Берік Асылов: Инвестициялық жобалар мен бизнесті қорғау – біз үшін маңызды міндет

29 қантар, 12:43

Елімізге сырттан инвестиция тарту заңдылықтың сақталуын талап етеді. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстардың құқықтық тұрғыдан қорғалуына айрықша мән беріледі. Бас прокурор Берік Асылов «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында осы міндеттің қалай орындалып жатқанына егжей-тегжейлі тоқталды.

«Мемлекет басшысы инвестицияларды ынталандыру ұлттық басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Тәуелсіздік жылдары елімізге тартылған инвестиция көлемі 400 млрд доллардан асады. Тек 2022 жылы шетелден 28 миллиард долларды құрайтын инвестиция кірді. Бұл – кейінгі 10 жыл ішіндегі рекорд. Ел экономикасына әлемнің ірі инвесторларын тарту мүмкіндігіміз мол. Мемлекет басшысының АҚШ пен Германияға ресми сапарынан кейін IT, медицина, көлік және металлургия салаларындағы ірі әлемдік компаниялар қазақстандық нарыққа келуге ынталы екендіктерін көрсетті. Себебі бізде энергетика, табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы мен көлік-логистикалық жүйелердің әлеуеті мол», — деді Берік Асылов.

Бас прокурордың айтуынша, елімізге тартылған инвестициялар экономикамызға тамыр жаюы үшін барлық мүмкіндік жасалуы қажет. Сол себепті, мемлекеттік органдар инвестициялық қызметті қолдауға барынша атсалысуға тиіс. Бұл бағытта жасалған нақты және аса маңызды қадам ретінде Мемлекет басшысының 2023 жылғы 4 желтоқсандағы «Ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арт-тыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын атап өтуге болады. Себебі құжат шұғыл шешім қабылдаудың жаңа жүйесін енгізді. Жарлық негізінде инвестициялық штабтың жұмысы қайта құрылды. Ендігі жерде штаб қабылдаған шешімдер мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар үшін міндетті болып саналады. Бұл инвестициялық ортаны жақсартуды едәуір жеделдетеді.

«Президент Бас прокуратураға инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мен оларды қорғауды жүктеді. Басқаша айтсақ, жоғары қадағалау органының тарихында жаңа сала пайда болып, прокуратураға жаңа міндет жүктелді. Осы арқылы қызметімізге өзгеріс енгізілді деп айтуға да болады.

Біз үшін жүктелген міндет анық, ол – бизнесті жүргізу мен инвестиция тарту үдерісін барынша ашық, түсінікті және жеңіл ету. Инвесторлардың проблемаларын біз жөнсіз бөгеттер мен кедергілерсіз тікелей шешуіміз керек. Ол үшін біз ең алдымен Сыртқы істер министрлігімен байланыс орнаттық. Себебі Инвестиция комитеті осы министрліктің құрамында. Алдағы уақытта прокурорлар комитетпен тығыз жұмыс істейді», — деді Бас прокурор.

Бас прокуратура сондай-ақ инвестиция тартуды және инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеуді қамтамасыз ететін «Kazakh Invest» ұлттық компаниясымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Өңірлерде «бір терезе» қағидаты бойынша фронт-офистер ашылып, әр прокуратурада call-орталықтар іске қосылып, жұмыс істеп тұр.

Газет тілшісінің «Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу не үшін қажет? Қазіргі таңда прокурорлардың өндірісінде қанша жоба бар?» деген сауалына Берік Асылов былай деп жауап берді: «Инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің басты мақсаты – оларды іске асырудың барлық сатысында инвесторларға құқықтық қолдау көрсету және қорғау. Оның да бірқатар сатысы бар. Мысалы, объектінің құрылысын бастау үшін мемлекеттік сараптама, сәулет, экологиялық бақылау және басқаларын қоса алғанда, түрлі инстанциядан 60-тан астам рұқсат талап етіледі. Инженерлік желілерге қосылу – мүлде бөлек мәселе.
Бүкіл үдеріс бір жарым жылға дейін созылуы мүмкін. Кейде, тіпті, инвестордың дегеніне қолы жетпей, сағы сынып жатады. Кейде кейбір мемлекеттік орган инфрақұрылымдарды пайдалануға рұқсат бермесе, екіншісі, инвестордың жұмысын тоқтатып қояды, ал үшіншісі, бұрын алған жерін қайтарып беруді талап ететін жағдайлар да болып жатады».

Бас прокуратура шынымен де соңғы жылдары инвесторлардың құқығын қорғауға айрықша мән беретін болды. Берік Асыловтың мәліметінше, Алматының Өндіріс аймағында 26 инвестор Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының рұқсат бермеуіне байланысты бір жарым жылдан астам уақыт газбен жабдықталмаған. Тексере келе шенеуніктердің әр нәрсені сылтауратқаны анықталып отыр. Кәсіпкерлер қосылуға тиіс газ құбыры коммуналдық меншіктен пайдаланушыға – «ҚазТрансгазаймаққа» берілмеген. Ал әкімдік газ құбырының меншік иесі ретінде қосылуына келісім беруге тиіс еді. Мәселе прокурорлар араласқаннан кейін шешімін тапты. Қадағалау актісі енгізіліп, кінәлі лауазымды адамдар жауапқа тартылды.

