Астанадағы ЭКСПО қалашығында Қытайдың Гуандун провинциясының Хуэйчжоу мен Мэйчжоу сияқты ірі қалаларының таныстырылымы болды. Жиынға екі қаланың басшылары, кәсіпкерлер, өнерпаздар, сонымен қатар халықаралық ЭКСПО көрмесіне келген елдердің өкілдері қатысты деп хабарлайды jasqazaq.kz тілшісі.
Делегация өкілдері Гуандун провинциясының Хуэйчжоу мен Мэйчжоу қалаларындағы туризм, негізгі кәсіпорын мен жаңғырмалы энергия көзінің дамуы жөнінде баяндады. Сондай-ақ ұйымдастырушылар қонақтарға қос қала жөнінде видеороликтер көрсетті.
Хуэйчжоу қалалық партия төрағасының орынбасары Хуа Хун ханым «Бұл таныстырылым екі ел арасындағы байланысты арттырып, болашақта тығыз қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді деп білемін», — деді. Сондай-ақ Хуа Хун ханым өзі басшылық қызмет атқаратын қаласының туризімі мен өнеркәсібінің дамуына тоқталды.
Ал Мэйчжоу қаласының хатшысы Лин Тиан Хионг таныстырылымға келген қонақтарға алғысын білдіріп, ЭКСПО халықаралық көрмесінің маңызын айтты. Қала басшылары таныстырылым барысында өздерінің өнеркәсіп орындары мен фабрика, фирмаларының өндіріс қуатын, артықшылықтары мен мүмкіндіктерін баяндады.
Гуандун провинциясы Қытай Халық Республикасының оңтүстігінде орналасқан. Елдімекеннің әкімшілік орталығы – Гуанчжоу қаласы. Делегаттардың айтуы бойынша, Гуандун соңғы жылдары экономикалық даму жағынан Қытайдың озық провинцияларының біріне айналған. Мәселен, 2016 жылы Гуандунның жалпы ішкі өнімі 1,2 триллион АҚШ долларына жетсе, экономикалық өсімі – 7,5 процентті құраған.
Көршілес ҚХР-нан келген шенеуніктер мен кәсіпкерлер біздің елмен алдағы уақытта тығыз байланыста болуға ниетті екендігін жеткізді.