Торғай өңірін зымыран қалдықтарын тастайтын алаң ретінде пайдалану мәселесі әлі толық зерттеуді қажет етеді. Бұл – өте үлкен жұмыс. Зерттеу жұмыстары өткізілгеннен кейін нағыз зымыран бөлшектері құлайтын ауданның көлемін есептеп шығарамыз. Бұл туралы Үкімет отырысынан соң Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов журналистерге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды jazqazaq.kz тiлшiсi.
Министр «Бұл мәселе әлі түбегейлі шешімін таппаса да қоғам арасында көп көтеріліп жатыр. Жергілікті биліктен де мәселеге қатысты хабар келді. Шынымды айтсам, бұл 120-шы аудан деп есептелінеді бізде. Ал жердің көлемін бірден айта алмаймын. Себебі бұл – әлі шешілмеген мәселе, зерттеу жұмыстары өткізіліп жатыр. Зымыран ғарышқа ұшқан кезде оның бүкіл траекториясына есеп жасап, бөлшектері қай жерге түсетіндігі жөнінде зерттеу жұмыстарын өткізу керек. Бұл – өте үлкен жұмыс. Зерттеу жұмыстары өткізілгеннен кейін нағыз зымыран бөлшектері құлайтын ауданның көлемін есептеп шығарамыз. Бұл – эмоциямен көтеруге болмайтын мәселе. Кейбір мәселені айтқанда, біріншіден, біз халықтың көңіліне қараймыз. Екіншіден, еліміздің экономикасына қараймыз», — деді. Мәселеге қатысты нақты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтқан Бейбіт Атамқұлов «Жалпы бұл мәселе менің бақылауымда. Өткенде сол аудан ақсақалдарынан хат алдық. Қазір нақты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі бұл Үкіметтің жері, оны «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорыны уақытша жалға алған. Бұл бағдарлама 4 жылда біткеннен кейін,ол жер қайта ауданға өтеді. Ол жер қалай пайдаланып жатыр, бұған дейін қанша пайда әкелді деген мәселелердің бәрін есептеуіміз керек. Мысалы, биылғы жарты жылда «Байқоңырды» жалға беруден 18 миллиард теңге бюджетімізге түсті. Өткен жылдың аяғында 12 миллиард түскен еді. Бір жылдың ішінде 30 миллиард теңге түсті. Мұның барлығы еліміздің бюджетіне түсіп, әлеуметтік-экономика саласын таратылып жатыр», — деді. Зымыран бөлшектері құлауы мүмкін деген жерлер егіндік және суармалы жер еместігін сөз еткен министр алдағы уақытта халықпен кездесуге баратындығын жеткізді. «Көктемде, жер көгергенде мал жайылады. Мамыр айынан бастап шөбі күйіп кететін, төңірегінің барлығы тұзды жер. Қазір біз сол жерді кім, қалай пайдаланатынын зерттеп жатырмыз. Бүгінгі күнге дейін ол жерді шынымен пайдаланып, ауылшаруашылыққа керек деп, біздің тараптан зиян келтіріп жатыр деген әлі ешқандай бізге хабарлама келген жоқ. Шыны керек, біз де келешекті ойлаймыз, біз де еліміз, жеріміз дейміз. Осындай мәселелерді пайдаланып, оны дауға шығарудың қажеті жоқ. Керек болса, өзім сол жерге барамын. Менің орынбасарым, вице-министр Нұрғожин сол жұмыс тобын басқаруда. Мамандарымыз сол жерді зерттеп жатыр. Содан кейін өзім барып, халықпен, ақсалдармен кездесемін, түсіндіремін», — деп түйіндеді министр.