Ақмола облысында испан инвесторы 3 жыл бойы жер ала алмаған соң, Қазақстаннан кетпек болған. Прокурорлардың араласуынан кейін 63 млрд теңге құрайтын жоба жұмысын бастады. Жобаны біздің қызметкерлер қоғамдық тыңдаулар сатысынан бастап, жер учаскесін беруге дейін сүйемелдеді.
Павлодар қаласында да француз инвесторының проблемасы шешілді. Одан әкімдік сүт өнімдерін өндіретін зауытты қаладан көшіруді заңсыз талап еткен. Сылтау – қаланың бас жоспары өзгерген. Ал кәсіпкер болса зауытқа бір жарым миллиард теңге инвестиция салған.

Жобаларды сүйемелдеу кезінде прокурорлар мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне баға беріп қана қоймайды, сот шешімдерін де мұқият талдайды.

Мәселен, Абай облысында аудандық сот цемент зауытын сатып алу туралы шартты заңсыз деп тану туралы шешім шығарған. Ол шешімге прокуратура апелляциялық өтінішхат енгізіп, облыстық сот күшін жойды. Соның арқасында құны 25 млрд теңге тұратын сингапурлық инвестордың өндіріс орны сақталды. Мұндай мысалдар жеткілікті.

Сұхбатта айтылғандай, бүгінде прокурорлар 7,5 млрд доллар тұратын мыңнан астам жобаны сүйемелдейді. Жоба құрамында Жалпыұлттық пулдың 1011 жобасына кіретін 32 шетелдің және 40-тан астам ірі отандық инвестор бар. Барлық инвестициялық жоба зерделеніп, оларға жан-жақты құқықтық баға берілді, 94 инвестордың құқығы қорғалды. Олардың ел экономикасына салған салымдарының жалпы құны 1,4 трлн теңгені құрайды.

Инвестициялық штаб олардың ұсынысымен инвестициялық жобалар бойынша «прокурорлық сүзгі» деп аталатын жаңа тәсіл енгізді. Енді мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар инвесторларға қосымша жүк артатын кез келген тыйым салу немесе шектеу сипатындағы шешімдерін алдымен прокурорлармен келіседі. Бұл орайда инвестордың жұмысын тоқтату, лицензиялар мен басқа да рұқсат құжаттарын қайтарып алу, келісімшарттарды бұзу, салықтық тексерулер, әкімшілік іс қозғау және басқа да шешімдерге қатысты айтып отырмыз. Мысалы, аймақтардың бірінде Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы темірбетон бұйымдарын шығаратын өндіріс орнының жұмысына кедергі келтіретін шешім шығарған. Шешімді қабылдауға прокуратура тосқауыл қойды. Құзыретті орган алдымен өздері бюрократтық кедергілер жасап, құрылыстың кешігуіне себеп болған, ал соңында келісімшартты ұзартудан және зауытты пайдалануға беруден бас тартуға тырысқан. Прокуратура араласқаннан кейін келісімшарт мерзімі ұзартылып, инвестор құрылысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Бас прокуратура Павлодар облысында салық органы француз инвесторына 99,8 млн теңге заңсыз салық салмақ болғанын анықтады, оған жол берген салық қызметкері тәртіптік жазаға тартылды.

Қысқасы, «прокурорлық сүзгі» инвестиция саласындағы әр шешімнің заңды болуын қамтамасыз етіп, шенеуніктердің құқыққа қайшы әрекеттеріне тосқауыл қоюда.

Берік Асыловтың айтуынша, инвесторлармен өзара байланыс үшін цифрлық платформалардың маңызы зор. «Бұл бағыттағы жұмысты жолға қою барысында шетел тәжірибесі зерделедік. Қытайлық әріптестеріміздің «Заң үстемдігі – үздік бизнес-орта» тұжырымдамасымен таныстық. Көрші елдің бұл тұжырымдамасы барлық нарық субъектісін бірдей қорғауға, экономиканы сапалы дамытуға және заманауи мемлекет құруға бағытталған.

Біз халықаралық тәжірибені ескере отырып, инвесторлар ұсынған шараларды енгіздік. Оның бірқатарын жеткілікті түрде пысықтау үшін Үкіметке жолдадық. Былтыр инвесторлық жобаны іске асыруға қажет рәсімдерді жеделдету мақсатында «жасыл дәліз» – «Fast Track» инвестициялық жобаларды қолдау жүйесін енгізуді ұсындық. Қазіргі уақытта тиісті ережелер әзірленіп жатыр.
Бастапқы кезеңде «жасыл» секторда «Fortune Global 500» тізіміндегі әлемдік брендтер мен жоғары технологиялық компаниялар болады деп болжап отырмыз. Егер компания әлемдік деңгейде танымал болса, онда оны барлық рәсімнен өткізу қисынсыз екені сөзсіз», — дейді ол.

