
Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмысқа қарсы күрес басқармасы (UNODS) кейінгі жылдары еліткіш заттардың көбейіп жатқанына назар аударды. Есірткі әлемнің түкпір-түкпіріне жайылып, өзінің улы шеңгеліне, әсіресе, жастарды көптеп түсіруде. Сол себепті, осы тажалға қарсы күрес ғаламдық сипат алды.
Қазақстан да ұлттың келешегіне балта шабатын нашақорлықты ауыздықтауға мықтап кірісті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі қылмысы мен оған тәуелді жандардың қатары көбейіп жатқанына алаңдаушылық білдіріп, кеселге қарсы кешенді күресті қамтитын жаңа құжат дайындауды тапсырған болатын. Сөйтіп 2024 жылғы желтоқсан айының соңына таман Президент қол қойған «Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заң» дүниеге келді.
Аталған құжаттың есірткі қылмысының алдын алуға бағытталғанын айта кеткен жөн. Өйткені, тәжірибе көрсеткендей, қуыс-қуысқа тыйым салынған улы затты жасырып кететіндердің басым бөлігі әлі оң-солын танып үлгермеген жастар мен жасөспірімдер. Заң олардың жасы мен жағдайын ескереді. Шалыс қадамға алғаш рет барып отырса, түсіністікпен қарап, жазасын жеңілдетеді. Соңынан қоғамға қайта оралуына ықпал етеді. Сонымен қатар, өткен жылдың соңында ел Үкіметінің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспар да өзге міндеттермен қатар, аталған кеселдің жастар арасында таралуына тосқауыл қоюды көздейді. Бүгінде ішкі істер министрлігі осы Жоспардың орындалуын ойдағыдай жүзеге асырып жатыр.
Есірткі саудасы ежелден трансұлттық сипатқа ие. Сондықтан халықаралық қауымдастық тарапынан қылмыстың осы түріне қарсы жүргізілетін іс-қимылдың маңызы зор. Бұл ретте Қазақстан БҰҰ-ның есірткі заттары жөніндегі Комиссиясының ресми мүшесі екенін атап өткен жөн. Жуырда Бас прокурор Берік Асылов аталған Комиссияның 69-сессиясында сөз сөйлеп, елімізде есірткі қаупіне қарсы күрес барысын баяндады. Атап айтқанда, жолға қойылған үйлестірудің бірегей жүйесінің арқасында құқық қорғау мекемелері аталған қылмыстың қаржылық инфрақұрылымын жоюға қол жеткізді. Мұндай іс-қимыл халықаралық сипат алып, Қазақстан тарапының сұрауы бойынша шетелдердегі банктерде күмәнді 260 мың есепшотқа шектеу қойылды.
Жасырын есірткі зертханаларын жою да ауқымды шаралардың бір бағыты. Тек соңғы бес жылда жергілікті және шетелдік азаматтар ашқан заңсыз 400 зертхана әшкереленді. Бұлардың арасында аса қауіпті синтетикалық есірткі дайындаумен айналысқан астыртын цехтар да бар. Сондай-ақ ұйымдасқан 75 қылмыстық топтың жолы кесілді. Ал заңсыз айналымнан алынған еліткіш заттар 147 тоннадан асты. Былтыр күзде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласында кең ауқымды операция жүргізіп, ел тарихында бұрын-соңды болмаған 13 тонна 183 кило кокаинді қолға түсірді. Операция барысында улы затты Қазақстан арқылы өзге елге жеткізуге тырысқан шетелдік екі азамат құрықталды.
Қазіргі кезде ғаламтор мен медикеңістікте есірткіні жарнамалауға, оны әспеттеуге жол бермеу — көкейкесті міндет. Жуырда Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Айдын Қабдылдинов тұрғындармен кездесуде осылай деп мәлімдеді. Ол алып шаһарда еріктілер және жанашыр азаматтардың көмегімен есірткі жарнамалаған 15 мың граффити жойылғанын хабарлады. Сондай-ақ 2900 сайт бұғатталыпты.
Елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында нашақорлық пен есірткі таратуға қарсы күрес тоқтаусыз жүріп жатыр. Күні кеше Ұлытау өңірінде полиция қызметкерлері «қара нарықтағы» құны 3 млн доллар, ал салмағы 300 килодан асатын мариухананы тәркіледі. Сөйтіп 1 миллион доза есірткінің таралуына жол бермеді.
Талап Тілеген
Фото: okg.kz