Ерасыл Дәулетұлы Болат –19 жасар спортшы. Дзюдодан Қазақстанның спорт шебері. Жасөспірімдер және жастар арасында 6 дүркін ел чемпионы. 2014 жылғы Еуразия ойындарының финалисі. 2015 жылғы Еуропа кубогының күміс жүлдегері. Дзюдодан осы жылы 23 жастағы спортшылар арасындағы турнирдің жүлдегері.
— Ерасыл, сұрақты төтесінен қояйын, биыл Конфедерациялар кубогында дзюдодан Алматы облысы мен Қарағанды облысы арасындағы кездесуде тәжірибелі Ислам Бозбаевтан айлаңды асырып, жеңіске жеттің. Ұтатыныңа өзің сенбеген сияқтысың?
— Иә, әлі сене алмай жүрмін. Бірақ белдесу алдында бас бапкерге жеңетінімді айтқанмын. Ол әдіс қолданбақ болғанда, мен оның алдын орап кеттім. Жалпы мен Ислам мен Максим Раковтан үлгі аламын. Соларға қарап өсіп келе жатырмын. Екеуі де тәжірибелі спортшылар. Бұл жеңісім өзіме деген сенімділікті одан әрі күшейтті.
— Конфедерациялар кубогы биыл екінші рет өтті. Мұндай турнирлер спортшылар үшін таптырмас тәжірибе алаңы ғой.
— Әрине. Көптеген спортшылардың осы сайыста танылуға мүмкіндігі бар. Жалпы біздің елде спортқа деген ынта, ықылас ерекше ғой. Мемлекет бар жағдайды жасап отыр.
— Ерасыл, бәрімізге белгілі, сен спортшылар әулетіненсің. Дәулет Болатұлы – даңқты балуан. Сенің дзюдоны таңдауыңа не түрткі болды?
— Мен бала кезімде гимнастикамен айналыстым(күлді). Бірақ мұны естіген әкем мені дзюдоға алып барды. «Сен балуан болуға тиіссің» дейтін нығарлап. Алғашқыда қатысқым келмей, қашқалақтағаным рас. Дегенмен күн сайын қызығушылығым арта бастады дзюдоға. Маған сәлемдесуінің өзі ерекше ұнайтын. Эстетикасы, татамидегі мәдениеті, қарсыласты құрметтеу – мұның бәрі менің дзюдоға деген махаббатымды оятты. Алғашқыда артық салмақ, тез шаршау сияқты кедергілер көп болды. Қолымды сындырып алдым. Сөйтіп күндер өте берді. Алғаш шетке шыққанымда 10 жаста едім. Талдықорғанда турнир өтті. Жеңімпаз атандым. Он екі жасымда Павлодарда жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатына барып, қола жүлде еншіледім. Спорт шебері атағына ие болдым. Осы жарыстардан кейін менің кәсіпқой спорттағы шеберлігім де шыңдала түсті. Әкемді айтып қалдыңыз. Ол кісі менің жаттығуларымды күнде қадағалап тұрады. Бірге жаттығатын кездеріміз де көп. Ақылын айтып отырады.
— Дәулет Болатұлын бүкіл әлем таниды. Жетістігі, бүкіл өмірі елге үлгі. Арманының бәрі орындалды деп айтуға болатын шығар. Сенің арманыңды білгіміз келеді.
— Әкем 22 жасында Олимпиадаға барыпты. 2020 жылы Токио Олимпиадасы келе жатыр. Мен де сол кезде жиырма екіге толады екенмін. Ұлттық құрамаға еніп, төртжылдықтың басты додасына баруды армандайтынымды несіне жасырайын? Олимпиадаға барғанды армандамайтын спортшы жоқ шығар. Бұл біз үшін бір биік шың іспеттес қой. Жарысқа қатысу бар да, оны ұту бар.
— Өмірде де, спортта саған артылатын жүк өте ауыр. Әке бағындырған белесті бағындыру, оның атына кір келтірмеу дегендей…
— Жанды жерімді дөп басып отырсыз. Менің күндіз-түні ойлайтыным да осы. Сенімді ақтау мен үшін басты қағида болып саналады. Әкем ауылдан шықты, білесіз. Ол кезде қазіргідей жағдай жасалмаған. Шалғай ауылдағы қазақ баласына оқу-жаттығу жиындары түгілі, спорттық киімнің өзі мұң болған. Әкем өзінің жүріп өткен жолы туралы әңгімелегенде маған қатты әсер етті. Тіпті шынымды айтайын, ұялып қалдым.Содан кейін өзіме өзім есеп беріп отыратын болдым. Кейде бір бос жүріп қалған кездерім өзіме жиіркенішті болып кетеді. Қазір бәрі бар ғой. Қайда барып дайындаламын, не киемін демейміз. Осы үшін әкем мен анама алғысым да шексіз. Үйде асқар тауым, спортта қатал да талапшыл қамқоршым.
— Спортшының анасы болу үлкен сын екені белгілі…
— Әрине. Анама да оңай соқпайды. Балам бір жерін мертіктіріп алмаса екен деп отыратын болар. Үйге аман-есен жеткенше уайымға салынады.
— Сені Жапонияға оқуға аттандырғанда үйде тақымдарын қысып қалған шығар?
— Иә. Жапонияға барып оқығаным үлкен өмір мектебі іспеттес еді. Алғаш барғанымда ол жақтың тұрмыс салтына, халқының мінез-құлқына үйренісе алмай жүрдім. Жапонияда дзюдо спорты ұлттық болып саналады. Қазақстаннан келген мені шеттету олар үшін бір абыройлы міндет сияқты. Алайда қиындықтың бәріне төзіп, бір жыл оқыдым.
— Тіл жағы қалай болды. Жапон тілін үйреніп алдың ба?
— Үйрендім. Онсыз болмас еді. Өйткені тек жапон тілінде сөйлесесің. Ағылшын тілін анда-санда пайдаланып қоямын. Қазақстанмен тек SMS және интернет желісі арқылы байланысып жүрдім. Бір жыл бойы қазақша сөйлемедім. Жалғыз өзім. Тіпті қазақ тілін ұмытуға айналдым. Сондай да қызықтар болды.
— Бірақ өмірлік сабақ болған шығар?
— Оныңыз рас. Дзюдоны да жақсылап меңгердім, өзге елдің өмір сүру ұстанымын танып, білдім.
— Дзюдодан бөлек, қазақ күресіне қатысатыныңды білеміз. Осы жайлы әңгімелесең…
— Былай алып қарағанда, екі спорт түрі сәл ұқсастау. Қазақ күресінде физикалық әлеуетің зор болу керек. Дзюдодан айла-амалға көбірек көңіл бөлінеді. Өткен жылы «Қазақстан барысы» турнирінің Алматыдағы іріктеуіне қатыстым. Нәтижем өзіме ұнады. Алдағы уақытта әлі де бағымды сынаймын.
— Қайсысы жақын өзіңе?
— Дзюдобалакезденбастап, өмірімніңбөлінбесбөлшегінеайналды. Сол себепті мен оны бірінші орынға қоямын. Қазақ күресі ұлттық болмысымызға жақын.
— Ерасыл, сендей «қазағым» деп тұратын жігіттер көп болсын!
Сұхбаттасқан
Мадияр Арыстанбаев