Сұхбатта кәсіпкерлердің мүддесін қорғау мәселесі де қозғалды. Бұл орайда Бас прокурор: «20-30 жыл бұрынғы заңнама қоғамдағы өзгерістерге бейімделіп үлгермеді, нақты анықталған бақылау мен реттеу үдерістері мен ережелері болмады. Кейбір шенеунік бизнес өкілдерімен қарым-қатынаста өздерін ерекше санап, кез келген бизнес-объектіге ескертусіз кіріп, өзін сол бизнестің иесі сияқты ұстайтын. Қазір жағдай мүлдем басқа», — дей келе, бүгінде бизнес-субъектілерді тексерудің барлық нысаны Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде арнайы тіркелетінін айтты. Сол арқылы бизнесті тексеру прокурорлар тарапынан бақылауға алынып, бизнеске қысым бірнеше есе азайды. Тек тіркеу сатысында 2 мыңнан астам заңсыз тексеруге жол берілмеді.

Ал қылмыстық процесс бойынша, салаға үш буынды модель енгізу бизнесті қорғауды күшейтіп отыр. Қазір тергеуші барлық негізгі шешімдерін прокурормен келісуге міндетті, әйтпесе олар заңсыз болып саналады.

«Менің нұсқауыммен бизнес өкілдеріне қатысты қылмыстық іс қозғаудың нақты қосымша талаптары бекітілді. Бұл шаралар тиімділігін көрсетті. Өткен жылы кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істер саны 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге – 913-тен 444-ке азайды. Ал қылмыс құрамының болмауы немесе ақтау негіздері бойынша тоқтатылған істер үш есеге – 470-тен 133-ке кеміді.
Жаңа тәсілдер ойдағыдай сынақтан өтіп, елімізде іскерлік климаттың жақсаруына ықпал етті деп айтуға негіз бар. Өткен жылы прокурорлардың арқасында 130 мың кәсіпкердің құқығы қалпына келтірілді. 14 мыңнан астам заңсыз тыйым салу-шектеу шарасы, 21 мың салық бұйрығы, 4,9 мың әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің күші жойылды, 13 мың атқарушылық іс жүргізу тоқтатылды. Бұдан бөлек 1,2 мың¬нан астам лауазымды адам түрлі жауапқа тартылды», — деді Берік Асылов.

Оның айтуынша, бизнесті қорғау – прокурорлар орталықта да, жергілікті жерлерде де жүзеге асыратын тұрақты әрі қажырлы жұмыс. Мұндай қызмет жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашып, жұмысшыларды лайықты жалақымен қамтамасыз етуде маңызды екені даусыз. Осының барлығы азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әділетті Қазақстан құру үшін маңызды.

Сұхбатта айтылғандай, қазіргі кезде Үкімет мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты өзгертетін жаңа Салық кодексін әзірлеп жатыр. Жаңа реттеу саясаты енгізілді, ол бизнеске қойылатын тиімсіз талаптарды жоюға бағытталған. Осы саясатты ескере отырып, кәсіпкерлерге қойылатын Міндетті талаптар тізілімін құру бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. Барлық нормативтік талапты қамтитын тізілім бизнес-ортаға теріс ықпал ететін талаптарды жою әдісін қолдануға мүмкіндік береді.
Үкімет бизнес-қауымдастықпен бірлесіп, 10 мыңнан астам артық талапты анықтады, 9 мыңының күшін жойды. Мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесіне реформа жүргізіліп жатыр. Мақсат – профилактикалық іс-шаралар мен тексерулерді нақты фактілерге негіздеу.

Берік Асылов: «Қазір Бірыңғай цифрлық инвестициялық платформа деген жүйені әзірлеп жатырмыз. Жүйе елге инвестиция әкелуден бастап, оны пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерісті нақты уақыт режімінде бақылап отыруға мүмкіндік береді. Жауапты адамдарды көрсете отырып, жобаның барлық кезеңі, әсіресе рұқсат құжаттарын алу, жер учаскесін беру және басқа да үдерістер цифрланады. Жүйе құқық бұзу мен кедергілер болған жағдайда Сыртқы істер министрлігі мен прокурорға сигнал береді. Қазір үдерістерді талдау және бақылау механикалық жолмен жасалады.

Еліміздің алдында тұрған мақсат – экономикалық өсімді 6-7 пайызға, 2029 жылға қарай экономика көлемін екі есеге арттыру. Мемлекет басшысы осы мақсаттарға жету үшін бизнесті жүргізу стандарттарын, қағидалары мен практикасын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне жеткізуге арналған ауқымды реформалар қажет болатынын атап өтті. Барлық мемлекеттік органның басшылары осы міндеттің маңызын түсініп, болашақ инвестициялық өрісті қалыптастыруға белсенді қатысады деп санаймыз», — деді.

Фото: egemen.kz

Бүгін, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды