ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев Астанада өтіп жатқан қазақ сайттары редакторларының форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды Today.kz.
«Бүгінгі таңда әлемде жеті миллиард адам болса, соның тең жартысы әлеуметтік желіні қолданады. Әлеуметтік желі дамыған сайын кәсіби мамандардың бағасы арта түсуде. 1200 ауылда қазіргі таңда екі миллионнан аса адам тұрады. 2020 жылға дейін бүкіл ауылда интернет болады деген сенімдеміз», — деді министр.
Дәурен Абаев интернет журналистеріне ақпаратты тексерудің маңыздылығын баса айтты.
«Кәсіби журналист ақпараттың рас-өтірігін тексеруге міндетті. Үш сағаттың ішінде ел өміріне қатысты ақпаратқа мемлекеттік орган жауап беруі тиіс. Егер бір БАҚ бір адам туралы жалған ақпарат берсе, ол адам сотқа баруы керек. Журналист кез келген шенеуніктің ауруханада жатқаны жайлы жаза алады, бірақ, диагнозы жайлы жазуға құқығы жоқ. Бұл нормалар заңнамада бар», — деді Абаев.
Министрдің сөзінше, тасада тұрып тас атататын желі қолданушылары көбейген.
«Абу Даби Плаза» оқиғасын алайық. Ішкі істер министрлігімен бірлесе зерттеу жүргіздік. Сол күні әлеуметтік желіде жанжалға шақырған «патриоттық» пікірлердің бірде-бірі Астанадан жазылмаған. Тасада тұрып тас ату әдеті белең алып тұрғаны жасырын емес. Адамдардың көбінің басқа қалаларда отырып пікір жазғаны анықталды», — деді министр.
Дәурен Абаев қазақ сайттарын қолдауды жалғастыратынын жеткізді.
«Біраз жыл бұрын салалық БАҚ құру проблема болса, бүгінде ол мәселе өз шешімін тауып келеді. Қоғамда өтімді ресурстар жыл сайын көбеюде. Бұның бәрі мемлекет қолдауының арқасы», — деді Дәурен Абаев.