ОҚО ІІД Ұйымдасқан қылмыстық топпен күрес басқармасының қызметкерлері аса ірі көлемде ақша бопсалады деген күдіктілерді ұстады.
Жеке кәсіпкер полицияға белгісіз біреулердің оны қорқытып, 7 миллион доллар ақша бопсалағанын хабарлаған. «Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабының 4-бөлігі бойынша («Қорқытып алу») сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестріне тіркелді.
ОҚО ІІД Ұйымдасқан қылмыстық топпен күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру шаралары барысында 3 миллион 20 мың доллар ақша алып жатқан жерінен төрт ер адамды — 1962, 1965, 1973 және 1976 жылғы күдіктілерді ұстады. Олар Шымкент және Алматы қалаларының тұрғындары болып шықты, барлығы жұмыссыз», — деп хабарлады ІІД өкілдері.
Сондай-ақ, күдіктілерден заттай дәлелдер ретінде 3 миллион доллар мен 20 мың доллардың тәркіленгені айтылады. Ұсталғандардың бірі қамауға алынды, қалғандары қаладан шықпау туралы қолхатпен бостандықта. Қазіргі уақытта полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.