Бельгиялық полиглот Йохан Вандевалле қазақ тілін ұлттық арнадағы «Бірге таңдаймыз» бағдарламасын үш ай бойы күн сайын қарап, үйреніп алған.
Бұл туралы аталған бағдарламаның жүргізушісі Нұрбигүл Егізова Instagram парақшасында Йоханның хатын жария етті.
«Сәлем, қымбатты Нұрбигүл ханым! Мен бельгиялық полиглотпын.» «Бірге таңдаймыз» бағдарламаңызды үш ай бойы күнделікті тамашалау арқылы қазақ тілін жақсы тыңдап, түсінуді үйрендім. Бұны электронды почтамда детальді түрде түсіндірдім. Сізге, барлық мамандарыңыз бен қонақтарыңызға көп-көп рақмет! Мен үшін өте тамаша мұғалімдер болдыңыздар. Құрметпен, Йохан Вандавалле», — деп жазған полиглот хатында.
Өз кезегінде тележүргізуші полиглотты ұлттық арнаның өзгеде бағдарламаларын көруге шақырған.
«Йоxан мырза, xатыңызды міндетті түрде оқып, жауап жазамыз және «Қазақстан» ұлттық арнасының өзге де тамаша жобаларын тамашалауға кеңес береміз»,-деген ол.