jasqazaq.kz

Бала буллингке ұшарағанын қалай білуге болады?

30 қантар, 12:59

Мектеп – баланың екінші үйі, оның тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды орта. Алайда, өкініштісі сол, кейбір оқушылар үшін бұл жер қауіпсіз мекен емес. Себебі мұнда қатарластарынан жәбір көретін балалар бар. Күш көрсету, заттарын тартып алу, иығынан қағып кету, сыртынан күлу – мұның бәрі буллингтің белгілері.

Бұл құбылыстың үш негізгі қатысушысы болады:
1. Әлімжеттік жасаушы – зорлық көрсететін оқушы.
2. Жәбірленуші – буллингке ұшыраған бала.
3. Куәгерлер – оқиғаның барысын бақылап, көбіне үнсіз қалатындар.
Мамандардың айтуынша, буллингке тап болған бала тез өзгереді. Ашық-жарқын, белсенді жүрген оқушы тұйықталып, көңіл күйі жиі құбылады, ашуланшақ бола бастайды.
«Баланың жүріс-тұрысы, сөйлеуі, мінез-құлқы өзгереді. Әдетте сөйлегіш, жарқырап жүретін балаңыз тұйықталып кетуі мүмкін. Кішкентай нәрсеге ашуланып, агрессия көрсетуі ықтимал. Сондай-ақ, ата-анасымен сөйлесуден қашқақтайды, бөлмесіне кіріп алып, оңашалануға тырысады. Өзін төмен санап, «мен білмеймін», «мен қорқамын» деген сөздерді жиі қолдана бастайды,» – дейді психолог Меруерт Айталы.
Егер буллинг уақтылы тоқтатылмаса, оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Бір өкініштісі, кейбір балалар жүйелі түрде зорлыққа ұшырағаннан кейін депрессияға шалдығып, тіпті суицидке барады. Статистикаға сүйенсек, былтырдың өзінде 7 мен 17 жас аралығындағы 165 бала өз-өзіне қол жұмсаған.
Қазіргі таңда буллинг тек мектеп ішінде ғана емес, интернет кеңістігінде де өршіп тұр. Әлеуметтік желілердегі мазақ ету, қорлау, жеке ақпаратты тарату – кибербуллингтің кең таралған түрлері. Сол себепті ата-аналар балаларының интернеттегі белсенділігін бақылап, қандай контент тұтынатынын қадағалауы маңызды.
«Әлеуметтік желі – бүгінгі балалар үшін басты қауіптің бірі. Онда буллингке түрткі болатын факторлар өте көп. Сондықтан баланың қандай парақшаларды қарайтынын, кіммен араласатынын назарда ұстау қажет. Қазіргі альфа ұрпаққа бұрынғыдай бұйрық беріп, қаталдық танытып тәрбие беру мүмкін емес. Олармен тең дәрежеде, құрбысы секілді сөйлесу керек,» – дейді психолог маман.
Буллингтің алдын алу үшін ата-ана мен мектеп әкімшілігі бірлесіп әрекет етуі қажет:
* Ата-аналар баламен ашық сөйлесуі керек. Бала өзін қауіпсіз сезінуі үшін оның проблемаларына бей-жай қарамай, қолдау көрсету маңызды.
* Мектеп буллингке қарсы саясат жүргізуі қажет. Балаларға эмпатияны дамыту, мәселені диалог арқылы шешуге дағдыландыру – бұл проблеманың түбірімен күресудің бірден-бір жолы.
* Әлімжеттік көрсететін балалармен жұмыс істеу керек. Көп жағдайда олар да психологиялық қиындықтардан өтіп жатады. Оларға өз әрекеттерінің салдарын түсіндіріп, мейірімділікке баулу қажет.
Кез келген даулы жағдайды буллинг деп қабылдауға болмайды.
* Конфликт – екі жақтың өзара келіспеушілігі, бұл – табиғи құбылыс. Мысалы, балалардың орындыққа таласуы немесе сөзге келіп қалуы.
* Буллинг – бір адамға ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде қысым көрсету, қорқыту, мазақтау.
Буллинг – тек жәбірленушінің ғана емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Сондықтан оны тек жәбірленушіге көмек көрсетумен шектеуге болмайды. Мұны мектеп, ата-ана және жалпы қоғам болып бірлесе шешу — маңызды.

Олжас Әбдіхалық

Фото: aqtobegazeti.kz

16 шiлде, 15:14
Түркістан: Сайрамда 32 отбасына пәтер кілті тапсырылды
16 шiлде, 14:52
Түркістан: Өндіріс орындарын көбейту - күн тәртібінде
16 шiлде, 14:40
Түркістан: Шетелдік туристер саны екі есе артты
16 шiлде, 14:25
Түркістан: Төлеби ауданында тігін цехының жұмысы жолға қойылған
16 шiлде, 11:17
Түркістан: Түрік инвесторы зауыт салады
16 шiлде, 10:28
Медеу ауданында 4 мыңнан астам жаңа оқушы орны ашылады
15 шiлде, 10:47
Үлгі бойынша демократия: Неліктен батыс рейтингтерін объективті деп тануға болмайды?
14 шiлде, 18:13
Түркістан: Түлкібаста кәсіпкер экотуризмді дамытуға арналған жобаға кірісті
14 шiлде, 18:10
Түркістан: Саурандағы өндірістік аймақтардың жұмысы сараланды