Астанада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы басталды, деп хабарлайды jazqazaq.kz тілшісі.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы, Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Ардақты ағайын, құрметті бауырлар, Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына келген баршаңызға қазақтың қастерлі атажұрты – Қазақ еліне, оның бас ордасы Астанаға қош келдіңіздер деп қуанышымды білдіремін. Алқалы жиынға 350-ден астам делегат-қандастарымыз келіп отыр. Қайда жүрсе де қазақтың тарихи отаны біреу-ақ ол – Қазақстан. Атамекеніміз жалғыз, ол бір уыс топырағына дейін қасиетті біздің ұлы дала – Қазақ еліміз. Бүгінгі басқосуға, мендегі мәлімет бойынша, жас буын қатысып отыр. Себебі жас ұрпақ түбі, тарихи негізі қазақ екенін ешқашан ұмытпайды. Олардың ата-аналарына көптен көп рахмет айтамыз. Бір тамырын тарихи отанына жаюды ойлайды. Туған елімен байланысын нығайтып, ата салтын сақтап, ана тілін ұмытпауға тырысады. Құрылтай баламалы энергия бойынша жер жүзінің инновациялық жетістіктерін паш ететін EXPO-2017 көрмесіне орай өтуде. Біз әдейі осылай байланыстырдық», — деп келген қонақтарды құттықтады. Жалпы құрылтайға барлығы 800 делегат қатысса, оның 350-ден астамы – әлемнің 39 елінен келген қандастарымыз. Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы 1992 жылы Алматы қаласында өткен болатын. Жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен, яғни 33 елден 800-ден астам өкіл қатысқан еді.