«Қазақстан Республикасында онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Аталған бағдарлама онкологиялық аурулардың алдын алу мен ем жүргізуде жаңа мүмкіндікке жол ашты. Бұл – еліміздің денсаулық сақтау саласы бойынша түбегейлі тек қана онкология саласына толыққанды көңіл бөлініп, онкологиялық дерттің алдын алуға бағытталған алғашқы дербес бағдарлама».Астана қаласы Онкология орталығының бас дәрігеріМұхтар Төлеутаев пен сұхбаттасқанымызда «Денсаулық» бағдарламасының оңды тұсын осылайша тізбектеп берді.
-Мұхтар Есенжанұлы, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын жақсартудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының қандай артықшылықтары бар? Әңгімемізді ең әуелі осы сауал төңірегінен тарқатсақ…
-Араға белгілі бір уақыт салып, кезең-кезеңімен қабылданып, қолданысқа еніп жатқан әр жылдардағы денсаулық сақтауды жақсартудың мемлекеттік бағдарламаларының қай-қайсысын да жеке дара, дербес қарастыра алмаймыз. Өйткені денсаулыққа қатысты қабылданып жатқан әр бағдарлама өз кезеңіне, сол уақыттың өзекті мәселелелерін ескеріп, қамти отырып, халық денсаулығын жақсартудың барынша тиімді де нәтижелі жолын қарастырып барып қана қолданысқа енгізіледі. Яғни, алдыңғы қабылданған бағдарлама – болашақта қабылданар келесі бағдарламаның алғышарты. Мәселен, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы – бүгінгі біз әңгіме етіп отырған ҚР-ның денсаулық сақтау саласын жақсартудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының заңды жалғасы. «Саламатты Қазақстанда» қарастырылған мәселелердің «Денсаулық» бағдарламасында одан әрі ауқымы, шешілу жолдары кеңірек қамтылды. Ал енді мәселені сіздің сауалыңызға сай саралар болсақ,бүгінде онкология саласына мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп отыр. 2012 жылы Елбасының Халыққа жолдауынан кейін денсаулық сақтау министрлігінің дайындауымен үкімет қаулы қабылдап, Қазақстан Республикасында онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Аталған бағдарлама онкологиялық аурулардың алдын алу мен ем жүргізуде жаңа мүмкіндікке жол ашты. Бұл – еліміздің денсаулық сақтау саласы бойынша түбегейлі тек қана онкология саласына толыққанды көңіл бөлініп, онкологиялық дерттің алдын алуға бағытталған алғашқы дербес бағдарлама. Аталған бағдарламаның аясында онкологияға бөлінетін қаражаттың ауқымы 2-3 есеге дейін артып, 13 миллиардтық бюджет қоры 29 миллиардқа бір-ақ шықты. Қазір бұл қаражаттың жалпы көлемі 32-33миллиардты құрап отыр. Жаңадан көптеген онкологиялық орталықтар ашылып, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Дәрі-дәрімек мәселесі де оң шешімін тауып, науқастардың толықтай тегін ем қабылдауына мүмкіндік беріліп отыр. Жалпы, әлем бойынша онкология ауруларын тегін емдеудің жолдары толықтай қамтамасыз етілген санаулы ғана мемлекет бар. Қазақстан солардың алғы шебінде.
Бағдарламаның орындалуы кезінде елімізде бірнеше онкология орталығы іске қосылды. Яғни, бүгінде Қазақстан бойынша 18 онкология орталығы бар. Олардың барлығы толықтай медициналық жаңа құрал-жабдықтармен, атап айтар болсақ: емге қолданатын әртүрлі құрылғылар, сәулелі терапия, хирургиялық операция жасайтын аппараттар мен ем-дом жүргізудің сандық техникаларымен толықтай жабдықталды. Науқастардың онкологиядиспансерлерінде ем қабылдауы мен амбу¬ла¬то¬-рия¬¬лық¬ жағ¬дай¬да, яғни үйде жатып емделуіне де жіті көңіл бөлініп, бүгінде бұл мәселелер оң шешімін тауып отыр. Және мұның барлығы да тегін, 100 пайыз мемлекет есебінен жүзеге асырылды. Бұл, әрине, аталған бағдарламаның игілігі.
