Аттандық сапарға көңілде мол арман,
Аттандық сапарға тосады жол алдан.
Қоштасар кез келді қиялдай барамыз,
Достарым сіздерді қия алмай барамыз.
Осыдан бірнеше жыл бұрын дәл осы ән шырқалып, мектеп табалдырығынан түлеп ұшқан едік . Міне, сол күй, сол бір кеудені кернеген көңілдегі қимастық сезім бүгін екінші рет қайталанып отыр. Бұл жолы да үлкен өмірге, баянды болашаққа, соқпағы көп сапарға аттанғалы жатқанымызды еске салды. Жүректегі тебіреніс көзге еріксіз жас әкеліп, көңілдегі қуаныш пен қоса, қорқыныш сезімі де сананы билегендей. Себебі балалығымыз бен шалалығымыз, еркелігімізбен жасаған ісіміз енді кешірілмейді. Студенттік шағымыздың бал дәурені, қайғысыз, қамсыз сәттеріміз санаулы күндерден соң аяқталмақ. Біздің университет қабырғасынан түлеп ұшқан күніміз 27 мамырға тұспа-тұс келді. Дәл осы күні Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Түлектер күні» аталып өтті. Барлық түлектер «Мәңгілік ел» қақпасының жанына жиналды. Басқосуға әр жылдардағы оқу бітірушілер, сағыныш сезімін арқалай келіпті. Арасында 50 жыл бұрын бітірген шәкірттер бар. Олар ұзақ жылдардан соң ыстық ұясымен қауышып, студенттік кездері мен жастық шақтарына саяхат жасады.
Оқу ордасын әр жылдары бітірген үлкен-кіші барлық түлектер Әбу Насыр Әл Фарабидің ескерткіші мен Өмірбек Жолдасбеков монументіне гүл шоғын қойып, ары қарай салтанатты мереке студенттер сарайында жалғасты. Жиын барысында ALMA- MATER жайында түсірілген қысқа метражды фильмді көрерменге ұсыну арқылы «қара шаңырақтың» әр жылдардағы даму көрсеткішін, жетістігін көрсетті. Бұдан бөлек, биыл «ҚазҰУ түлектер қауымдастығының» құрылғанына 15 жыл толып отыр.
Осы орайда алғашқы сөзді университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов өзінің құттықтау сөзімен бастады:
«Әр жоғары оқу орнының атқарып жатқан жұмысының айқын көрсеткіші – ол түлектері. Түлектерінің жеткен жетістігі. Сол тұрғыдан алып қарағанда, біздің университет өз түлектерімен мақтана алады. Олар өздерінің жеткен жетістігімен университетімізді ғана емес, бүкіл елімізді әлемге танытып жүр. Адам өміріндегі ең қызықты кезең, ол – әрине, студенттік шақ. Бүгін мінеки, Түлектер күні аясында бір-бірімізбен қайта қауышып отырмыз. Дегенмен, бүгінгі кездесудің мәні тек жүздесу ғана емес. Алдымызда тұрған келелі мәселелерді шешіп, болашаққа жоспар құруда сіздердің сындарлы пікірлеріңіз бізге өте қажет. Биыл қатарларыңыз 5 мыңға тарта жаңа түлектермен толықты. Мұсылман тілімен айтқанда, университеттің уммасы жасалып жатыр. Біз өзімізді алдағы уақытта ҚазҰУ-дың үмбеттеріміз деп санауымыз керек» – деп сөзін аяқтады.
