Шымкенттің ауыл шаруашылық өнімдері шетелге жөнелтіліп жатыр. Әсіресе, омарташылардың өніміне сұраныс жоғары. Жыл сайын оларды Катар еліндегі фестивальге шақыртылады. Балдың төрт түрін нарыққа шығаратын отбасылық кәсіптің жетістіктері мұнымен тоқтамақ емес. «Зертас» шаруа қожалығы да асыл тұқымды ірі қараның санын көбейтіп, нарықтан өз орнын тапқан. Отбасылық кәсіпкерлердің берекелі тірлігіне сүйсінесіз.
Абдулабад тұрғын алабындағы «Нормұхамедов» ЖК – елімізге бал ара шаруашылығымен танымал. 2007 жылдан бері ара шаруашылығын дамытып, асылдандыруға мемлекеттен қаржылай қолдау алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Алыс-жақын шетелдерге асыл тұқымды аналық аралардың өнімін сатып, жылына 100 тоннадан астам бал өндіретін қуатқа жетті. Бүгінде өнімдерін Ресей және Катар елдеріне экспорттауда. Қазір 5000- нан астам бал ара ұясы бар.
Руслан Нормухамедов бізге бұл кәсіптің қыр-сырын баяндап берді. Экологиялық таза өнім болғандықтан табиғи әселге сұраныс жоғары.
– Мемлекеттік қолдаудың арқасында өндірісті дамытып жатырмыз. Былтыр 50 тонна өнім өндірдік. Биыл оны 70-80 тоннаға дейін жеткізсек деген жоспар бар. Біздің өндірісіміз ауа райына да байланысты ғой. Қазір бізде негізінен балдың төрт түрі бар. Олар Оңтүстікте ғана өндіріледі. Негізгі тұтынушыларымыз — Ресей және Таяу Шығыс елдері, — дейді кәсіпкер.
Жұбайы да бұл кәсіпке көмектеседі. Өзі осы бағытта шетелге барып, білімін шыңдап келген.
Айта кетсек, аталған жеке кәсіпкерлікке биылға 25 млн теңге мемлекеттік жәрдем көрсетілмек. Мал шаруашылығы және мал тұқымын асылдандыру бөлімінің басшысы Жәнібек Тоғайдың айтуынша, жергілікті өнім өндірушілер қала халқын жұмыртқамен 80-90 пайыз қамти алады. Қалғаны басқа өңірлерден келеді. Ара шаруашылығының қарқын алғанына биыл үшінші жыл. Егер қолдау жеткілікті болса, әрі қарай да дами бермек.
Мерей Әлімбек