— Аталған бағдарламада негізінен медицинаны ғылыми жағынан дамыту мен сапалы кадр дайындау мәселесі, ұлттық фармацевтиканы дамыту, медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрімектің өз елімізде өндірілу жайы да кеңінен сөз етіледі. Бұл талаптарға ұлттық медицинамыз дәл қазіргі жағдайда қаншалықты деңгейде жауап бере алады?
-Әрине, барлығы бірден болмайды. Бұл мәселеде де біраз уақыт пен ізденіс керек. Әзірге онкология саласы бойынша дәрі-дәрімекті толықтай өз елімізде өндіру мүмкін болмай отыр. Дәрілердің шамамен 80-90 пайызы шетелден жеткізіледі. Атап айтар болсақ: Ресей, Украина, Белорусь,Еуропа мен Балтық теңізі елдері, АҚШ, Израиль, Үндістан, Пәкістан және т.б мемлекеттердің өнімін тұтынудамыз. Онкологиялық ауруларды емдеуге бағытталған дәрі өндіру ісі енді-енді қолға алынан бастады. Сол секілді онкологиялық орталықтардың құрал-жабдықтары мен ультра-дыбыстық және рентген аппараттары, компьютерлік томография, сызықшалы өткізгіш (линейный ускоритель) сынды ем-дом жүргізу аппараттарының барлығы дерлік Жапония, Корея, АҚШ және де жалпы Еуропа елдерінен әкелінеді. Болашақта бұл мәселелер өз елімізде толыққанды оң шешімін табатынына және толықтай отандық өнім арқылы жүзеге асырылатынына сенемін.
-Соңғы кезде онокологиялық ауруларды анықтауда скринингтік тексерудің тиімділігі жайлы жиі айтылады. Скринингтік тексеру деген не және ол қалай жүзеге асырылады? Бұл тексеру әдісінің жалпы тиімділігі неде? ¬
-Скрининг дегеніміз – ауру белгі бермей тұрған сәтте диагноз қою, яғни, ауырмаған адамның ауруын табу.Жалпы, сырқат адамға диагноз қоюда қиын жағдайлар кездеседі. Ондайда диагнозы күдікті рентген суреттерін бірнеше дәрігер бірігіп қарап, қосымша қандай зерттеу қажет екендігі жөнінде шешім шығарып, сырқаттануы ықтимал адамды шақырып, әрі қарай тексеру жүргізіп, толық ем қолдануға бағдарлама жасайды. Ауру бірінші, екіншісі сатысында анықталса, сырқаттанған адамға да, дәрігерлерге де, тіпті, бюджетке де жеңіл болады. Мысалы, үшінші, төртінші сатыдағы сүт безінің обырына ұшыраған бір сырқат адамды емдеуге мемлекет 28 миллион теңгеден артық қаражат жұмсаса, ал бірінші, екінші сатысында көп болса 300-400 мыңдай теңге кетеді. Есептеңіз, қандай айырмашылығы бар. Бұл ретте дәрігердің шақыруын күтудің қажеті жоқ. Оны белгілі бір жастағы адамдар өзі тіркелген емханада тегін өте алады.
Бұл тексеру жүйесі елімізде 2008 жылдан бастап қолға алынды. Ең алғашында жатыр мойны мен сүт безінің обырын анықтауда скрингтік тексеру жүргізілсе, 2010-2011 жылдары тоқ ішек пен тік ішектің ісігіне, одан ер адамдарда жиі белең алатын қуық асты безі, өңеш пен асқазан обыры, бауыр ісігінің алдын алу мақсатында скринг бағдарламалары іске қосылып, әр екі жыл немесе аурудың кейбір түріне 5 жыл сайын жүйелі түрде кешенді тексерулер жүргізіледі.
