Әр бала бақытты өмір сүруге лайықты. Қатарласынан қалмай заманауи білім алуы тиіс. Балдәурен балалықтың бал дәмін татуға құқылы. Осы мақсатта наурыздың 30 күні Болашақ корпоративтік қорының ұйымдастыруымен «Әр бала мектепке лайықты» жобасы аясында конференция өтті. Жиынның мақсаты аутизм дертіне шалдыққан бүлдіршіндерге жәрдем беру.
«Әрбір бала мектепке лайық» — аутизмге және басқа да көмекке мұқтаж балаларды жалпы білім беру үрдісіне енгізу жобасы. Жоба басталғалы бері «Болашақ» қорына аутизмге ұшыраған балаларды білім алуда кемсітуге байланысты 700-ден астам өтініш түскен. Осыған байланысты, жоба аясында қаланың 10 мектебінде инклюзивті қолдау бөлімдері ашылды. Астана және Алматы қалалары бойынша бүлдіршіндер «үйден» білім алу мүмкіндігіне ие болыпты. Бүгінде бұл көмек 120-дан астам баланы қамтиды. Сондай-ақ, қор Астана қаласында психологиялық-педагогикалық түзетудің екі бөлімшесін ашқан. Астана, Алматы қалаларында жыл сайын 400-ден астам бала ем алу үстінде. «Әрбір бала мектепке лайық» еліміздегі мұқтаж балаларға сапалы білім алу үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Жиналыста сөз алған «Болашақ» бағдарламасының директоры Динара Чайжунусова, № 83 мектептің директоры Сәуле Теменова, №71 мектеп-лицейі директоры Айнұр Нұрова игі бастаманың берері мол екендігін түсіндіріп берді. Сонымен қатар «Әр бала мектепке лайық» жобасына қатысушы ата-аналар да Болашақ қорына алғыс айтып ақ жарма лебіздерін білдірді.
Ел ертеңі білімді ұрпақ деумен шектелмей іс жүзінде дәлелдеп келе жатқан Болашақ қоры ел алғысына бөлене бермек. Ұйымдастырушылар келешекте атқарар жұмыстарының жоспарларымен де бөлісе кетті. Сапалы білім алу үшін алдымен денсаулық қажет емес пе?! Себебі сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған!
Әбдіманап КЕҢЕС,
журналист