Бразилияда осыған дейін есірткі тасымалымен айналысты деген айыппен ұсталған 21 жастағы Славяна Миневская атты қазақстандық бойжеткен ақталды.
Бұл туралы фейсбукте ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов хабарлады. 2017 жылдың 6 ақпанында басталған бұл оқиға желісі бойынша 1996 жылы туған қарағандылық Славяна Миневская Бразилиядан Қарағандыда тұратын әйелге 4 мың доллар үшін гауһар тас бұйымдарын әкеліп беруге келіседі. Бірақ Сан-Паулуға барған кезде оны белгісіз біреулер оқшауланған жерде ұстап, сыртқа шығармай қояды. Тек 2 апта өткенде оған ішінде белгісіз заты бар чемодан беріліп, оны Ереванға жеткізу туралы бұйрық етіледі. Бірақ Сан-Паулу әуежайына жеткенде полиция бойжеткеннің жүгінен 2 келі кокаинды тауып алып, оны сол қаладағы әйелдер түрмесіне жауып қояды. Қазақстан азаматшасының алданған болуы мүмкін екенін ескерген Бразилия билігі Қазақстанның тиісті ведомстволарына оқиғаның анық-қанығын анықтап, бойжеткенді бұл іске жұмсаған қарағандылық әйелді анықтауды сұрайды. Ақыры Қарағандыда отырып, өзгенің қолымен от көсеген 25 жастағы К. атты азаматша ұсталып, істеген қылмысы үшін 6 жыл 8 айға сотталды. Бұл істің құжаттары жедел түрде Сан-Паулу сотына жөнелтілді. Ақыры істің мән-жайына қаныққан Бразилия соты Славяна Миневскаяны ақтады. Қазір азаматша Миневская Сан-Паулуда және жуық арада Қазақстанға қайтып оралатын болады.