-Онкологиялық дерттен толыққанды жазылып шығу аурудың нешінші сатысына дейін мүмкін?
-Жалпы, онкологияныңтөрт сатысы бар. Ауру алғашқы екі сатыда анықталса, онда адамның 100 пайыз жазылып шығуына мүмкіндігі бар. Ал 3-ші немесе 4-ші сатысында жағдай қиындау. Толықтай жазылып шығуына кепілдік бере алмасақ та, технологияның соңғы жетістігін пайдалана отырып, адамның жағдайын жақсартып, өмірін бірнеше жылға ұзартуға септесе аламыз. Бастысы, адамның өзіне, ішкі көңіл күйі мен өмірге деген құштарлығына байланысты. Мәселен, орталыққа келіп тіркеліп, жүйелі түрде ем-дом қабылдаудың нәтижесінде 20-30 жылға дейін өмірін ұзартып, жақсы өмір сүрген науқастарымыз бар. Тағы да қайталап айтамын, кез келген ауруды жеңіп шығу үшін адамның ішкі рухы, өмірге деген құлшынысы мықты болу керек. Сонда ғана оның қандай аурудан да айығып шығуына мүмкіндігі бар. Өкінішке қарай, біздің елде адамдар өз денсаулығына немқұрайлы, тіпті өте салғырт қарайды. Жүйелі түрде тексерілмейді. Ауруы асқынып, жанына батқан кезде бір-ақ келеді де, сөйтіп, дәрігерлерді шарасыз күйде қалдырады. Белгілі бір уақыт аралығында өтіп тұруы керек тегін тексерулерге де келе бермейді. Тіпті, кейде орнына басқа бір туысқанын жіберіп, өзі тесерілуден шет қалған жағдайлар да кездесті. Бұл – адамның өзіне өзі қастандық жасауымен бірдей. Соның салдарынан ауруы әбден асқынып кетеді де, емделуге келгенде барлығы кеш болып жатады. Өкінішке қарай, ондай жағдайда біздің қолымыздан етеңе келмей, шарасыз қаламыз. Сондықтан да барлық адамды өз денсаулығына немқұрайлы қарамауға, уақытында тексеріліп тұруға шақырамыз. Сол үшін де біздің тараптан арнайы кездесулер ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында да барынша жан-жақты ақпарат беріліп, халықты сауаттандыру жұмысы қазірге дейін қарқынды жүргізіліп келеді.
-Адамның онкологиялық ауруға шалдығуына көп жағдайда оның ішкі көңіл-күйі, мәселен, депрессия, жиі уайымдаушылық және т.б әсер етеді деген сарындас тұжырымдарды жиі естиміз. Бұл қаншалықты рас?
-Бұл пікірдің жаны бар. Себебі адамның көңіл-күйі оның денсаулығына тікелей әсер етеді. Мәселен, себепсіз күйзеліске ұшырайтын адам аурушаң келеді. Уайымшылдық – тек қана гипертониялық қан-қысымның жоғарылауы, жүрек пен жүйке жүйесінің ауруларын ғана ушықтырмайды, онкологиялық ауралардың жиі белең алуының да тікелей себепшісі. Өйткені адамның ішкі әсері, көңіл-күйі – оның әр түрлі сырқат пен инфекцияға қарсы тұратын иммунитеті де. Уайымшылдық, себепсіз күйзеліс сол иммунитетті әлсіреттеді. Сондықтан да адам ағзасы айналасындағы вирустардың, инфекциялардың барлығын қабылдағыш, яғни аурушаң келеді. Жоғарыда атап өткенімдей, адам ағзасындағы әрбір өзгеріс пен құбылыстың қай-қайсысы да бір-бірімен тығыз байланысты, тізбектеліп жатады. Сондықтан да ежелгі ғұламалар мен ғалымдардың: «Себепсіз нәрсеге уайымдама, айналаңа сүйіспеншілікпен қара, кекшіл болма, үнемі күліп жүр» деген сөздерінің астарында үлкен мән бар. Күліп, жадырап жүрген адамның жанынан ауру да алшақ жүреді. Ал күйзелгіш жандарға ауру да жабысқыш келеді. Сол себепті де адамның денсаулығы ең әуелі өзіне, оның ішкі эмоциялық көңіл күйіне тікелей байланысты. Күліп жүрген, көңілді жүрген адамды сырқат жеңбейді. Мұны ғалымдар да, психолог мамандар да әлдеқашан дәлелдеген.
