2 миллионнан астам қазақстандық сапалы интернетке қол жеткізеді. Бұл жөнінде бүгін үкімет отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім баяндады, деп хабарлайды jasqazaq.kz тілшісі.
«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, сіздің тапсырмаңызға сай министрлік болашағы бар 1700-ге жуық ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмысын қолға алуда. Яғни, бұл 2 миллоннан астам тұрғын сапалы интернетке қол жеткізеді деген сөз», – деді Д.Абаев.
Министрдің дерегіне қарағанда алдағы 3 жылда ұзындығы 24 мың шақырым талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылатын көрінеді. Бұл жұмыстың нәтижесінде тұрғындар секундына 20 мегабитке дейін жылдамдықты интернет желісіне қол жеткізбек.
«Жобаны жүзеге асыру үшін Ақпарат және коммуникациялар министрлігі іс-шаралардың атауын және орындау мерзімін көрсете отырып, арнайы жол картасын әзірледі. Бүгінгі күні бұл құжат бекітілді. Қазіргі кезде жобаның тұжырымдамасы ұлттық экономика министрлігімен және Қазақстанның мемлекеттік-жекешелік серіктестік орталығымен пысықталуда», – деді министр. Министрдің айтуына қарағанда жоба мемлекет пен жекешілік серіктестігі бойынша жүзеге аспақ. Бірақ жауапты серіктес мекеме жобаға 13 жыл бойы кепілді негізде қызмет көрсететін көрінеді.
Бейбіт Тоқтарбай
Астана