Бүгін соты басталған Абылай Мырзахметов не бүлдірді және ол туралы не білеміз?

22 қантар, 16:14

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметовке қатысты сот Астанада өтіп жатыр. Ол судья Айжан Көлбаеваның шешімімен жабық өтетін болды.

«Мемлекеттік айыптаушы қылмыстық істі жабық сот режимінде қарау жөнінде өтініш берді. Прокурорға куәгер Г. жеке басы мен отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін уайымдайтынын айтып, істі жабық қарауды сұраған. Айыптаудың мән-жайын ескере отырып, куәгерлер мен оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сот мемлекеттік айыптаушының өтінішін қанағаттандыру және осы қылмыстық істі жабық сот отырысында қарау қажет деп санайды», — деп түсіндірді өз шешімін судья.
Абылай Мырзахметовті өткен жылдың 10 мамырында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері ұстаған болатын. Ол алаяқтық жасады және кәсіпкерді туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдесемін деген желеумен аса ірі көлемде пара беруге итермеледі деген күдікке ілінген. Сөйтіп, екі күннен кейін қамауға алынды.

Ал сотқа іс желтоқсан айында жетті. Өткен аптаның басында сотқа айыпталушының өзі әкелініп, алдын ала тыңдау болды. Бүгін басты сот отырысы басталды.

«Атамекеннің» экс-басшысының ісі сотқа жеткеннен кейін бұл жағдайға өзі де басы шатылып жатқан бизнесмен Қайрат Боранбаевтың інісі – Талғаттың қатысы бар екені мәлім болған еді. Ал алдын ала тыңдау барысында прокурор Мырзахметов туысын бостандыққа шығарып беремін деп ақша сұраған адам сол Талғат Боранбаев екенін айтты. Әрине, қамаудан шығармақ болған туысы Қайрат Боранбаев болып шықты. Абылай Мырзахметов оның інісінен 30 миллион доллар сұраған. Ол Талғат Боранбаевты осылай алдап түсірген көрінеді. Өйткені оның ағасын қамаудан шығаруға басқа мүмкіндігі, мемлекеттік органдарда таныстары болмаған.
«15 миллион долларды мәселе шешілгенге дейін, 15 миллионын шешілгеннен кейін бересің деген. Боранбаев алданып қалып отыр. Ол 15 миллион долларды берген. Сосын Мырзахметов тағы 5 миллион доллар сұрапты», – деді прокурор.
Талғат оның да 3 миллионын беріп, қалғаны Сергей деген біреудің шотына түсетін болған…

Осындай шытырман оқиғалы іске басы шатылып жатқан Мырзахметов кім?

Абылай Мырзахметов биыл 1 қаңтарда 55 жасқа толды. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «экономист» мамандығы бойынша 1992 жылы бітірген ол 1998 жылдан 2001 жылға дейін «Қазақстан темір жолы» РМК президенті болған. 2001 жылы көлік және коммуникация министрі қызметіне тағайындалды. Ал 2002 жылдың наурызында өзіне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқанына байланысты қызметінен шеттетіліп, маусым айында қамауға алынған. Содан 2003 жылдың мамырында мемлекет мүлкін жымқыруды ұйымдастырды деген айыппен 5 жылға шартты түрде сотталып, өз мүлкі тәркіленді.
Бірақ Абылай Мырзахметов екі жылдан кейін-ақ лауазымды қызметтерге кірісіп кетті. Яғни 2005-2007 жылдар аралығында ҚР Сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті, президиум төрағасы болды. Содан кейін «Қазақстанның «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы қызметін атқарды. Ал «Атамекен» ҰКП басқарма төрағалығына 2013 жылы келген. 2022 жылы ақпанда бұл қызметінен кететінін мәлімдеді.

Айта кетейік, Абылай Мырзахметов – кезінде әкім, министр, премьер-министр қызметтерін атқарған Асқар Мырзахметовтің туған інісі. 2021 жылы Forbes оны еліміздегі ең ықпалды 50 кәсіпкердің қатарына қосты. Осы басылымның мәліметі бойынша, Мырзахметов мақтадан медициналық өнімдер жасайтын «Фараб» комбинатының, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында алтын өндіретін Altyn Dala Mining ЖШС-нің тең қожайыны.

Оразәлі Баймұрат

Бүгін, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
Бүгін, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу