jasqazaq.kz

«Балапан»: Ләйлә Сұлтанқызының өзі кетсе де, көзі кеткен жоқ

20 маусым 2017, 15:09

«Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты «Балапан» телеарнасын бақандай бес жыл басқарған Ләйлә Сұлтанқызы қызметінен кетті. Оның орына «Балапанды» құрып, оған алғашқы жылдары басшылық еткен Жанар Шәмел келді. Телерадиокорпорацияның Стратегиялық маркетинг департаментінің мәліметі бойынша, Жанар Шамел бала күтімінен кейін қызметіне қайта оралды. Үстірт айтыла салған бұл мәлімдеменің астарында ұзаққа созылған интрига бар. 2012 жылы бала күтіміне байланысты еңбек демалысына кеткен Жанар Шәмел екі-үш жылдан бері өзіне заң бойынша тиесілі қызметіне келе алмай жүрген. «Балапанның» директорлық қызметі ұнап қалған Ләйлә Сұлтанқызы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының бұған дейінгі басшысы Нұржан Жалауқызымен өте жақсы қарым-қатынас құрып, сеніміне кіріп алды. Өзара мүдде тоғыстырып бірігіп алған екі әйелмен ол кезде қарсыласу мүмкін емес еді. Сол себепті де Жанар Шәмел өзіне тиесілі қызметке келе алмай мысы құрып жүрген. Осы жылдың басында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының президенті қызметіне Ерлан Қарин келген соң, Жанар Шәмел өзінің қызметін қайта талап ете бастады. Оның талабы заңды болатын. Сондықтан, Ерлан Қарин арлы-берлі түлкіше бұлғақтағанымен, өзін сотқа берген жағдайда Жанар Шәмелдің талабы қанағаттандырылатынын сезіп, Ләйлә Сұлтанқызын былай ысырып тастауға мәжбүр болды.

Бүлдіршіндерге арнап құрылған «Балапан» телеарнасының сапалық жағын тым төмендетіп, нысаналы бағытын басқа жаққа бұрып жіберген Ләйлә Сұлтанқызының басшылықтан кеткенін құптайтындардың әлі қуана қоймайтыны анық. 2000-шы жылдардың басында «Шаһар» және «ХитТВ» телеарналарында продюсер болып қызмет атқарған ол 2008 жылы телеарналардан тендер ұтып, сол ақшаға телевизиялық бағдарламалар дайындайтын «KazMedia Mobile» ЖШС құрған. Отбасылық бизнеске айналған бұл фирманың күреп мол қаржы тауып, дәуірлеген кезі де Ләйлә Сұлтанқызының «Балапан» телеарнасына басшы болып келуімен байланысты. Ол «өзінің жекеменшік фирмасына тендер беретін басшы» атанбас үшін жылдамдатып «KazMedia Mobile» фирмасын інісі Бейбіт Долмахаевтің (2-суретте) атына ауыстырып жіберді. Медиа саласына монополия ауықымының кең етек жайғаны соншалықты, соңғы бес-алты жылдан бері «Балапан» телеарнасынан көрсетілетін бағдарламалардың бәрін «KazMedia Mobile» ЖШС жасап келеді.

Кез келген нәрсенің сапалы болуы нарықтағы бәсекенің жоғары болуымен байланысты. Бәсеке болмаған жерде даму да, креатив те болмайтыны заңды құбылыс. Алғашқыда бүлдіршіндер үшін арнайы жасалған телеарна нақты бағдарды орындауға сауаты жетпеген «KazMedia Mobile» фирмасының кесірінен түрлі эксперименттермен әуестеніп кетті. Эфирде қалай әнші болу, тамақ пісіру, модель болу сияқты әуейі бағдарламалар көрсетіле бастады. Мұның бәрі бүлдіршіндер аудиториясына емес, жасы үлкен жеткіншектерге арналып жасалды. Нәтижесінде «Балапанды» бүлдіршіндер көрмейтін жағдайға жетті. Қазақ тіліне аударылып көрсетілетін мултьфильмдердің де көпшілігі, балалар сериалдары да ересек жеткіншектерге бағытталды. Осылайша «Балапан» өзінің атына сай емес жағдайға жетті. Егер ересек балалардың аудиториясын қамту қажет болса, онда балалардың бұл санатына басқа телеарна ашу керектігін Ләйлә Сұлтанқызы тіпті де ұқпады.