Кездесу аясында «ҚазҰУ түлектері қауымдастығының» есебі тыңдалды. Ректор оқу ордасын бітіріп кеткен меценаттарды, « Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады. Алдыңғы буын түлектер 15 факультеттің ең үздік студенттеріне шәкіртақы тағайындап, кафедраларға бағалы сыйлық табыстады. Марапаттау соңында барлық қонақтар университет студенттері дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. Содан кейін жиырма, отыз, қырық, тіпті елу жылдықтарына жиылған түлектер өз факультеттеріне қарай бет алып жатты. Сол сәтте суретке түсіп тұрған бір топ үлкен кісілерді көзім шалып, жандарына жақындадым. Тарих және археология, этнология факультетінің түлектері екен. Биыл оларға ҚазҰУ түлегі деген атақты арқалап жүргендеріне – 30 жыл болыпты. «Өз мамандығыңыз бойынша жұмыс істеп жүрсіздер ме?» – деп сұрақты төтесінен қойдым. Олар «Әрине, біздің факультетіміздің профессоры деген деңгейіне дейін жеткен Бибизия апайың бар» – деді сонда тұрған бір кісі. Ойымды жинақтап, барынша әңгімеге тартуға тырыстым. Бибизия апайдың айтуы бойынша, өзінің шәкірттері де осында жүр екен. Ұлттық университетті бітіргендеріне 10 жыл болыпты. Сонымен қатар «50 жыл бұрын бітіріп кеткендер де келіп, тіпті бізге сабақ берген ұстаздарымызбен де қауыштық» – дейді.
Бибизия Қалшабаева,
тарих және археология факультетінің 30 жыл бұрынғы түлегі:
«ҚазҰУ жолдамасы бойынша алғашында Орал қаласындағы Пушкин атындағы педагогикалық университетте оқытушы болдым. Содан 1990 жылы өз оқу ордама қайта келіп, жұмысымды осында жалғастырдым. Содан бері міне, оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессорлық дәрежеге дейін көтерілдім. Бүгін менде өз қатарластарымды көріп, бір марқайып қалдым. Жыл сайын ұйымдастырылып жүрген осы бір «Түлектер күнін» жақсы көремін. Яғни көптеген жылдар бұрын бітіріп кеткен киелі шаңырақ шәкірттері бүтіндей бас қосқаны үлкен мереке болып тойланады. Сағынышқа айналған білім ошағын қайта көруге үлкен мүмкіндік деуге болады. Ал менің бүкіл өмірім тікелей осы университетпен байланысты. Бүгінгі таңда өзім біліммен сусындап, тәлім-тәрбие алған ұлттық университетімде өзім де шәкірт тәрбиелеп, бар білгеніммен, оқыған- тоқығанымды соларға жұмсап жатырмын. Біздің кездегі студенттер мен қазіргі студенттер арасында үлкен айырмашылық бар. Оған дамыған технология, интернет дәлел. Осында қалуыма өзімнің білім ордама деген ыстық махаббатым себеп болды деп ойлаймын. Өйткені, бұл – теңдесіз университет. Басқа жоғары оқу орындарымен салыстыруға келмейді. Әрдайым жоғары қоятын мен ғана емес. Бұл өз-өзін дәлелдеп қойған «қарашаңырақ» болып табылады» – деп өз сөзін аяқтады.
Жолшыбай мен де өз факультетіме келе жатып, қарт түлектерді байқап қалдым. Оларды да сөзге тартып көргім келді. Өзім ойлағандай, филология факультетінің 50 жыл бұрынғы бітірген университет шәкірттері екен. Талай жыл журналистика саласында еңбек еткен әріптес аға, ардагер журналист Қоянбек Ахметов деген кісі бар екен арасында. Жанындағы ақ-сары жүзді кісі Жазушылар одағындағы «Балалар әдебиеті кеңесінің» жетекшісі Сұлтан Қалиев болып шықты. Олармен де әңгімеміз бірден жарасып кетті. Бәрін барынша баяндады.
Коянбек Ахметов,
филология факультетінің 1967 жылғы түлегі.
«Мен ардагер журналистпін. Осы ҚазҰУ-дың филология факультетін тәмамдадым. Кезінде Жүргенов атындағы өнер академиясының корпусында оқып, бітіргенбіз. Мұнда 1984 жылы ауысты. Мен де өз мамандығымның қайнаған ортасында қызмет жасадым. Жалпы оқуымды аяқтаған соң телевизияда жаңалықтар бөлімінде шығарушы редактор, аға редактор қызметін атқардым. Талдықорған облысында 3 жыл тілші болдым. Одан кейін 1974 пен 1998 жылдар аралығында осы ҚазҰУ-да аға оқытушы болып, тележурналистерді дайындадым. Ұлықбек Есдәулет сынды журналист ағайларыңнын барлығы менің қолымнан шыққан шәкірттерім.
