Дәрі-дәрмек саласында 3,7 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды

15 шiлде, 12:12

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бөлігінде денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдары қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындысы бойынша жиын өткізді.

Жоғары аудиторлық палата мүшесі Тілеген Каскиннің айтуынша, аудит барысында фармацевтикалық өнім айналымы саласындағы 36 жүйелік кемшілік анықталды.

Олар отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларына, баға белгілеуге, сатып алу және логистика процестеріне, инспекциялар жүргізуге және дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігін бағалауға қатысты.

Денсаулық сақтау саласындағы бағдарламалық құжаттардың іске асырылуын талдау фармацевтика саласын дамыту бойынша кешенді тәсілдің жоқтығын көрсетеді.

Сөйтіп қолдау шаралары отандық фармацевтикалық өндірісті дамытудың басым бағыттары мен жергілікті ету деңгейі есепке алынбай көрсетіліп келген.

Іс жүзінде дәрілік заттарды шығару кезінде отандық шикізат пайдаланылмайды. Сырттан әкелінетін компоненттердің сапасына қойылатын талаптар белгіленбеген.

Отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілердің мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуы 20 пайыздан аз.

Өткен жылғы сауда-саттық қорытындысы бойынша нарықтағы отандық дәрі-дәрмектердің үлесі 18 пайызды құраған.

Бағаны мемлекеттік реттеу тиісті дәрежеде жүргізілмейді. Шекті бағаларды қалыптастыру «пайызға пайыз» қағидаты бойынша үстеме бағаны белгілеуге негізделген, бұл нормативтік түрде препараттардың құнын өндіруші зауыт бағасынан 172 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Әлихан Смайылов: «Денсаулық сақтау министрлігі шекті бағаларды қалыптастыру әдістемесін бағаны жүздеген пайызға көтеруге болатындай етіп әзірлеген. Баға белгілеу әдістемесі мүлдем қате. Неліктен деңгейлес елдердегі баға талдау жүргізілмейді? Қазір барлық баға белгілеу өндіруші зауыттың мәліметтеріне негізделген. Бұл тәсіл дұрыс емес, – деді.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы сонымен қатар мемлекеттік реттеу саласы тіркелмеген дәрілік заттардың бағасын қамтымайтынына назар аударды. Бұл өндіруші зауыт бағасының 2000 пайызына дейін үстеме баға белгілеуге мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен бірге мемлекеттік аудит баға белгілеу тетігінің кемшіліктері «СК-Фармация» ЖШС-ның жекелеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан 40%-365% жоғары бағамен сатып алуына әкеліп соққанын анықтады, бұл 8 млрд теңгеден асып отыр.

Бірыңғай дистрибьютор жүйесінде сатып алуды сапасыз жоспарлау медициналық ұйымдардың 2,8 млрд теңге сомаға сатып алынған препараттардан бас тартуына әкелді.

Соның нәтижесінде 279,5 млн теңгеге препараттар жарамдылық мерзімінің өтуіне байланысты тұрып қалған, кейіннен олардың бір бөлігі есептен шығарылған.

Сатып алу рәсімдерін жүргізу кезінде ашықтық қағидатына қайшы келетін бұзушылықтар анықталды.

Осылайша, 3 млрд теңге сомаға тіркелген аналогтары болса да, сондай-ақ «СТ-KZ» сертификатымен жергілікті қамтуды растаусыз бір көзден алу тәсілімен 182 млрд теңгеден астам дәрі-дәрмектерді сатып алу жүзеге асырылды.

Жекелеген өнім берушілердің дәрі-дәрмектерді сақтау нарығын монополизациялауы және бірыңғай дистрибьютерде өзінің логистикалық инфрақұрылымының болмауы логистикаға жұмсалатын шығыстардың 1,5 есе өсуіне ықпал етті: 2022-2024 жылдарда 6,8 млрд теңгеден 10,2 млрд теңгеге дейін.

Тариф белгілеудің саясатының ойластырылмауы, логистика, есепке алу және шығыстарды бақылау процестеріндегі автоматтандыру деңгейінің төмендігі 17,2 млрд теңгеге экономикалық шығындарға, 538 млн теңге сома қаражатты артық төлеуге әкеп соққан, оның 220 млн теңгесі қалпына келтірілді.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша 3,7 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды. Соның ішінде: қаржылық бұзушылықтар – 538 млн теңге; тиімсіз жоспарлау – 2,8 млрд теңге; активтерді тиімсіз пайдалану – 385 млн теңге; бюджеттің ықтимал шығындары – 21,7 млрд теңге.

Аудит жүргізуге кедергі келтіргені үшін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің басшысы әкімшілік жауапқа тартылды.

Анықталған бұзушылық фактілері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілетін болады. Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 134 факт әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға берілді.

Жүйелік кемшіліктерді жою, бюджет және өзге де заңнаманың бұзылуына жол бермеу мақсатында мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, әкімшілік кедергілерді болдырмау, дәрі-дәрмектердің құнын төмендету және сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.

JQ-Aqparat

 

15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды
04 шiлде, 16:10
Түркістан: Мақсат – қылмыстың алдын алу