«Алтын белгi» иегерлерi грантсыз қалмайды. Оларды гранттармен жоғары оқу орындары, Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Денсаулық сақтау министрлiгi қамтамасыз етедi. Бұл туралы ОКҚ брифингi барысында ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінiң директоры Гүлзат Көбенова айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
«Биылғы бiлiм гранттары талапкерлердiң таңдаған мамандықтарына сәйкес ҰБТ-да жинаған балдары бойынша, сондай-ақ, заңнамада бекiтiлiп, жеңiлдiк беретiн ауыл квоталары мен басқа да категориялар бойынша бөлiндi. Грант иегерлерiнiң толықтырылған тiзiмi «Алтын белгi» иегерлерiне берiлетiн басымдықсыз жасалды», — дедi Көбенова.
Департамент басшысының айтуынша, қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, «Алтын белгi» иегерлерiне бiлiм гранаттары тиесiлi. Сондықтан, республикалық комиссия бұл санаттағы талапкерлердi гранттармен университеттердiң, сондай-ақ, Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Денсаулық сақтау министрлiгi қаражаты есебiнен қамтамасыз ету туралы шешiмге келдi. Нәтижесiнде гранттар тiзiмi 3,5 пайызға немесе 1487 грантқа артты.
«Алтын белгi» иегерлерi грантсыз қалмайды», — дейдi Көбенова.
Атап өтсек, грант иегерлерiнiң тiзiмi «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерi мен басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Естеріңізге сала кетсек, елімізде ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғарғы балл жинап тұрып, оқуға түсе алмай қалған талапкерлерге, оның ішінде «Алтын белгі» иегерлеріне қатысты шу шыққан болатын. Жағдайды ушықтырмас үшін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев сондай талапкерлердің ата-аналарымен де кездескен еді. Наразы топпен жүздескен министр әрбір арыз-шағым жеке қаралады деп сөз берді.
Сондай-ақ, гранттарды бөлуге қатысты ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінiң директоры Гүлзат Көбенова түсініктеме берген болатын.
Айта кетейік, биылғы оқу жылына 37 932 мемлекеттік білім гранты бөлінді. Ал республика бойынша ҰБТ-ға қатысу үшін 86 999 мектеп бітіруші өтініш берген, ол жалпы мектеп бітірушілердің 71,85% құрайды. Оның ішінде: қазақ тілінде – 63 025 (75,63%), орыс тілінде – 23 974 (63,49%). ҰБТ-ға қатысуға өтініш бергендердің ішінен 84 079 мектеп бітіруші тестілеуге қатысты. Аудиторияда тәртіп сақтау ережесін бұзғаны және тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін 38 мектеп бітірушінің тест нәтижесі жойылды.
Қорыта келгенде, 2016 жылы 84 041 мектеп бітіруші немесе олардың жалпы санының 66,40%-ы ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. Оның ішінде: 61 706 қазақ тіліндегі, 22 335 орыс тіліндегі мектеп бітірушілер. ҰБТ-ға барлығы 4 893 жалпы орта білім беру ұйымы қатысты.
Республика бойынша ҰБТ-ның орташа балл нәтижесі конкурсқа қатысты пәндер бойынша 65,96 балды құрады (2015 жылы 65,39 балл болған). Конкурсқа қатысты пәндер бойынша 6231 немесе мектеп бітірушілердің жалпы санының 7,41%-ы тоқсаннан жоғары балл жинады. Биыл республика бойынша ең жоғары 140 балды ешкім жинай алмады.