ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары қазақстандық шенеуніктерге импорттық қымбат қызметтік көліктерді алуға тыйым салу мәселесін көтерді.
«Президент Жолдауында отандық өндірушілерді қолдаудың тетіктерін жетілдіруді және олардың мүддесін қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырған болатын. Сонымен қатар 2015 жылдың ақпанында Үкіметтің кеңейтілген отырысы барасында Мемлекет басшысы «Қазақстандық өнімді сатып ал» акциясын іске қосуды ұсынды. Дегенмен де мемлекеттік органдардың өкілдері осы үндеудің басымдықтарын ескерместен, бұрынғысынша шетелдік көліктерді сатып алуды қалап отыр. Үстіміздегі жылдың басынан бері мемлекеттік органдардың шенеуніктері 400-ден астам импорттық қымбат автокөліктерді сатып алды, оның ішінде қырық автомобиль соңғы кезде шығарылған «Land Cruiser 200» мен «Land Cruiser Prado», сондай-ақ 100-ден астамы «Toyota Camry» секілді модельдер. Қазақстанда құрастырылған машиналар пайдалану кезінде айтарлықтай тиімді емес деген сылтаулары сенуге келмейді. Біріншіден, өндірушілерге қатысты мемлекеттік органдардан ресми наразылық туралы ақпарат жоқ. Екіншіден, мемлекет отандық автоөнеркәсіпті қолдауға қомақты қаржы бөлуде, сондықтан да өндірушілерден өнімнің сапасын талап етуге құқылы»,-деп атап өтті депутат Кеңес Ғарапұлы Үкімет басшысына жолданған сауалында. Осы орайда ол мемлекеттік органдар отандық тауарларды қолдауда қоғамға үлгі болуы тиіс екенін айта келе, бұл тұрғыда бүгінде шенеуніктер барлығын керісінше жасап отырғанын, яғни халықтың ақшасына бірінен-бірі асып түсуге ұмтылатынын атап өтті. Сөз соңында ол Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтан «Ақ жол» депутаттық фракциясы атынан қызметтік автокөлікті алу бойынша мемлекеттік және квазимемлекеттік сектардың сатып алуларын жүргізудің негізділігін қайта қарастыру мәселесін сұрады. Сонымен қатар отандық тауар өндірушілерді қолдау тұрғысында Мемлекет басшысының тапсырмасын елемей жүрген меморгандардың басшыларын жауапкершілікке тарту ұсынысы жасалды.