Ақтөбе облысының тұрғыны Абат Кужбанов бұрынғы әйелін ұрлап кетіп, істі болды. Сот 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Абат Кужбанов әйелінен ажырасып кетіп, екі қызына уақытылы алимент төлеп тұрған. Бұрынғы әйелі алимент алғанымен қыздары мен әкесін кездестірмеген. Іс материалына сүйенсек, айыпталушы бұрынғы әйелінің ізіне түсіп, кейін оны күштеп көлікке мінгізіп, алып кеткен. Бірнеше сағат бойы әйелімен сөйлесіп, оны райынан қайтара алмаған айыпталушы ұрып-соққан. Ол кезде көлік қала сыртына шығып, қиыршық тас карьерлерінің жанына барған. Далада ешкімнен көмек сұрай алмаған жәбірленуші кейін арыз жазды. Қылмыстық кодекстің «Адам ұрлау» бабы бойынша іс қозғалды.
Айта кетейік, сот отырысы кезінде жәбірленуші бұрынғы күйеуіне кешірім беріп, қылмыстық істі жабуды сұрады. Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Илиада Досованың айтуынша, айыпталушы Абат Кужбановқа адам ұрлау дерегі бойынша 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.