Этнолог әрі тарихшы Тұрар Сәттарқызы ұлттық киімді жөн-жосықсыз киетін келіншектерге түсіндіріп, әлеуметтік желіде жазба арнады.
«Ұлттық киім киюдің өз жөні бар екенін ұмытпайықшы?! Бүгінде тақия трендке айналған. Қуантарлық жағдай! Дегенмен, қатты айтсам, кешіріңіздер, бірақ қазір тақияны күйеуге шыққан, баласы бар келіншектер мен 50-60 жастағы әжелер киіп алған. Әр нәрсенің өз орны бар. Тақияны сарықарын әйелдер емес, бүлдіршін қыздар мен тұрмысқа шықпаған бойжеткен қыздар кигенін ұмытпайықшы!
Қыз киетін тақияны киген апаны жастарымыз қалай апа, әже деп қабылдайды? Екі жақты стандарт болып кетпей ме?
Жастар мұны түсінбейді.
Ау, апалар, әжелер, замандастарым, қанша тақия кисек те енді қыз болмаймыз, қанша көңіліміз жас болса да, ұрпаққа өнегені өзіміз көрсетейік.
Өзіміз тақия киіп жүрсек, түскен келінге “орамал ора” деп қалай айтамыз?
Қазақ қызы, әйелі ешқашан жалаңбас жүрмеген.
Әйел затының әр кезеңіне сай бас киімі болған.
Бүгінде «қыз кисе де, келіншек кисе де бәрібір емес пе, әйтеуір ұлттық киімімізді дәріптесек болды емес пе?»,-деген қасаң пікірлерді жиі естіп жатамын. Қазақ бас киіміне қарап, қай тапқа, қай руға жататындығын және әйел затының тұрмысқа шықпаған қыз, келіншек екенін бірден таныған. Қазақ қызы 3-18 жас аралығында яғни, бойжеткенше үкілі тақия киген.
Бес жасқа толғанда құлағын тесіп, сырға тағып, шашын өріп, шолпы таққан.
Тақия қызыл, алқызыл, күлгін, жасыл түсті барқыт тәрізді матадан сырып тігілген. Құлпырған қыздың ажарын аша түсетін тақия асқан ұқыптылықпен, зерлі тігіспен, басқа да әртүрлі моншақтармен, күміс теңге, маржан тастармен әшекейленген. Үкілі тақия – қазақ қыздары ерекше ұнатып киетін бас киім болған. Ал бойжеткен соң кәмшат бөрік киген»,- деді этнолог.
JQ-Aqparat