«Мен Қоянбек болсам, «көжектерім» өте көп» – деп күліп алды. «Шәкірттеріме және қазіргі жастарға қарап отырып, жастық – шағымды, заманымды, достарымды сағынамын. Әр адамның ең керемет шағы ол студенттік күндері деп айтып жатамыз. Бізде де солай. ҚазҰУ-дың бізге сіңірген жақсылығы өте көп. Ең басты үйреткені біреуден не аламын деп емес, қазақ еліме, жұртыма, оқу ордама не беремін деп өмір сүру қажет екенін санамызға құю арқылы , терең түсіндіре алды. Міне, соның арқасында осы күнге, биік деңгейге жетіп отырмыз» – дейді ардагер журналист.
Сұлтан Қалиев,
филология факультетінің 1967 жылғы түлегі, ардагер журналист:
«Мен бала күнімнен басқа селодан алыс мектепке барып оқыдым. Педучилищеден соң 1967 жылы осы ҚазҰУ-ды аяқтадым.Студенттік кездерімді қатты сағынамын. Бізге бұл қара шаңырақтың берген білімі өте зор. Бір жақты ғана қалып қоймай, жан-жақты дамуымызға да мол мүмкіндік жасады. Осы оқу ордамнан алған мол білімімнің арқасында «Балдырған» журналының жауапты хатшысы қызметін атқарып, «Ұлан» газетін басқардым. Қазіргі таңда Жазушылар одағында «Балалар әдебиеті» кеңесінің төрағасымын. Бұл салаға әуес болғаным, жастайымнан балалар жанында жүріп, сабақ беріп, олар жайында жазылған жырларым себеп. Уақыттың зымырағаны соншалық, біздің бітіргенімізге де 50 жыл толыпты. Баяғы көз алдымызға қалған сол ҚазҰУ бүгінде сол қалпында ыстық. Тек жақсы жағына қарай дамуда. Көптеген ғимарат салынып, аумағы кеңейіп, құдды бір саябақ ішінде жүргендей күй кештік. ҚазҰУ-ға айтар тілегім: «Қарыштап дами берсін. Ал студенттер осы жасалған барлық мүмкіндікті өз мүддесіне жарата алса екен дегім келеді».
Өз факультетім – журналистердің алтын ұясына келдім. Деканымыз Сағатбек Медеубекұлы жиналыс ашып жатыр екен. Жиынға 20 жылдық түлектердің бірқатары келіпті. Журналистика факультетінің 1997 жылғы бітірген шәкірттері ішінен Ахмет Аляз сөз сөйледі. Ол өзінің Түркиядан гөрі ғұмырының көп бөлігі Қазақ елінде өткенін және бақытты шақтары осы елмен байланысты екенін айтты. Сондай-ақ ол академик, профессор, журналист, ғалым Темірбек Қожакеевтің – ең сүйікті шәкіртінің бірі болғанын жеткізді. Курстастарымен түрлі қызықты сәттерін де баяндады. Десек те, бүгінгі таңда ол университетке деген сағынышын осында келіп, сабақ беру арқылы басатынын жасырмады.
