jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Бүгін 50 $, ертең?

27 мамыр 2016, 17:50
275

12276

Кеше Лондонда Brent маркалы мұнайдың бағасы биыл бірінші 50 доллардан асты. Нақтырақ айтсақ, 50 доллар 11 цент. Бірақ бизнес әлемі бөркін аспанға атып қуанған жоқ. Соңғы кездері мынадай факторлардың ықпал еткенін біледі.

1. Канададағы жойқын өрт. Тәулігіне 1 млн баррель «қара алтын» беретін Альберта провинциясы жалынға оранып, ірі компаниялар жұмысын тоқтатты. 2. Нигериядағы тұрақсыздық. Осы айдың басында содырлар елдегі мұнай құбырларын жарып жіберіп, күнделікті өндіріс көлемі 0,5 млн баррельге азайды. 3. ОПЕК-ке мүше кейбір елдер жер астынан қара май алу қарқынын бәсеңдетті. Соның нәтижесінде биылғы алғашқы тоқсанда әлемдегі күнделікті өндіріс көлемі 96,43 млн баррельге дейін кеміді. Былтыр жылдың төртінші тоқсанында бұл көрсеткіш 97,23 млн баррель еді. Үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында «қара алтын» құны аздап қымбаттауы ықтимал. Себебі сұраныс ұсынысты еңсеріп тұр. Мұнай мамандары мұны уақытша құбылыс деп бағалайды. Жоғарыда келтірілген факторлардың уақытша құбылыс екені әркімге белгілі. Оның үстіне тақтатас (сланец) мұнайын өндіретін американдық компаниялар бағаның қымбаттауын күтіп отыр.
Бағаның өсуі – қазынасы «қара алтынға» қарап тұрған елдерге көкжиектен көрінген тәтті үміт. Ресей үкіметінің басшысы Д.Медведев Қырымдағы ашулы зейнеткерге шынын айтты. «Қазір ақша жоқ. Ақша тапсақ, зейнетақыны көбейтеміз». Басқа емес, арзан мұнай терістік көршіміздің адуынды арынын тежеді. Шикізатқа қараған елдің келешегі күңгірт екенін түсінуге мәжбүр етті. Кремль бұрынғы қаржы министрі А.Кудрин арқылы экономиканы дамытудың баламалы жолын іздеуге кірісті. Қандай салаға басымдық берілуі тиіс? Әзірге нақты байлам жоқ. Бұрынғы сарынмен ақша басатын станокты тоқтатпауды ұсынған В.Путиннің сөзі өтімді кеңесшілері де бар. Енді бірі АҚШ-тың үлгісімен шетелдегі ғалымдарды шақырып, көп ақшамен солардың еңбегін пайдалану қажет деген пікірде. Айта кету керек, жақында жыл басынан бері жалақысыз жүрген алматылық жас ғалымдардың Германия мен Ресейге кетуге бел байлағанын жаздық. Бар жағдайды жасап береміз депті. Біздегі ғылым министрлігінің олармен шаруасы да жоқ.
Биржадағы жағымды жаңалық бюджетте мұнай баррелін 30 доллар деп есептеген біздің үкіметті де қуантары анық. Бірақ құры шикізатқа сеніп, арқаны кеңге салуға, мамыражай тіршілікпен қайта қауышуға болмайтынын болашақ экономист – студент те біледі.
Біздіңше, үкімет сол мұнайдан түскен ақшаға сырттан сатып алатын, айтыла-айтыла жауыр болған азық-түлік өнімдері, киім-кешек, мұнай-химия өнімдері сияқты күнделікті тұтыну тауарларын өзімізде өндіруді қолға алуы тиіс. Әйтпесе, биржаның қас-қабағын аңдып жүргеніміз жүрген. Міне, бір аптадан бері әлеуметтік желіде Өзбекстанда газ өңдеу кешені пайдалануға берілгені, енді полиэтиленді ала шапанды ағайыннан сатып аламыз деген әңгіме қызып жатыр. Әйдік кешен төрт жылда 4 млрд долларға салыныпты. Ал біз қанша жылдан бері төртінші мұнай өңдеу зауытын салу керек деп жүрміз…

 

IMG_8003 (копия)

Срайыл Смайыл

30 қыркүйек, 10:06
Дәрігер жазасын жеңілдету дұрыс па?
23 қыркүйек, 11:38
Әпкем, жездем және мен
23 қыркүйек, 11:29
Бәріне «мәһір» кінәлі ме?
23 қыркүйек, 11:27
Бағы ашылмаған әйел
23 қыркүйек, 11:23
Ораға, Жұмаға, Нұраға немесе сексеннің сеңгіріндегі баспасөз серкелері туралы мөлтек сыр
23 қыркүйек, 11:13
Жаһандық қауіпсіздік парадигмасы
23 қыркүйек, 11:09
«Май шелпек» кімнің есебінен?
23 қыркүйек, 11:07
Бізді үй кезегіне қоймады!