Латын Америкасы несімен ерекшеленеді? Әуен, телехикая, дәмді тағам, жағажай, күн астындағы күншуақ. Бірақ дәл осы мемлекеттердің өзі «Болашақтың энергиясын» таңдаған. Сондықтан олар ЭКСПО-2017 көрмесіне қызғушылық танытып, осы салада жеткен жетістігін бөлісуге Астана төріндегі халықаралық көрмеге арнайы келді. Латын Америкасында «жасыл» энергияның үлесі — 90 пайыз.Дәл осы елдерде әлемдегі ең ірі күн және су қуатын өндіретін кәсіпорындар орналасқан.
Латын Америкасынан ЭКСПО-ға 8 мемлекетқатысуда. Олар — Боливия, Гватемала, Гондурас, Доминикан Республикасы, Коста-Рика, Парагвай, Мексика және Чили. Әр елдің өкілі павильонға келген қонаққа мәдениеті, дәстүрі сондай-ақ баламалы энергия саласында жеткен жетістігі туралы айтып береді.
Чилиде электр қуаты тегін
Чилиде күн көзінен қуат алатын батарея өте көп. Бұл елдегі электростансалар кейде электр қуатын артығымен өндіреді. Себебі әрдайым күн ашық болғандықтан стансалар көп мөлшерде қуат жинайды. Оның барлығын сату мүмкін емес. Сол себептен тұтынушыларға электр қуаты кейде тегін беріледі. Чили секциясының комиссары Роберто Гонзалезтің айтуынша, оның пайдасы да зияны да бар. ЭКСПО-2017 көрмесі барысында бұл ел өз тәжірбиесімен бөлісуге әзір.
Су қуаты
Парагвайда «таза» энергия өндіру бойынша әлемдегі үздік елдердің санатында. Ол елдегі өндірілетін қуаттың шамамен 100 пайызы гидроэлектростансаға тиесілі. Парагвай секциясының комиссары Бернардо Балбуэна-Приэтоның айтуынша, Бразилиямен бірлесіп салған «Итайпу» гидроэлектростансасы Парагвайды 90 пайыз жарықпен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ күн және желден қуат алу саласында дамытуда.
Гондурастың арманы
Гондураста әлі күнге көбінде дәстүрлі энергия көзін қолданады. Алайда кейбір өңірде күннен қуат көзін алу — 70 пайыз, гидроэнергиядан- 90 пайыз және желден — 45 пайыз. Бұл елдің секция комиссары Карлос Марадиага «Гондурас шағын мемлекет. Бізді табиғаттың өзгеру алаңдатады. Сол себептен баламалы қуат көзіне өту біз үшін маңызды. Бізде желден, судан, күннен энергия алуға мүмкіндік көп. Тауда желден қуат алатын қондырғылар орнатылған. Гондураста алдағы 30 жылда «жасыл» энергетика стратегиясына өту жоспары қабылданған» — дейді. Бүгінгі таңда бұл ел күн көзінен қуат алуға басымдық беріп отыр. Гондурастың оңтүстік бөлігінде күн батареяларыкөп орналасқан.
Коста-Рикада қалыспайды
ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Коста-Риканың бас комиссары Артуро Фурнье елінің баламалы қуат көзінен энергияның 90 пайызын алатынын мақтанышпен айтып отыр. Ол «Біз ЭКСПО-ға қатысу арқылы |Коста-Риканың мүмкіндігін көрсетіп отырмыз. Қазақстан – өте танымал ел. Ал Астана мұндай шараны өткізуге ең қолайлы қала. Көрме энергетика бағытында жасап жатқан жұмысымызды көрсетуге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, өткен жылы энергияның 90 пайызын баламалы қуат көзінен алдық» -деп өз ойын қорытты.
Жанартаудың жарығы
Жанартауымен танымал Гватамелла энергияның 61 пайызын баламалы қуат көзінен алады. Секцияның бас комиссары Амандо Алвардоның айтуынша, оның 57 пайызы суэлектростансасынан өндіріледі.
Мексика мұнайдан бас тартуда
Мұнай және көмір өндірісі Мексика экономикасының негізгі саласы болып табылады. Ал энергияның балама көзі болып табылатын биомасса, күн, жел тек 4 пайызды құрайды. Көмірсутек бағасы түскенде өзге елдер сияқты Мексика да экономикалық дағдарысқа тап болды. Сол себептен де бұл ел қалпына келетін қуат көздерін пайдануды қарқынды түрде қолға алды. Сексия комиссары Марта Домингуез «ЭКСПО-ға қатысу біз үшін өте маңызды. 29 тамыз еліміздің ұлттық күні. Үлкен делегация келеді. Байланыс орнатудағы маңызды мәселерді талқылаймыз»,-деді.
Туризм энергиясы
Доминика туризм саласын дамытқан ел. Отандастарымыз да бұл елге жиі барып демалғанды ұнатады. ЭКСПО көрмесінде Доминиканы басқа қырынан тануға болады.
Олар әлі күнге дәстүрлі энергияға тәуелді. Сол себептен баламалы энергия көзін дамытудың стратегиясын қабылдады.Қазіргі таңда гидростанса, күн және жел электростансалары салынуда. Биомассадан қуат алу өндірісі де дамып жатыр. Халықаралық дипломат, секция комиссары Ханс Кастелланостың айтуынша, қонақүйлерде «таза» технологиялар кеңінен қолдануда. Мауысм айының басында, ЭКСПО басталмас бұрын елімізге Доминиканың сыртқы істер министрлігінен делегация келді. Комиссардың сөзіне сенсек, екі ел энергетика, туризм, мәдениет саласында 6 құжатқа қол қойыпты.
Боливияда бәрі бар
Боливияда президент Эво Моралестің қаулысымен энергетика министрлігі биыл қайтар айында құрылды. Бұл елде баламалы қуат көзін дамытудың барлық мүмкіндігі бар. Боливияда табиғи газдың қоры жеткілікті болса да, ел үкіметі баламалы энергия көзін дамытуға басымдық беріп отыр. Жаңа құрылған ведомстваға дәстүрлі және баламалы қуат көзі, сондай-ақ энергетикадағы технологиялық секторды дамыту жүктелген. Боливия жоспарына сәйкес,жылу электр орталығының үлесін 55 пайызға төмендетіп, су электро стансасының үлесін 33 пайызға арттыру көзделген. Ал баламалы қуат көзін 12 пайызға арттырады.
Бүгінгі мақаламызды қорытындылай келе, Латын Америкасына ЭКСПО-2017 көрмесі баламалы қуат көзін одан әрі дамытуға серпін беріп отыр. Оның үстіне баламалы қуат көзіне өту арқылы қоршаған ортаны бұзбай, табиғатын аялап ұстауға мүмкіндік бар.