Бұл жерде бір-ақ нәрсені айтқым келеді – денсаулық үшін тек дәрігер ғана жауапты болмауы керек. Әрбір адам өзінің денсаулығына алаңдап, үнемі көңіл бөліп отыруы, яғни әр адамның өзінің денсаулығына деген ынтымақты жауапкершілігі жоғары болуы қажет. Сонда ол адам ұзақ та бақытты, салауатты өмір сүреді. Сонда ауру азаяды!
— Жалпы, онкологиялық аурулардан қалай сақтануға болады?
-Жоғарыда айтып өткенімдей, мықты денсаулықтың ең әулгі кепілі – көтеріңкі көңіл-күй. Ал нақты ғылыми зерттеулерге сүйеніп қорытынды жасайтын болсақ, онкологиялық сырқатқа шалдығуға, біріншіден, темекі түтінінің құрамындағы зиянды заттардың әсері зор. Ондағы никотин, бензапирен сияқты көптеген химиялық заттар келешекте тек қана өкпе обыры емес, басқа да обырларға әкеліп соғуы мүмкін деп ғалымдар дабыл қағуда. Сондай-ақ, адамның дұрыс тамақтанбауы, артық салмақ қосуы, ащы, қуырылған, майлы тамақтарға шектен тыс әуестігі де асқазан, өңеш обырларына әкеліп соғуы мүмкін. Мәселен, Жапония мен Оңтүстік Кореяда асқазанның обырына шалдыққандар саны өте көп. Әйтсе де, ол елдерде адамның орташа өмір сүру деңгейі жоғары. Әсіресе, жапондар көп өмір сүреді. Себебі, олар уақытында тексеріліп тұрады. Біз де кешіктірмей, дер кезінде келгендерге үлкен кесу жасамай, сылып алып тастау арқылы күрделілігі әртүрлі деңгейдегі ота жасаймыз. Ондайлар тез сауығып кетіп жатады. Яғни, салауатты өмір салтын ұстану және уақытында дәрігерге көрініп, ем қабылдау – бұл, біріншіден, толықтай жазылып шығуға мүмкіндік береді. Екіншіден, науқастың диагнозы сырқаттың ең бастапқы сатысында анықталса, олмемлекет тарапынан бөлінетін қаржы шығынын азайтады. Мәселен, адам ағзасындағы енді ғана пайда болған бір-екі миллиметрлік ісікті алып тастауға көп қаражат кетпейді. Оған небәры 15-20 минуттық, ар кетсе жарты сағаттық операция қажет болады. Ал уақыты өтіп кеткен сырқаттың алдын алу үшін әртүрлі ем-дом, химиялық терапия жолымен емедеу әдістері қолданылады. Мұндай ем түрлері ағзаны сауықтырып қана қоймай, керісінше денені улайды да. Яғни, адам емді ауыр өткереді. Оның үстіне, химиялық терапия дерттен толықтай жазылып шығуға кепілдік бермейді.Бар болғаны адамның жасын біршама жылға дейін ұзартуға ғана септесе алады. Қысқасы, адам өзіне-өзі немқұрайлылық танытпай, уақытында дәрігерге қаралуы керек. Елбасы да осы мәселеге көп көңіл бөліп келеді. Денсаулық адамның өзіне, жақын туыстары мен балаларына керек. Сондықтан, уақытында диагноз қойылып, уақытында дәрігерге көрініп, уақытында ем-шара қолданылса, адамның сырқаттан құлан-таза айғып кетуіне толықтай мүмкіндігі бар.
