Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Үкіметтің баспасөз орталығында өткен пресс-конференцияда 500 мыңға жуық орыс тілінде оқитын балалардың 11 жыл оқыса да, қазақ тілінде сөйлемейтіндігін айтты. Бұл туралы jasqazaq.kz тілшісі хабарлайды.
3 тілде білім беру мәселесіне тоқталған министр Ерлан Сағадиев «90 пайыз қазақ балалары қазақ тіліндегі мектептерде оқып жатыр. Биыл 76 пайыз ҰБТ-ға келген балалар қазақ тілінде емтихан тапсырды. Бұл – бұрын болмаған жағдай. Енді аса назар аударатын проблеманың бірі – 500 мыңға жуық орыс мектептерінде оқитын балалар 11 жыл оқыса да, қазақ тілінде сөйлемейді. Барлығымыз түсінеміз, әдістеме нашар, дұрыс еместігін. Жаңа әдістеме дайын. Биыл эксперимент ретінде мектептерге береміз. Бізге 1000-нан астам мектеп жаңа әдістемеге жазылған. Сол әдістеме нәтижесін көрсетсе, ары қарай келесі немесе 2019 жылдан бастап мектептерге жаңа әдістемені енгіземіз», — деді.