Биыл алғаш рет жергiлiктi атқарушы органдардың гранттары бөлiнедi. Бұл туралы Үкiмет отырысында Бiлiм және ғылым министрi Ерлан Сағадиев айтты деп хабарлайды jasqazaq.kz тiлшiсi.
Былтырдан бері ҰБТ мен КТ-дан ең төменгі шектік балды жинай алмаған түлектер ақылы түрде білім алу үшін емтиханды қайта тапсыруға мүмкіндік алған болатын. Ерлан Сағадиев «ҰБТ мен кешендi тестiлеуден өте алмаған түлектер емтиханды қайта тапсыра алады. Бүгiн құжаттар қабылдана бастады. Олар 8-шi тамызға дейiн қабылданады. Қайта тестiлеу 19-24 тамыз аралығында өтеді», — дедi.
Сондай-ақ министр білім грантының жылдан-жылға артып келе жатқанына тоқталды. Мәселен, министр «Биыл өткен жылмен салыстырғанда бакалавриатқа мемлекеттiк тапсырыс көлемi көбейді, яғни 6 мың грантқа артты. Магистратурада грант саны 2,5 мыңға, ал докторантурада 2 есеге көбейдi. Сондай-ақ, биыл алғаш рет жергiлiктi атқарушы органдардың гранттары бөлiнуі мүмкін», — дейдi.
Министр биыл алғаш рет жергілікті атқарушы органдардың гранттары бөлінуі мүмкіндігін айтқан соң, Үкіметтің селекторлық отырысына келген Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлзат Көбеновадан жылда беріліп жүрген облыс әкімдерінің грантынан қандай айырмашылығы барын және қосымша қанша грант берілетіндігін сұрап білген едік.
«Біз жергілікті әкімшіліктермен бірлесе жұмыс жасап жатырмыз. Қай әкімшіліктен қанша орын берілетіндігі жөнінде нақты ақпарат түскен жоқ. Бірақ әкімшіліктер түлектерге жергілікті гранттар беруге дайын екендігін айтты. Атап айтсам, олар Ақмола облысы, Атырау облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Қызылорда облыстары және тағы басқалары», — дейді департамент директоры. Гүлзат Көбенованың айтуы бойынша, нақты ақпарат 10-тамыздан кейін белгілі болатын көрінеді. Облыс әкімдері атынан берілетін гранттан айырмашылығы жөнінде департамент директоры «Жыл сайын әкімдердің беретін гранттары оқу үлгеріміне қарай, түлектерді ынталандыру түрінде берілетін. Ал биыл арнайы аймаққа қажетті мамандарды даярлау үшін берілетін болады. Облыс бойынша қандай маман тапшы соған сәйкес жергілікті әкімшілік тапсырыс бере алады», — дейді. Департамент директорының айтуы бойынша, жергілікті атқарушы органдар өздерінің ережелерін бекітіп, соған сай арнайы комиссия құрып, түлектерге грант беріледі екен.