— Жоғарыдағы бір сөзіңізде: «Халық арасында арнайы кездесулер мен БАҚ арқылы түрлі ағарту шараларын ұйымдастырыпхалықты онкологиялық ауру жайынан барынша ақпараттандыруға, сақтандыруға, дерттің алдын алуға бағытталған жұмыстар атқарып жатырмыз» деп атап өттіңіз. Бүгінде содан нәтиже бар ма? 5-10 жыл бұрынғы статистикамен салыстырғанда онкологиялық аурушаңдық деңгейінің төмендеуі байқала ма?
-Ауру айтып келмейді. Бірақ, уақытында ем қабылдау халықтың өмір сүру жасын белгілі бір деңгейде ұзартады. Мәселен, Еуропаның дамыған елдерін, болмаса АҚШ, Жапония, Корея, Израиль сынды мемлекеттерді алып қарайық.Оларда аурушаңдық әлдеқайда жиі байқалады. Сол секілді өмір сүру ұзақтығы да біздің елмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Неге? Себебі ол жақта ісіктің диагнозы ерте қойылады. Яғни аурудың бірінші және екінші сатысында қойылатын диагноз көлемі 75-80 пайызға дейін барады. Ал бізде бұл көрсеткіш бүгінгі таңда әлі толықтай тұрақтанған жоқ. Бірақ бірте-бірте жақсарып келеді. Мысалы, осыдан 7-8 жыл бұрын аурудың бірінші және екінші сатысында қойылатын диагноз көрсеткіші 47 пайыз болса, міне, осы жылдың соңғы көрсеткіштері – 57 пайыздан асты. Бұл жаңағы өзіңіз айтып отырған ағарту жұмыстарының нәтижесі деп айтуға болады. Әйтсе де, уақытын өткізіп алып келіп жатқан адамдар саны да азаяр емес. Қазір осы жолда бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Адамныңорта жасы неғұрлым көбейген сайын, соғұрлым бұл сырқат та жиі кездеседі. Өйткеніөмірдің заңдылығысол. Онкологиялық дертке көбінесе жасыұлғайған адамдар шалдыққыш келеді. Мәселен, біздің сараптамамыз бойынша, ең көп сырқат кездесетін кезең – 60-80 жас аралығы екен. Яғни, ісіктің салдарынан болатын өлім көрсеткіші осы жас аралығында әлдеқайда жоғары болып келеді. Сондықтан біз қоғам болып, дәрігерлік, медициналық қоғамдастық болып, сол жастағы адамдардың денсаулығына көбірек көңіл бөлсек, уақытында диагноз қойылып, операция жасалып, сапалы ем-дом шаралары көрсетілсе, онкологиялық аурулардан туындайтын өлім-жітім санын азайтуға, адамдардың неғұрлым ұзақ та сапалы, сәнді өмір сүруіне мүмкіндік тудыруға болады.
-Ал енді кадр мәселесіне тоқталсақ. Бұл саладағымаман мәселесі қалай шешілуде? Мамандардың біліктілгін арттыру мақсатында шетелдік білікті медицина орталықтарымен қандайда бір тәжірибе алмасу, біліктілік арттыру жұмысы жүргізіліп тұра ма?
