«Медиация — билер институтының жалғасы. Яғни, өзара бітімгершіліктің заманауи жаңғырған түрі. Бұл тәсіл ең алдымен, қос тарапқа да тиімділігімен ерекшеленеді. Себебі, дауласқан тараптар ортақ мәмілеге келіп, тиімді шешім қабылдай алады» деді Президент Әкімшілігі жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің медиация секторының меңгерушісі Жанар Жолдасбайқызы Атырау облысының Исатай ауданында өткен семинар-тренингте.
Семинарға қатысушылар «күнделікті өмірге ауадай қажет медиация әдісі туралы насихаттар видеороликтер арқылы да жүргізілсе, қоғамдық санада қозғау болар еді» деген пікірлерін білдірді.
Халық батыры атындағы ауданда өткен тренингке тұрғындармен бірге, жергілікті деңгейдегі қоғамдық келісім кеңесі, аналар кеңесінің төрағалары мен мүшелері, ауыл, кент округтерінің әкімдері қатысты. Айта кетелік, шараны Атырау облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырды.
Өз тілшіміз