АҚШ президенті Дональд Трамп Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевті Вашингтонға шақырды. Өзбекстан президент әкімшілігі таратқан мәлімет бойынша, Дональд Трамп пен Шавкат Мирзияев желтоқсан айының 19-ы күні телефон арқылы сөйлескен.
Сөйлесу барысында екі ел басшылары Өзбекстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, қауіпсіздік салаларын дамыту жайында әңгіме қозғаған. Бұдан бөлек Мирзияев пен Трамп Ауғанстан мәселесі жайында бірқатар келісімдерге келген. АҚШ президенті Өзбекстан басшысының Ауғанстанмен жақын қарым-қатынас орнатып жатқанын қолдап, алдағы уақытта Ауғанстан экономикасын қалпына келтіруге қол ұшын беретінін айтқан. Сөз соңында Дональд Трамп Шавкат Мирзияевті Вашингтонға шақырған. Естеріңізге салайық, бұған дейін екі ел басшылары мамыр айында Нью-Йорк қаласында кездескен. Шетелдік сарапшылардың ойынша, аталмыш кездесу Өзбекстан мен АҚШ қарым-қатынасының жаңа деңгейге көтерілуіне септігін тигізген.
Дереккөз: qazaqtimes.com