Ахмет Алияз,
журналистика факультетінің 1997 жылғы түлегі, қазақ-түрік кәсіпкерлер одағының бас хатшысы:
«Мен Қазақстанға 1992 жылы келдім. Түркиядан келген ең алғашқы 10 студент баланың бірі менмін. Жылдық дайындық курсын оқып, 1993 жылы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түстім. Студент кезімнен бастап, телеарналық бағдарламалар мен газет- журналға араласып, материал шығарып, өзімді осы салада жетілдіруге тырыстым. Оқуды бітірмей тұрып, 1996 жылы «Қазақстан Заман» газетіндегі (Заман Қазақстан) өзім ашқан «Атақтылардың ақырғы күндері » деген айдарды жүргіздім. Оқуымды аяқтап, сол газетке ресми түрде жұмысқа қабылдандым. Ол жерде 10 жылдан астам уақыт қызмет еттім. Бастапқыда жай ғана журналист болып жүріп, 2004 жылы бас директор қызметін атқардым. Оның алдында жауаты хатшы, бас директордың орынбасары болдым. Ал 2014 жылдан бастап, қазақ-түрік кәсіпкерлер одағының бас хатшылық қызметін атқарамын. Дегенмен газеттен де әліге дейін қол үзбедім, «Қазақстан Заман» газетінің құрылтайшысымын. Осы уақыт аралығында Түркия мен Қазақстан арасындағы байланыстардың күшеюіне, журналистиканың және ғылыми саланың дамуына өз үлесімді қосып жүрмін деген ойдамын. 2013 жылы ауыз әдебиеті бойынша кандидаттық жұмысымды қорғап, Осы ҚазҰУ-да ара- арасында келіп, сабақ беріп тұрамын. Мен бұл өзім бітірген киелі ордамнан өмірлік ұстаным, мол тәлім-тәрбие, шексіз білім алдым . Сол алған білімімді, бүгінде өзімнен кейінгі талапкерлерге беруге, үйретуге тырысып жатырмын. Өздеріңіз көргендей, бұл ҚазҰУ әлемдегі ең үздік 300 университеттің қатарына кіріп, еліміз бойынша оқ бойы озық келе жатқан орда. Жылдан-жылға беделі артып келе жатыр. Бұйырса, дүниежүзіндегі ондықтың қатарына кірсе екен деп тілеймін. Міне, көзді ашып жұмғанша, оқу бітіргенімізге де 20 жыл болыпты. Әрдайым ҚазҰУ-ға айтар алғысым шексіз» деп сөзін түйіндеді.
Жиналыс бітті. Сыртқа шықтық. Түлектер кете қоймапты. Ректорат алдында басқа факультетте оқитын құрбымды көріп қалдым. Жұмысымды жүйелеу үшін осы қыздың сөзімен аяқтайын деп ойладым. Ол да биылғы бітіруші түлек. «Биология және биотехнология» факультетінің 4-курс студенті. ҚазҰУ-ға оны бала арманы жетелеп келіпті. Мерей Асанова «Қай ортада жүрсем де ҚазҰУ студенті деген ат ерекше әсер етіп, бойымды мақтаныш сезімі билеп, мойынымда үлкен жауапкершіліктің тұрғанын еске салады» – деді.
Мерей Асанова,
ҚазҰУ-дың биылғы түлегі:
– ҚазҰУ-да білім беру сапасы басқа университеттермен салыстырғанда жоғары дәрежеде деуге негіз бар. Себебі қара шаңырағымыздағы шәкірттердің білім алуы мен ғылыми жұмыстармен айналысуға барлық жағдай жасалған және де осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біз еліміздің көшбасшы студенттеріне айнала аламыз. Бұйырса, оқуымды тәмамдағаннан соң өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін. Мұғалім боламын деп балалық шағымда мақсат қойған болатынмын. Қазіргі таңда сол мақсатыма жету жолында қажетті білім қорымды кеңейтіп, өзім қалаған жолымда адаспай келе жатырмын. Бұл университет маған сарқылмас білім мен таусылмас тағлым берді. Бір үйдің баласындай болып ,4 жылымызды бірге өткізген мәңгілік достар сыйлады. Ең маңыздысы – қызығы мен шыжығы мол студенттік жылдарды тарту етті. Болашақта ҚазҰУ-ды әлемдік деңгейде танытып, бүгінгі келген түлектеріміз сияқты университет мақтанышы болып оралғым келеді.
Шынында, ҚазҰУ түлектерінің дені мақтауға тұрарлық! Олар – өз мамандығының білікті маманы. Замана көшбасшылары.
Салтанат Шырынхан,
ҚазҰУ 4-курс студенті