Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы Тбилиси (Грузия) қаласында өткен Гиви Картозия мен Вахтанг Балавадзе атындағы Гран-при турнирінен бес медаль олжалап қайтты.
Біздің қанжығамызда екі алтын, бір күміс, екі қола медаль бар, деп хабарлады Sports.kz. Жарысқа Қазақстан, Грузия, Иран, Түркия, АҚШ, Армения, Норвегия, Венгрия спортшылары қатысты. 59 келіге дейінгі салмақ санатындағы Мейрамбек Айнағұлов өз қарсыластарының барлығын жеңіп, турнир жеңімпазы атанды. Бірінші жарыста ол түрік, одан кейін грузин палуанын ұтты. Жартылай финалда ол түрік палуанымен қайта кездесіп, оны жеңді. Ақтық сайыста норвегиялық Стиг Андре Бергимен белдескен ол, «алтынға» қол жеткізді. 33 жастағы норвегиялық өткен жылы Риодағы Олимпиадада қола жүлдегер атанған болатын. Сондай-ақ 66 келіге дейінгі салмақта Данияр Қаленов чемпион атанды. Финалда ол АҚШ палуанын жеңді.