Балқаш тұрғыны полицейге бірге тұратын мас адамды бергісі келмей, ішкі істер органының қызметкерін теуіп, оның погонын жұлып алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Полиция қызметкерлері шартты сотталушының тұрғылықты мекенжайын тексеру үшін пәтерге келген. Ол Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті пробация қызметіне кезекті рет белгілену үшін келмеген. Полицейлер есепте тұрған тұлға белгіленбеген жағдайда оның қандай да бір қылмыс жасауына жол бермес үшін оны тіркелген жері бойынша тексеруге міндетті. Сотталушы полицейлерді мас күйінде қарсы алған. Полицейлер одан есеп беру тәртібін бұзуды тіркеу үшін полиция бөліміне баруды өтінгенде, онымен бірге тұратын әйел полиция қызметкерімен төбелескен. Ол қызметтік тұлғаны теуіп, погондарын жұлып алған. «Айыпкер ҚР ҚК 380-бабы бойынша билік өкіліне күш көрсеткені үшін айыпты деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды», — деп хабарлады Балқаш қалалық сотында.