Бүлдіршіндерге арналған бағдарламалар педагогикалық һәм психологиялық зерттеулердің нәтижесіне сүйенбейді. Мысалы, кішкентай балаларға «Өскенде кім боласың?» деген сұрақ жиі қойылады. Бұл – үлкен қателік. Әлем ғалымдарының жасаған зерттеуі бойынша, оң-солын танымаған балаға мұндай сұрақ қою оны ішкі дағдарысқа түсіріп, жанын жаралайды. Сондай-ақ, қандай да бір мамандықты жарнамалап тықпыштай берудің де салдары жаман. «Ал «Балапан» арнасы болса, бәрін әнші-биші, сәнқой-модель жасағысы келеді де тұрады. Есесіне, нанотехнологиялар, техника мен нақты кәсіп негіздері туралы алғашқы мәлімет беретін бағдарламалар атымен жоқ. Мысалы, электр тогының соққысы, сіріңкенің тұтануы, әлдебір заттың жантая құлауы сияқты балалар қауіпсіздігінің әліппесі іспетті қарапайым бағдарлама жасауға «Балапан» аяқ басқан емес. Себебі, бұл салаға толық монополия жасап алған «KazMedia Mobile» ЖШС әбден тоқмейлісіп, креативті қадамдарға баруға құлқы жоқ. Тіпті олар шетелдік бағдарламалар мен мультфильмдердің қазақша дубляжына да монополия орнатып алды. Бұл жағдай да өзінің кері әсерін беріп, бағдарламалардың сапасын төмендетіп тұр.

Шымкенттің тумасы Ләйлә Сұлтанқызы туысшыл, бауырмал, кішіпейіл, ақкөңіл болып көрінеді. Шындығында да сондай шығар. Бірақ оның бұл қаситеті де «Балапанға» кері әсерін тигізіп жүр. Мысалы, телеарнаның тапсырысы бойынша мультфильмдер дайындау ылғи шымкенттік фирмаларға беріліп келді. Қазір де телеарнада «KazMedia Mobile» фирмасы билеп-төстеп тұрғандықтан бұл үрдістің жалғаса беретіні анық. «Балапанның» үстінен қарайтын «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басшысы Ерлан Қариннің әсіре саясиланған көзқарастағы адам екенін білеміз. Соның көңілін табу үшін Ләйлә Сұлтанқызы басшылық жасайтын «Балапан» арнасы осы жылдың басынан бастап ЭКСПО-2017 көрмесін жарнамалайтын бағдарламаларды да көрсете бастады. Ол кімге керек?! Балаларға ма? Әрине, жоқ. Мұның бәрі Ләйлә Сұлтанқызының жағымпаз кішпейілдігінің жағымсыз салдарынан басқа ештеме емес.

Ләйлә Сұлтанқызының «Балапанды» билеп-төстеп алғанын мына жағдайдан да көруге болады. Мысалы, қазір оның ұлы (4-суретте) бала блогердің кейпінде «Балапанда» бағдарлама жүргізеді. Бағдарламаның сапасы сын көтермейді. Себебі, бағдарлама жүргізушісіне кастинг арқылы іріктеу жасалмағаны көрініп тұр. Егер ондай іріктеу жасалса, еліміздегі ең үздік бала блогер құқығын Англияда оқып келген журналист Әуесбайдың Қанатының ұлы немесе Мұрат Есжанның баласы жеңіп алған болар еді. Бұл екі жас талант ағылшын тіліне жетік, нанотехнологиялар жөніндегі түсінігі жоғары әрі интернетте біраздан бері жеке бологын жүргізіп келеді. Екеуінің де жасаған хабарларын балалар қызыға тамашалап жүр. Бірақ, еліміздің балаларға арналған бас телеарнасының эфирінен олар емес, Ләйлә Сұлтанқызының ұлы сөйлеп тұр…

«Балапанды» бақандай бес жыл басқарған Ләйлә Сұлтанқызына ауыл балаларының өкпесі қарақазандай шығар. Себебі, «Балапан» арнасының таралым ауқымы о бастан шектеулі болатын. Соның кесірінен «Балапан» телеарнасын көре алмайтын Қазақстанның ауыл-аймақтарында тұратын миллиондаған бала «тоқалдан туғанның» керін кешіп отыр. Осы кемістікті түзету үшін «Ел Арна» телеарнасының жиілігін «Балапанға» беру жөнінде талай рет ұсыныс айтылды. Бірақ, осы ұсыныстың жүзеге асуына Ләйлә Сұлтанқызы мұрындық болған жоқ, тіпті саусағын да қимылдатпады. Оған өзінің отбасылық «KazMedia Mobile» фирмасының мүддесі қымбат болатын. Қазір ол «Балапан» басшылығынан кеткенімен, інісі басқаратын осы фирманың мүддесін тамыр-таныстарының көмегімен жанын салып қорғаумен болады. Сондықтан, «Балапан» Ләйлә Сұлтанқызынан құтылды» деп, бөрікті аспанға лақтыру ерте, оның «өзі кетсе де, көзі кеткен жоқ».

serke.org

03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке
31 тамыз, 11:07
USAID ақыры жабылды
29 тамыз, 19:32
Шетелден ақша алатын белсенді мен блогерге жайсыз жаңалық
27 тамыз, 12:47
The Guardian: Темірлан Анарбеков «Қайратты» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне алып шықты
27 тамыз, 10:24
Жолдау-2024: «Таза Қазақстан» - кемел келешектің қайнар көзі
26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда