jasqazaq.kz

Бақытжан Омашев: «Бәріне ортақ журналистика» спортпен айналысуыма жол ашты

25 қантар 2024, 14:27

Бочча — елімізде енді өркен жайып, қанаттанып келе жатқан спорт түрі. Тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған спорт түрімен шұғылданатын спортшының бірі – Бақытжан Омашев. Бүгінгі күнде ол — бочча спортынан құраманың мүшесі. Jas Qazaq пен «Шеврон» компаниясының бірлесіп ұйымдастырған «Бәріне ортақ журналистика» жобасына қатысқан Бақытжан бала күнінен спортқа жақын болып есейді. Біз Бақытжаннан бұл спорт түріне қалай келгенін сұрадық.

Бәріне ортақ журналистика

– Бочча спортына қалай келдің?

– Өзіңіз білесіз, 2021 жылы «Jas Qazaq» газеті ұйымдастырған «Бәріне ортақ журналистика» курсына қатысқанда бұл менің спортпен шұғылдануыма да түрткі болды. 2022 жылы ДЦП-ның ауыр түрімен сырқаттанған досым хабарласып, елімізде осындай спорт түрі бар екенін айтты. Сосын ғаламтордан іздеп, зерттеп көрдім.

– Сонда бұл спорттың шарты қандай?

– Шарты да, ойнау ережесі де соншалықты күрделі емес. Десе де, өте епті болуың керек. Тірек-қимыл аппараты бұзылған жандардың ойыны саналатын, 1984 жылдан бастап паралимпиада ойындарының санатына енген спорт түрі болғандықтан, әлемде кеңінен танымал. Ойнаудың шарты да қарапайым. Әр түсті 12 доп беріледі. Одан басқа тағы 1 доп болады. Алдымен соны лақтырасың да, қалған допты соған қарай сілтейсің. Маңына жақындап баруы керек қалған доптарың. Жаңа айттым ғой, 1984 жылдан бастап паралимпиада ойындарына енген спорт 2018 жылдан бастап елімізде кеңінен дамып, жарыстар өткізіле бастады. Әсіресе, балалар мен жастар арасында кең таралып келе жатқаны, оған қызығушылардың қатары артқаны қуантады.

– Қандай халықаралық сайыстарға қатыстың?

– Ресей мен Польшада өткен халықаралық турнирлерге барып келдім. Жүлде бұйырмады бірақ. Дегенмен де бар зейінімді осы спортқа арнап жаттығуды күшейтіп жатырмын. Ендігі мақсатым – Паралимпиада ойындарына қатысып, еліміздің мерейін асыру.

– Ұлттық құрама мүшелігіне қабылдандың, халықаралық сайыстарға да қатысып жүрсің. Ұнай ма осы спорт түрі?

– Әрине, алғашында қалай болар екен, меңгеріп кете алам ба деген уайым болғаны рас. Бірақ бочча спортының қыр-сырын білген соң өзіне қызықтырып, тартып әкетті. Бұған дейін жаттығу залына барып темір көтеріп, күшімді нығайтушы едім. Енді қазір боччамен айналысып, аптасына бес күн жаттығу өткіземіз.

– Осы спорт түрі қалай дамып жатыр?

– Менің білуімше, боччадан Қазақстандағы алғашқы үйірме Астана қаласында ашылды. Арбада отырған ДЦП, аутизм, даун сиондромына шалдыққан адамдар ойнайтын спорт түрін игеру үшін ерік-жігер қажет. Балаларын осы спорт түріне беруді қалаған ата-аналардың да қатары артып келе жатқаны қуантады. Спортшылардың қатары көбейсе, соңымыздан ерген жастар өсіп шықса, бәсекелестік артады. Бәсеке болған жерде даму, өсу болады. Спортпен кәсіби шұғылданып, боччаны серік еткелі өмірге деген құштарлығым, ерік-жігерім күшейді. Осы ретте «Jas Qazaq» газеті ұйымдастырған «Бәріне ортақ журналистика» курсына қатысып, көпшілікпен араласуды үйреткеніне, өзімнің ой-пікірімді еркін жеткізуіме септігін тигізгеніне разылығымды білдіремін. Курсқа қатысқанға дейін ұяң, тұйық, көпшілік арасында сөйлеуге қысылатын едім. Менің осы шектеуімді жойғаны үшін разымын. Спортты да тұрақты серік етіп шұғылдануыма пайдасы тиді. Өзім секілді тағдырдың сынағына тап болған ғаріп жандарға айтарым, өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ. Адамның қабілеті барлығын да жасай алады, тек сенім мен ынта-жігер қажет.

— Әңгімеңе рахмет, Бақытжан. Алған бетіңнен қайтпа!

Сұхбаттасқан Қуаныш Көшек

Суреттер Қазақстан бочча федерациясынан алынды

04 ақпан, 14:17
Бала - ерлі-зайыптының кек алу құралы емес
31 қантар, 10:23
Егемендік пен аумақтық тұтастық Конституция жобасында өзгермейтін құндылық ретінде бекітіледі
30 қантар, 18:33
Конституциялық комиссия жаңа Конституцияның бірінші жобасын дайындады
28 қантар, 15:13
Президент: Қара басының қамы үшін заңды бизнесті тоқтату тәжірибесі әлі де бар
27 қантар, 17:54
"Бензин безгегі» келмеске кетіп барады
27 қантар, 15:00
Моншадан мектеп ашып, мемлекеттен қаржы алып отырған (Видео)
24 қантар, 15:09
Ержан Жиенбаев: Халық Кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын орындауды жалғастырады
23 қантар, 19:56
Көмірді кәдеге жарату немесе энергетикалық тәуелсіздік
23 қантар, 15:48
Көздегені пайда, білім сапасы қайда!?