол себептен бардың қадырын уақытында бағалап, көрмені тамашалап үлгеруіміз керек.