
Балабақша күзетшісі 4 жасар бүлдіршіндердің үстіне ыстық сұйықтық құйып, өртеп жіберді. Артынша өз-өзіне қол салды. Сондай-ақ, балаларды құтқаруға тырысқан тәрбиеші көз жұмды.
Globo басылымының хабарлауынша, қайғылы оқиға Бразилияның Минас-Жерайс штатындағы балабақшада бейсенбі күні орын алған.
Дамиан Соарес дус Сантос есімді 50 жастағы күзетші өзінің және 4 жасар бірнеше баланың үстіне ыстық сұйықтық құйып, артынша өртеген. Ал оны тоқтатуға тырысқан 43 жастағы тәрбиешінің денесі күйіп қалып, ол ауруханада көз жұмды. Қылмыскер де емханада жан тәсілім етті.
Қайғылы оқиғадан 4 жасар жеті бірдей бала көз жұмды. Тағы 43 адам зардап шекті, олардың басым бөлігі кішкентай бүлдіршіндер. Қазіргі уақытта балабақшаның 37 тәрбиеленушісі ауруханада жатыр. Қалған бесеуінің жағдайы ауыр.
Ер адамның неліктен мұндай қадамға барғаны белгісіз, оны анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Билік өкілдері 7 күн бойы қаралы күн болатынын жария етті.