Бір құтының тағдыры — бір әулеттің тағдыры

17 қантар, 16:22

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылғы 03 қаңтарда «Ана тілі» газетіне берген жылдың беташар сұқбатында былай деген болатын:
«Биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алады. Жеңістің биылғы мерекесі Қазақстанның бірде-бір азаматын бей-жай қалдырмайтынына сенімдімін. Өйткені біздің елде сұрапыл соғыстың зардабын тартпаған отбасы жоқ деуге болады. Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз».
Осы ретте «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі Екінші дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен боздақтарды іздеумен айналысатын бірден бір үкіметтік емес ұйым екенін еске сала кетейік.


Қоғамдық бірлестік төрағасы Мұрат Молдағалиевтің айтады: «Биыл біздің ұйым үшін өте маңызды жыл және осы жылға жоспарланған жобаларымыз да жетерлік. Оның бірқатарына ҚР Парламенті мен Үкіметі қолдау көрсетеді деп үміттенеміз. Жеңістің 80 жылдығында Еуропа мемлекеттері аумағында қаза тауып, жерленген отандастарымызды анықтап, есімдерін есте қалдыруға барынша күш салуға тырысамыз. Өйткені бұл елдерде жерленген жауынегерлердің аты-жөндері, деректері, зираттары кезінде қағағазға хатталса кейін, олар мүмкіндігінше цифрландырылып, бір ізге түсірілген».
Қазіргі таңда ұйымның қолында Еуропа елдерінде мәңгілік мекен тапқан 20 мыңға жуық қазақстандықтардың тізімі бар. Олардың елде тұратын туыстары да табылып жатыр. Соның бірі Сербияда жерленген Сыр өңірінің тумасы Биман Кушкумбаевтың (тегі құжатта осылай жазылған) ұрпақтары қазір Қазалыда тұрады екен. Енді жер қарайып, жаз шықса аталарының басына барып, бір уыс топырақ салып қайтпақшы. «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің халықаралық істер жөніндегі үйлестірушісі Ардақ Закиева Сербидағы Қазақстанның консульдығымен бірге осы мәселемен айналысып жатыр.
Сондай-ақ, Ардақ Алимолдақызы жақында Италияда қаза тауып жерленген 36 отандасымыздың тізімін алыпты. Олар 1943 жылдың қазаны мен 1945 жылдың мамыры аралғында Югославия ұлт-азаттық армиясының 9-шы корпусы 30-шы дивизиясы құрамында Италия жерінде соғысқанға ұқсайды. Олардың майданға Қазақстанның қай жерінен, қай уақытта шақырылғандары, туған-туыстары туралы толық деректер жинақталып жатыр. Елі ішінен ет жақындарын іздестіру содан кейін басталады.
Махамбет Өтемісұлы қалай жырлаушы еді: «Садағына сары шымшық ұялап, Жау іздеген ерлердің, Басы қайда қалмаған?!»
Бүгінгі таңда қоғамдық ұйым осы бағытта Сырқы істер министрлігінің көмегіне сүйене отырып Еуропа елдеріндегі Қазақстаннның елшіліктерімен тығыз байланыста жұмыс істеуде.
Ұйым атына күн сайын өздерінің із-түссіз кеткен ата-бабаларын іздеуші ұрпақтардан ондаған өтініштер келіп түсіп жатады. Қоғамдық бірлестіктің еріктілері ай саын кем дегенде отыз-қырық майдангердің аты-жөндері мен жерленген жерлерін анықтап, туыстарына хабарлап отыратын көрінеді.
Кейде күнделікті өмрде маңызды емес, елеусіз нәрсенің өзін ұрпақтары үлкен оқиға ретінде, өшкені жанғандай қабылдайды. Өйткені онда бір әулеттің тарихы немесе тағдыры жатуы мүмкін. Бұл «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Әлия Сағымбаеваның пікірі. Ә.Сағымбаева жақында елге тағы бір жақсы хабарды жеткізді. Оған Смоленск облысындағы іздестірушілер жасағының командирі Наталья Максимова Днепрдегі өткелден Қызыл Армия сарбазының құтысы табылғанын және құтының иесі қазақ жауынгері екенін хабарлайды. Құтының бір бетінде «Клишкали приб(ы)л 1940 7 ноября Дуйсенгалиев» деген мәтін анық жазылған. «Мемориал» базасының деректері бойынша К.Дуйсенгалиев 1941 жылы із-түзсіз жоғалып кеткен. Құжатта «761» әскери пошта нөмірі көрсетілген, бұл нөмір осы аймақта әскери іс-қимылдар жүргізген 17-ші танк дивизиясының 5-ші механикалық корпусының бөлімдеріне тиесілі. «Приб(ы)л 1940 7 ноября» деген жазу әскери бөлімге қабылданған күні болуы мүмкін (Дүйсенғалиевтің әскерге шақырылған уақыты — 20.10.1940ж).


«Atamnyn Amanaty» ұйымының мүшелері дереу іске кірісіп, бес сағаттың ішінде Қылышқали Дүйсенғалиевтің Батыс Қзақстан облысында тұратын туыстарын табады. Майдангердің екі қарындасынан тараған жиендері Сабыр және Жасұлан деген азаматтардың айтуынша олар төрт ағайынды болған. Екі ұл және екі қыз. Қылышқалидың інісі жастай қайтыс болып, өзі әскерге аттанғанда артында анасы мен жасар қос қарындасы қалады. Із-түссіз жоғалды деген хабар жетсе де олар үміттерін үзбей күтумен болады. Үміттің өшпеуіне ұзынқұлақтан Қылышқали тірі екен, Германияда тұруы мүмкін, біреулер көріпті-мыс деген әңгіме себеп болады. Содан Жасұланның айтуынша кезінде КСРО Қорғаныс министрлігінің Подольскідегі архивіне де, Қызыл Крест қоғамына да хат жазып, ешбір дерек біле алмаған. Енді міне, өзі болмаса да нағашы атасының көзіндей, қолында ұстаған дүниесі табылып, оның Днепр үшін шайқасқаны белгілі болып отыр.
«Әскерге аттанып бара жатқанда Орал қаласында түскен бір топ суретте Қылышқали Дүйсенғалиев бірінші қатарда солдан оңға қарай санағанда үшінші болып тұр. Үйдің қабырғасына ілуге арналған портреті кейін көне фотосының негізінде көркемделіп жасалған. Бірақ, келбеті айқын. Құтысы табылды, енді сүйегінің қайда жерленгені туралы да бір дерек шығып қалар деген үміт бар», — дейді Жасұлан.
Он сегіз жасында опат болған боздақтың артында тікелей ұрпағы қалмаса да жақын тустарынан бөлек ерлік дәстүрін атадан балаға мирас еткен, әруақ сыйлаған қазақ деген қалың елі бар. Ендеше ер есімі ел есінде сақтала бермек.

Абзал Ибрагим

21 қантар, 13:57
Кредитті жылдам жабудың тәсілдері қандай?
16 қантар, 12:30
Жастар жұмыссыздығының себебі неде?
10 қантар, 15:56
Аңдамай сөйлесең, ауырмай ақша төлейсің
05 қантар, 14:12
Жасанды интеллект болашағымызға қауіп пе, әлде жаңа мүмкіндіктер алаңы ма?
03 қантар, 21:15
Боранды күні жолға шығатындар басқаларды да ойлауы керек
26 желтоқсан 2024, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан 2024, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан 2024, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан 2024, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді