Елімізде «Құлагер» әдеби байқауы жарияланды

19 қантар, 21:04

Биыл қыркүйек айында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында еліміздің Ұлттық спорт қауымдастығы мен Жазушылар одағы бірлесе отырып қаламгерлер арасында «Құлагер» республикалық әдеби байқауын жариялады.

Байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық спортты насихаттау және қаламгерлерге қолдау көрсету, оларды ұлттық спорт түрлері туралы жаңа туындыларды жазуға ынталандыру.
Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағында өткен жиында әдеби байқау ресми түрде жарияланды. Кездесуге Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, Ұлттық спорт Қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, сондай-ақ Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Молдахмет Қаназ, Марфуға Айтқожина сынды зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сонымен қатар, бүкіл әлемді таңқалдырып жүрген, қазақтан шыққан халықаралық дәрежедегі тұңғыш шабандоз Бауыржан Мырзабаев шараның құрметті қонағы болды.

Жиынды ашқан Мереке Құлкенов көркем әдебиетте ұлттық мүддеге сай келетін туындылардың үлесін арттыру қажет екенін атап өтті.

«Өнердің ішіндегі ең бір қастерлісі – көркем әдебиет. Сондықтан шығармашылық зиялы қауым, жазушы қауым өкілдері үшін «Құлагер» әдеби байқауының маңызы зор. Өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға бар күш-жігерімізді саламыз», — деді Мереке Құлкенов.

Ал Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов республикалық әдеби байқаудың маңызына тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұлттық идеология мен жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға баса назар аударғаны белгілі. Бұл ретте биыл өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында қаламгерлер арасында «Құлагер» республикалық байқауының жариялануы қуанышты жаңалық. Әрине, байқау атауы кездейсоқ таңдалмағаны белгілі. Өйткені Ілияс Жансүгіровтің «Құлагері» – ешқашан ескірмейтін, мәңгі жас поэзия. Қазақ әдебиетіне жаңа есімдер мен тың туындылар қосылып, ұлттық әдебиетімізді байыта түседі деген сенімдемін», — деді Исламбек Салжанов.

Ол «Қазақ әдебиеті» газеті ұжымын басылымның 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Айта кетейік, байқауға өтінім қабылдау 2024 жылғы 22 қаңтар мен 22 маусым аралығында өтеді.

Байқауға қатысатын жұмыстар ұлттық спорт түрлеріне арналуы шарт. Конкурстық шығармалар Ұлттық спорт қауымдастығы құрамына ресми түрде кіретін «Теңге ілу», «Бәйге», «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Көкпар», «Тоғызқұмалақ», «Құсбегілік», «Садақ ату», «Асық ату», «Жорық» спорт түрлерін басты тақырып етуі керек. Сонымен қатар, қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды.
Байқауда мынадай номинациялар болады:
1. Үздік поэзия
2. Үздік проза
3. Балаларға арналған үздік шығарма
4. Үздік комикс
5. Үздік драма
6. Үздік деректі проза
7. Үздік фантастикалық/мифологиялық шығарма

Байқауға бұрын еш жерде жарияланбаған, тек қана осы жылғы қаңтар мен маусым аралығында жазылған жаңа шығармалар қабылданады.

Әр номинация бойынша үздік деп танылған туындының авторына «Құлагер» байқауының мүсіншесі және Ұлттық спорт қауымдастығының 2 000 000 (екі миллион) теңге сыйақысы беріледі.
Жеңімпаздар қазылар алқасының шешімімен анықталып, тамыз айында марапатталады.

JQ-Aqparat

Бүгін, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
Бүгін, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу