
Әлем бойынша атом энергетикасы саласында тәжірибесі мол, позициясы мығым елдің бірі — Чехия. Мұндағы қос АЭС — Дукованы және Темелин елдің басым бөлігін электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ атом энергетикасы көмір мен табиғи газдан тәуелділікті азайтуға да септігін тигізеді. Бұл декарбонизация және анағұрлым таза қуат көздеріне көшу жағынан алып қарағанда маңызды.
Чехияның атом энергетикасы жөніндегі бас директоры, Дүниежүзілік ядролық қауымдастық (WNA) төрағасының орынбасары Богдан Зронек Қазақстанда АЭС салу мәселесін зерттеп, елімізде атом энергетикасын дамыту әлеуетіне баға берді. Сондай-ақ Чехия тұрғындарының атом энергетикасын дамытуға көзқарасы қандай екенін айтты.
«Қазақстан отын жеткізу саласында бұрыннан мықты, демек осы саланы әрмен қарай кеңейте алады. Меніңше, бұл қазақстандық өнеркәсіпті пайдалану немесе ықтимал ядролық құрылғылардың құрылысы кезеңінде, сондай-ақ оларды пайдалану және қамтамасыз етуде жаңа мүмкіндіктерді ұсынады. Сонымен бірге ол ықтимал жаңа электр станция бойынша келісімшарт жасауда отандық өнеркәсіпті пайдалану және жеке шешімдерді әзірлеу үшін мықты потенциал».

Сарапшы Қазақстанда АЭС салу кезіндегі негізгі техникалық және инженерлік мәселелерге тоқталып өтті.
«Ең алдымен орын таңдау маңызды. Таза суға қолжетімділік, қажетті нәрсенің бәрін жеткізе алатындай жағдай бар ма? Сонымен бірге ядролық нысан үшін геологиялық орнықты жер табу қажет. Менің ойымша, Қазақстанда бұл мәселе қиындық тудырмайды, өйткені мүмкіндік көп. Қазіргі заманда техникалық жағынан жоғары деңгейлі, қауіпсіз әрі тапсырыс берушілердің талаптарына жауап бере алатын бірнеше жоба бар. Кезінде біздің алдымызда да ұлттық желіге, жабдықтау тізбегіне, болашақ серіктестерге сәйкес келетін жобаны таңдау міндеті тұрды. Бұл орайда барлық жобалар өте жоғары деңгейде екенін айту керек. Олар қауіпсіз әрі тиімді. Дегенмен коммерциялық жағын да ескерген жөн», — дейді Богдан Зронек.
Сарапшы Чехия тұрғындарының АЭС құрылысына көзқарасы қандай болғанын есіне алды. Оның айтуынша, қоғамның 70 пайыздан астамы қолдау білдірген. Жалпы қоғам тарапынан да, саяси өкілдер тарапынан да АЭС салу туралы шешім қолдау тапты. «Ядролық нысандарды пайдалануда жағымды тәжірибеміздің болғаны қуантады. Қазір күн тәртібіндегі басты тақырып — карбонсыздану және көміртексіз ресурстарға ойысу, тиімді энергетикалық баланс құру», — дейді.
АЭС қанша уақытта өзін ақтайды? Бұл туралы сарапшы нақты мына кезеңде деп айтуға болмайтынын, дегенмен шектеулі кезеңде өзін ақтайтынын түсіндірді. Әйтеуір, салынған инвестиция зая кетпейді. «Инвестиция электр қуаты бағасынының нарықта өспеуін қамтамасыз етуі тиіс. Біз осындай бағалауға сүйеніп, шешім қабылдаймыз», — деді ол.
Богдан Зронек атом энергетикасының басқа ресурстармен салыстырғандағы артықшылығы мен кемшілігіне тоқталды. Кемшілігі – мұндай жоба бастапқыда қомақты инвестицияны қажет етеді. Әйтсе де, кейін эксплуатациялық шығыны төмен болады. Қарапайым тілмен айтқанда, бастапқыда АЭС салу қымбатқа түскенімен, кейін анағұрлым арзан электр қуатымен қамтамасыз етеді. Ұзақ мерзімге арналған тұрақты да қауіпсіз өндіріс көміртексіз, басқа да зиянды қалдықтарсыз электр энергиясын шығаруға мүмкіндік береді.
Чех сарапшысының айтуынша, қазір Чехия электр энергиясына мұқтаждығын толық өзі жауып отыр. Алдағы уақытта Чехия билігі электр қуатының жылдық өндірісінің 50 пайызын атом энергетикасынан, қалғанын газ және балама табиғи қуат көздерінен алуды көздейді.
«Jas Qazaq» газеті
Сурет: atomic-energy.ru/