Бір елді өрге сүйреген реформаның бір күнде іске асқаны жоқ. Ел тағдырын шешерлік ірі жоспарлардың орындалуы үшін керек дүние әрине – уақыт. Барлығымызға белгілі Елбасының «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына бір жыл толды. Аз да, көп те емес. Алайда ел санасын жаңғырту үшін әрине аз уақыт. Дегенмен көптеген жұмыстың атқарылғандығы айдан анық. Осыған орай «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиды сөзге тарттық.
Жас қазақ: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша бір жыл жасалған жұмыстарға бір тоқтала өтсеңіз. Көңіліңізден шықты ма?
Берік Әбдіғали: Бұл әлі бастамасы ғой. Бір жылда барлығын жасап шығу мүмкін емес. Бағдарламадағы біздің басты мақсатымыз қазақтың киелі жерлерінің тізімін анықтау болатын. Бұл іске ел, жер болып ағайындар қол ұшын беріп жұмыла тізімді анықтадық. Ол жұмысқа көңілім толды. Ендігі мәселе анықталған тізімді насихаттау. Тізімдегі жерлерді халыққа таныстыру, саяхат ұйымдастыру. Тарихи ескерткіштерді ашып, аңызын көрсете білу ең маңызды істің бірі. Сондықтан нағыз қайнаған жұмыс енді басталады дер едім.
Жас қазақ: Елбасы Рухани жаңғыру деп түрлі руханиятқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын іс-шаралардың ұйымдастырылып жатқанын атап өткен еді. Осыны қалай түсінсек болады?
Берік Әбдіғали: Иә ондай оқиғалардың болғандығы жалған емес. Меніңше мұны үлкен кемшілік деп айтуға келмейді. Барлық жақ шама-шарқы келгенше бағдарламаға өз үлесін қосып қалуға тырысып жатыр. Негізі көптеген үлкен жобалар да жүзеге асып жатыр. Кейбірін білеміз, кейбірі мүлде назардан тыс қалып жатады. Аймақтардағы мұндай ағаттықтарға біраз түсіністік таныту керек.
Жас қазақ: Рухани жаңғыру отандастарымызға не берді?
Берік Әбдіғали: Ең бастысы ұлттық сана сезімді қалыптастыруда, патриоттық сезімді күшейтуде, тарихымызды кеңінен насихаттауға жағдай жасады. Мысалы 100 кітап шығып жатыр. Оны оқып таныған келешек ұрпақ ұлттық құндылықтардан кенде қалмайды дер едім. Сондай-ақ білімі, ой-өрісі бізден оқ бойы озық болады деп сеніммен айта аламын. Сонымен қатар латын графикасы да бір саяси шешім. Ал біздің ұлттық бірегейлігіміз өркениет көшін ілгерілетуге, әсіресе көрші елдермен тереземіздің тең болуы жолындағы ең құнды қазынамыз.
Жас қазақ: Елімізді танытуға ойыссақ. Кеше ғана Елбасымыз 100 кітапқа байланысты шет елге көрсетерлік санаулы ғана жазушыларымызды атап өтті. Сіздің ойыңызша оларды таныту үшін, еңбектерін жариялау үшін қандай жұмыс жасауымыз қажет?
Берік Әбдіғали: Елбасы бізде шет елге таныстырар адам жоқ деп айтпады. Бізде қаламгер көп болғандықтан ретімен, талассыз жариялаған жөн деді. Оны сынау емес, халқымыздың бойындағы мінезді астарлы қалжыңмен түсіндіру деп ұққанымыз жөн. Әлемдік аренаға бәрі шыққысы келгендіктен зиялылардың таласып қалмауын талап еткен болатын. Бізде халықаралық дәрежеде танымал бола алатын қаламгерлер, әлемдік талапқа сай шығармалар жоқ емес. Шет елде тек этнографиялық және фольклорлық дүниелер емес модерн еңбектерді де көргісі келеді. Оған да түсіністікпен қарап, сұрыптап шығаруымыз қажет.
Жас қазақ: Соңғы сұрақ. Осы рухани жаңғыру бағдарламасы арқылы дәріптеліп жатқан қай жерлерді болашақта еліміздің туристік орталығына айналады дей аламыз?
Берік Әбдіғали: Бұрыннан белгілі жерлер бар. Сонымен қатар тауларымыз Маңғыстау, Алтай, Алатау болсын барлығына әлем қызығушылық танытып жатыр. Жібек жолының өзі бір тарих. Менің ойымша біз қаншалықты осы тарихымызды дәріптесек, соншалықты әлемнің назары бізге ауа түсердей. Мысалы үшін сақ кезеңінің өзі жетіп артылады. Себебі кезіндегі сақтардың отаны біздің еліміз болған. Мысалы үшін Алтын адам мен Берел қорғанын алсақ болады. Осының барлығы біздің отынымыздан табылғандығын, біз солардың ұрпағы екенімізді айтудан жалықпауымыз тиіс.
Иә, танымал тарихшының сөзі көпке ой салады деген үміттеміз. Руханият мәселесінде ерік-жігерімізді жиып ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді мақсат тұтсақ игі. Себебі бүгініміз ертеңгі тарих. Сананың жаңғыруы руханияттан бастау алатыны жасырын емес. Оған «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 1 жыл бойы атқарылған үлкенді-кішілі жұмыстар куә. Бұл үлкен тарихтың бастамасы болмақ!
Әбдіманап КЕҢЕС,
журналист