«Аман рух-Аман келешек!» Міне, осындай ұранмен жастардың басын біріктірген фестиваль биыл да өз жалғасын тапты. Дәстүрге айналған бұл шара биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған еліміздің түкпір- түкпірінен коррекциялық мектеп- интернатының, балалар үйі мен орта білім беру мектебінің 3000-нан астам бала қатысты.
«Аман келешек» жобасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры қолдауымен ұйымдастырылды. Мұнда қоғамда және бүкіл әлемде талқыланатын балалардың мүддеcі мен қызығушылығы ескеріледі. Соған орай ұйымдастырушылар тақырып белгілейді. Жобаның басты ерекшелігі – балаларды жаңа технология тылсымына бойлатып, шексіз ғарыш әлеміне самғату. Онда 8 тақырыптық алаңға бөлініп, әрбірі күн сәулесі жүйесінің белгілі ғаламшарының атауынан тұрады. Шара шеберлер шеруінен басталды. Көрермендерге мінберден отшашу шоу көрсетіліп, «Аман келешек» әнұраны шырқалды.
Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов «Бұл фестиваль- жастарымызға болашақта керемет тәрбие беріп, олардың білімді, ілімді болып шығуына ықпалы зор. Мұндай шара елімізде жиі болып тұруы керек. Елбасымыз айтқандай, «Болашақ жастардың қолында» — дей отырып, қатысушыларға өз құттықтауын жеткізді.
Дәстүр бойынша холи бояуын шашу флешмобы өтіп, белгіленген тақырып бойынша аумақ бір күнге күн сәулесі жүйесіне айналды. Қордың атқарушы директоры Қанат Жұмабаев «Аман келешек» фестивалі – жыл сайынғы спорттың, денсаулықтың және шығармашылықтың мерекесі. Тұңғыш Президент Қоры осы жобамен денсаулығы мықты, көп қырлы жастарды қалыптастыруға өз үлесін қосуға тырысады», – деді.
Сондай-ақ, алаңға радиостанса байланысын іске қосыпты. Оның арқасында қатысушылар әлемдегі барлық достарымен әңгімелесе алды. Бұған қоса, өңірлерден келген қатысушыларға арналған 3 көшпелі алаң жұмыс істеді. Осылайша балалар бір күнде түрлі қызыққа малынды. Өзінің қоғамдағы орны мен қаншалықты қажет екенін сезінді. Еліміз «Аман келешекке» айналу үшін, жастарымызбен санасып, қалауын тыңдап, ойын елесек болғаны.
Салтанат Шырынхан