-Кадр мәселесі 95-97 пайыз қаматамасыз етілген деп айтуға болады. Қазіргі кезде бізде екі-үш саладағы маманның ғана тапшылығы байқалады. Қалған саланың барлығы қалыпты. Мәселен, диагностика саласында морфология деген бар. Соған байланысты бізде морфологтар жетіспейді. Ал, сәулелі терапиямен емдейтін дәрігердің мәселесі енді шешілгелі отыр. Ал қалған мамандар бізде толық қамтамасыз етілген. Дәрігерлердің білімін арттыруға қай кезде де жіті назар аударып келеміз. Шетелден білікті мамандар шақырып, көптеген шеберлік кластарын өткізу де жұмысымыздың басты қағидасына айналған. Дәрігерлеріміз Еуропада, Израильде, Ресейде, Оңтүстік Кореяда білім жетілдіру курстарында оқып, тәжірибе алмасып, сол үйренгендерін біздің диспансерде қолданып жүр. Шетелден арнайы шақырылған мамандардың қатысуымен тәжірибелер жүргіземіз. Біздің орталықта еліміздің басқа онкологиялық орталықтарында жасалынбайтын операция жасалады. Мысалға бас пен мойын аумағында ісіктер болады.Ауыз қуысы, жақ сүйегінің ісігі, тілдің, еріннің ісіктеріне жасалатын микрохирургиялық оталар кез келген елде жасалынбайды. Түркия, Жапония, Үндістан, Корея сынды санаулы елдерде ғана жасалатын мұндай ота түрлері біздің орталықта жасалады. Бүгінгі заманға сай эндоскопиялық ота түрлері меңгерілген. Әлемнің медицинасы дамыған елдерінің озық тәжірибелерінің барлығын өз тәжірибемізде барынша пайдалануға сәтті талпыныс жасалуда. Жыл сайын халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, алыс-жақын шетелден келген білікті мамандармен, ғалымдармен білесіп жүйелі түрде жұмыс істеп келеміз. Мұның барлығы Қазақстандағы медицина ісін алға оздыруда зор маңызға ие қадамдар саналады. Биыл да ондай іс-шаралар көптеп ұйымдастырылды. Бұрындары тек шетелдерде жасалынатын күрделі операциялар қазір біздің елде де жасалуда. Қазақстанның барлық өңірінен жыл сайын 2 мыңнан астам адам келіп ем алады. Медицинаға қатысты заңдар мен бұйрықтардың негізінде, бірыңғай денсаулық сақтау жүйесіне сай оларға тегін медициналық көмек көрсетіліп келеді. Сондай-ақ, қазір тексеруден өткен сырқат адамның сырқатнама көшірмесін орталыққа электронды түрде де жіберуге мүмкіндігі бар. Бірнеше дәрігер шешім шығарып, соның арқасында науқас белгіленген күні емханаға келіп, қажетті ем-домын қабылдай алады.
— Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау саласын дамытудың негізгі тиімділігі неде?
-Бұл бағдарлама негізінен 2010 жылдан, яғни «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы басталған кезден тәжірибеге ене бастады. Оның негізгі тиімділігі – еліміздің кез келген азаматы өзінің қалауы бойынша емдеу орнын таңдап, қалаған дәрігерінен тегін ем қабылдау мүмкіндігіне ие. Міне, қазір осы мәселеге қатысты бірқатар жұмыс атқарылу үстіне. Мәселен, біздің орталық Астана қаласы әкімдігінің құзырында. Яғни біз Астана қаласы әкімдігінің онкологиялық орталығы деп аталамыз. Бірақ соңғы 7-8 жылдың ішінде біздің орталыққа келіп емделушілердің ауқымы да, географиясы да кеңейіп, еліміздің түкпір-түкпірін айтпағанда, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікістан сынды көршілес елдерден де азаматтар келіп, тиісті ем-домын қабылдау мүмкіндігіне ие болды. Яғни біздің орталыққа өзге аймақтардан келіп емделушілердің саны бүгінде 25-42 пайызды құрайды. Еліміздегі медицина саласына енгізілген бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі іске асқанның арқасында бүгінде осындай жетістіктерге жетіп отырмыз.
Сұхбаттасқан
Назерке Жұмабай