ШҚО-да пошта бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарған әйел көпбалалы аналардың жәрдемақысын өзі алып отырған, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі YK-news.kz-ке сілтеме жасап.
Өткен жылы 25 жастағы Қазпочтаның қызметкері қаладағы пошта бөлімінің уақытша басшысы болып тағайындалады. Оның міндетіне зейнетақы мен жәрдемақы төлеу кірген.
Ол үш әйелдің әлеуметтік бағдарлама бойынша жәрдемақы алмағанын көріп, ол ақшаны өзі алмақшы болады. Келіншек ақшаны дербес шоттан шешіп, қолды өзі қоя салған. Бірақ бұл құйтырқы әрекеті әшкере болғанда, кінәсін бірден мойындап, тергеуге көмектесті.
Заң бойынша әйелді он жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған екен. Бірақ айыпталушы мемлекеттік айып тағушымен процесуалдық келісімге келіп, екі жақ бес жылдық мерзімге келіседі. Үкім шығарар кезде әйелдің аяғы ауыр болған, оның тағы бір баласы бары ескеріліп, жаза бес жылға қысқартылды. Сот шешімі әлі заңды күшіне енбеді.